Табиғатпен ұштасу

Астананың орталық саябағындағы шаңғы роллері тасжолында «Табиғатпен ұштасу» атты отбасылық эстафета өтті.

«Табиғатпен ұштасу» деп аты айтып тұрғандай, табиғат аясында, таза ауада, аппақ мамыққа оранған далада шаңғымен жарыса өнер көрсету – адам жанын жадыратып, рақатқа бөлейтіні анық. Табиғат-Ана – күллі тіршілік атаулының қасиетті мекені, туған өлкесі. Сондықтан табиғатпен етене тіршілік кешу, оны қорғау және табиғат аясында қоршаған ортаның сан алуан игілігін сезіне білу саналы адам үшін қастерлі де. Табиғат аясында демала білу, оны қорғай алу мәдениет десек, адам денсаулығы мен ішкі жан дүниесінің тыныштығын Табиғат-Анамен ұштастыра білу өнер. Күнделікті өмірде қайталап айта беретін экологиялық мәдениет пен экосана туралы ұғым әдетте саламатты өмір салтына баулитын спорттық жарыстар мен спорттық түрлі іс-шара арқылы қалыптасады. Ал жекелеген адам және тұтас отбасын жұмылдыру арқылы қоғамды табиғатты аялауға, қоршаған орта тазалығын сақтауға және табиғатпен үндесе таза ауада ойын ойнап, демала білуге дағдыландырудың жөні бөлек.   Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафетаның мақ­саты – отбасылық байла­ныс­ты нығайту және қатысушыларды та­биғатпен белсенді өзара әре­кет­тесе білуге баулу, балалар мен ере­сектердің бойында қоршаған әлем­ге құрмет ұғымын қалып­тас­тыру, табиғатқа жауапкершілікпен қа­рауды, қоршаған ортаны қор­ғау­ды үйрету және экосана мен эко­мәдениеттің қалыптасуына үлес қосу.

– Отбасылық эстафета Пре­зи­дентіміздің бастауымен «Таза Қа­зақстан» экологиялық ак­ция­сын қолдау мақсатында өткізілді. Отан – отбасынан басталады. Әр­бір жас бала өзінің ата-ана­сы­на қарап үлгі алатындықтан, іс-шараның тәрбиелік мәні зор. Осы эстафетаның арқасында қа­ты­сушылар тазалық сақтаудың маңыздылығын түсінеді деп ой­лай­мын. Қыс мезгілінде осындай эс­тафеталарды өткізудің өзіндік ерек­шелігі бар. Таза ауада қыстың суы­ғына қарамастан, спорттық іс-шараға қатысудың өзі ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан «Шаң­­­ғы роллер» тасжолын таңдадық. Бұл жер өте керемет. Біз мұнымен тоқ­тап қалмаймыз. Әлі де көп­теген турнир мен жарыс өткізіп, Астанамыздың спорт мәдениетін көтеруге атсалысамыз, – деді Ас­та­на қаласы әкімдігінің «Спорт­тық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорт­тық-бұқаралық іс-шараларды жос­парлау бөлімінің басшысы Көл­бай Жанбек.

Эстафетаға әр командада 3 адам­­­нан (әкесі, анасы және ба­ла­сы) құралған 15 отбасы қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс бары­сын­да отбасылық әуесқой спорт­шы­лар төрт түрлі сайыста (эс­та­фе­талық жүгіру, доппен жүгіру, шай­ба таяғымен допты межеге жет­кізу, допты қоқыс жәшігіне дәл түсіру) өнер көрсетті. 

– Отбасымызбен бірге осын­дай эстафетаға бірінші рет қа­тыс­тым. Көңіл күйім тамаша. Спорт­пен күнделікті айналыссақ та, жа­рыстағы атмосфераның орны бө­лек. Бәсекелестік жоғары дең­гей­де болды. Бос уақытымызды тиім­ді өткізіп, бала-шағамызбен жақ­сы эмоция алдық, – деді от­ба­сылық эстафетаның қатысу­шы­сы Серікбай Әлімханов.

Спорттық іс-шараға бірін­ші рет қатысып отырған Әбіл­­мансұр Қамаржанұлы да мұн­дай эстафетаға отбасымен қа­тысудың әсері бөлек екенін айт­ты. 

– Саламатты өмір салтын қа­лып­тастыратын мұндай спорттық жа­рыстардың көп болғанын құп­таймын. Әсіресе, қыс мезгіліндегі спорт­тық ойындар ерекше қы­зық­ты болады. Біз де отбасы­мыз­бен мұндай жарысқа бірінші рет қа­тысып отырмыз. Бір команда бо­лып, бір мақсатқа бірігіп, жеңіс­ке ұмтылу – отбасылық бір­лік­ті, өзара қарым-қатынасты ны­ғайтуға, және көңілді демалуға бас­қаша әсер еткенін қуана-қуа­на айтқым келеді. Сондай-ақ біз жарыс барысында отбасымызбен экологиялық сауаттылық деген­нің не екенін ұғына түстік десем болады, – деді ол.

Спорттық эстафета отбасылар ара­сындағы сайыс қана емес, «Та­за Қазақстан» экологиялық ак­­­­­циясын жүзеге асыруға да үле­сін қосқан шара болды. Жарыс ба­­рысында әр командаға қо­қыс­ты қайта өңдеу бойынша ше­бер­лік сыныптары ұйымдастырылып, онда қатысушылар қоқысты дұ­рыс жою тәсілдері мен қоршаған ор­таны қорғаудың маңызды­­лы­ғын үйренді.

Астана қаласы әкімдігінің №7 ба­лалар мен жасөспірімдер спорт мек­тебінің бас жаттықтырушысы Ер­нар Омаров ойын барысында доп­тарды қоқыс шелекке жи­нау­дың қандай артықшылықтары бар екеніне тоқталды. Оның ай­туын­ша, бұл ойын шеберлік пен дәл­дікті дамытатын ойын.

– Доптарды шелекке дәл тас­тау – бұл ойынның адам ойының қы­рағылығы мен қимылының еп­тілігін, шеберлігін дамытуға ти­­­­гізер әсері көп. Сайыс бары­сын­дағы төрт түрлі ойынның өзін­дік ерекшеліктері бар. Сон­дық­тан әр команда өзінің жіті қи­мылдары арқылы тамаша өнер көр­сетті деп есептеймін, – деді ол.

Жалпы, адам денсаулығы үшін қай мезгіл болма­сын табиғат аясында демалудың және таза ауамен еркін тыныс­тау­дың маңызы зор. Астана қаласы әкім­дігі спорттық жарыстар ұйым­­­­дастыру арқылы саламатты өмір салтын қалыптастырудың та­маша үлгісіне айналды десек ар­тық айтпаймыз. Әсіресе, қала тұр­ғындарының қыс мезгілінде та­биғатта серуендеуіне барынша қо­лайлы орта қалыптастырды де­сек болады. Мәселен, Астана маңында Аршалы ауданындағы «Бейбарыс» демалыс базасы, Ақкөл ауданындағы Arka tour шаң­ғы базасын, Shar Zhum дема­лыс орны секілді демалыс аймақ­та­рын айтпағанда, қала ішінде шаң­ғы теуіп, шанамен сырғанап, сер­гіп, серпіліп қайтуға тұрарлық сая­бақ көп. Қыс мезгілінде аппақ ма­мыққа оранып, ертегі қалаға ай­налатын Астанада тұрғындар мен қонақтар үшін және бала­лар­дың көңілді демалысы үшін мұз ай­дындары, сырғанақтар, сүй­кім­ді шағын архитектуралық мү­сіндер, фотоаймақтар дайын­да­­лады. Қала әкімдігінің ха­бар­лауынша, елордалық 6 ауданда қыс бойы жұмыс істеуге арналған 60-қа жуық мұз айдыны мен қар сыр­ғанақтары ашылады. 

Сондай-ақ астананың биылғы денешынық­тыру-спорттық және сауықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес, барлығы 816 спорт­тық іс-шара ұйымдастыру керек болса, бүгінгі күнге дейін жос­­­­парға сәйкес 648 іс-шара ұйым­дастырылыпты. Астана қа­ласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орын­басары Исламбек Бай­ма­нов­тың айтуынша, жоспар ая­сын­да қысқы маусымдық дә­с­түр­лі спорттық ойындар тізбесі де қам­тылған. Олар шаңғы тебуден фес­тивалін, шорт-тректен Қа­зақ­стан Республикасының кубогын, ко­нькимен мәнерлеп сырғанау­дан Астана қаласының ашық чемпионатын, конькимен жүгіру спор­тынан Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының ашық чемпионатын, шорт-тректен Астана қаласының ашық чемпионатын, жаңажыл­дық кешкі мерекелік бұқаралық жү­гіру және Astana run атты қыс­қы жүгіру жарысын, қысқы триат­­лон жарысын, дәстүрлі «Бұр­­­қа­сын-2025» шаңғы фес­ти­ва­лін өт­­кізу жоспары болып жал­ғаса береді. 

– Елордада жыл сайынғы қыс­қы маусымның ашылуына мың­даған қала тұрғыны мен қо­нақтары жиналады. Олардың қа­тарында мектеп оқушылары, студенттер, күш құрылым­да­ры­ның қызметкерлері және қоғам өкілдері спорттық шараларға қа­ты­сып, өзара күш сынасады. Мұн­­да жеңіс басты мақсат емес, се­­бебі шаңғы фестивалі – бұл от­басылық және корпоративтік де­малыстың ерекше бір түрі, – дей­ді ол.

Исламбек Байманов айтқан­дай, биыл Астанада қысқы мау­сым шаңғы фестивалімен ашыл­ды. Ал 8 желтоқсан күні елор­­­дадағы Триат­лон саябағында әуесқой­лар­дың қысқы жүгірісі өтіп, жа­рысқа қатысқан спортшылар 10 ша­қырым қашықтықты бағын­дыр­ған болатын. Сондай-ақ Ата­түрк саябағында Байқоңыр ауда­ны­ның ардагерлері бастап, бар­­лығы 50-ге жуық адам қатыс­қан, ерекше спорт түрі – скан­ди­навиялық жүрістің ұйым­дас­ты­рылуынан-ақ астаналық қысқы спорт деңгейінің қандай екенін бағамдай беруге болады десек, ар­тық айтқандық емес. Спорттық ша­раға қатысушы, Байқоңыр ау­даны ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Қуаныш Намазшамов скан­динавиялық жүрістің бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға қосар өзін­дік үлесі бар.

– «Таза Қазақстан» акциясы ая­сында ұйымдастырылған ша­ра­ның басты мақсаты – тұрғын­дар­ды түрлі қыстық спорт ойы­ны­­на тарту. Ашық аспан астында ұйым­дастырылған ерекше спорт тү­ріне елордалық қариялар қа­тысып отырмыз. Ауданымыздың зейнеткерлеріне ешқандай ауа райы кедергі емес. Қариялар ерек­­ше қуанышты. Таза ауада мұн­­дай шараның өткені біздің ден­саулығымызға да өте пайдалы. Тағы болса қатысуға дайынбыз. Ар­дагерлер атынан алғыс айта­мыз, – деді ақсақал.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ