Сонда бұл қандай сенім? Ізгіліктің болмыста бар екеніне ғана сену ме? Жоқ, бұл – ізгіліктің жеңісіне деген сенім. Ізгілікке сенім артпаған адам ешқашан да жақсылық жасай алмайды».
Бұл – әйгілі «Парасат майданынан» үзінді. Студент кезде талай рет жата-жастана оқыған, ерекше жақсы көрген шығармамыз. Ауық-ауық қайта оралатынымыз тағы бар. Неге жақсы көрдік, неге қайталап оқи бергенімізді білмеймін, бір түсінгеніміз – бұл шығармадан кейін адам ізгілікті, жақсылықты аңсап тұрады екен. Онсыз да өмір күрес қой, сол күресті кім қалай өткереді, кім зұлымды жеңеді, кім өмірде тек ізгі ойларын паш етеді, сол жеңіске жететіні ақиқат.
«Парасат майданы» сахнада қойылады» дегенде дүдәмал күй кешкеніміз рас. Ол шығармада мұң бар, өзекті өртейтін өкініш бар, ішкі психологиялық арпалыс бар. Адам санасындағы арпалыс. Екіұдай күй кешесің. Адамның екіге жарылуы ма әлде?! Қалай десек те, психологиялық драманы сахнаға шығару – кім-кімге де оңай соқпасы анық. Сондай оймен, сондай көзқараспен барған едік.
Шын мәнінде, жазушы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» атты повесі – көрерменге жақсылық пен жамандықтың аражігін көрсететін шығарма. Адам болмысының күрделілігін терең ұғындыратын повесті сахнаға алып шығуға жүрек дауаламасы анық. Бірақ біз ойлағандай емес, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Гүлсина Мирғалиева бұл тақырыпқа батыл қадам басыпты.
Қойылымда «Парасат майданының» ғана емес, «Оң қолдың» да штрихтары көрініс тапты. Драмалық тақырыпты көрерменге ұсынудың мақсатын театрдың көркемдік жетекшісі Гүлсина Мирғалиева классикалық тақырыптың жеңіл болмайтынымен түсіндірді.
– Театрымыздың жылдық жоспарымызда қанша спектакль болу керек екені жыл басында бекітіледі. Соған сәйкес республикалық бюджет бөлінеді. Биыл сәуір айында театрдың көркемдік жетекшісі қызметіне келгенімде, 2024 жылға жасалған жоспарда «Парасат майданы» да қойылуы керек болған. Сондықтан ұлттық театр актерлері іштей осы қойылымға да дайындалып жүрді. Оны Фархат Молдағалиев қоюы керек еді. Бірақ Фархат Молдағалиев денсаулық жағдайына байланысты бас тартты. Сондықтан мен көркемдік жетекші әрі режиссер ретінде қойылымды сахналауға жауапкершілік алдым. Бұл қиын тақырып, әрине. Бірақ классика ешқашан жеңіл болмайды ғой. Ал комедияны көбірек көріп үйреніп қалған көрерменге қойылым ауыр болуы мүмкін. Егер кей көрерменге ұнамаған тұсы болса, ренішім жоқ. Өйткені әр адам қойылымнан өзіне керегін іздейді. «Парасат майданында» әңгіменің жобасы бар, бірақ біз оны тағы да кеңейттік. Қойылымға кіріспес бұрын Төлен ағамен сөйлескенімізде, «Қалай болар екен? «Парасат майданы» бір бөлек, «Оң қол» бір бөлек» дегендей күмән білдірді. Бірақ қойылымнан кейін риза болғанына өздеріңіз куәсіздер, – деді Г.Мирғалиева.
Терең философиялық туынды көпшілікке ұсынылғаннан кейін көрерменнің жақсы бағасын алып жатыр. Адамның ізгілік пен адамгершілікке ұмтылуы шығармада маңызды орынға ие болса, сахналық үлгіде де осы идеядан ауытқымай, моральдық құндылықтардың жоғалып бара жатқанын көрсетеді. Журналист Еркін Мұхамеджанов премьераны соңғы жылдары өзі көрген қойылымдар ішінде озық тұрған дүние екенін айтып, жоғары бағалады.
«...Шақыру билеті келгенде ойланып қалғанмын. Қалай қоймақ, қиын шығарма. Кейіпкері аз, ішкі психологиялық монолог. Қиын, тым қиын. Қойыртпақ бірдеңе жасап, оны көріп өзімнен өзім ұялып, іштен тынып, тағы да лоқсып келмеймін бе деген күдік болды. Бірақ «Абай» телеарнасына барғалы баяғы саясат пен саясаткерлерімнен гөрі өнер мен мәдениет адамдарын жолдас тұта бастағам. Күдік болса да көңілжықпастық жеңді, оның үстіне өзім аударып-төңкеріп оқыған Төлен Әбдік ағайдың мемлекеттік сыйлық алған ең үздік шығармасы «Парасат майданы» деп тұр. Бардық, көрдік. Риза болдық. Қиыннан қиыстырған және онысы өте сәтті шыққан. «Парасат майданы» жалғыз емес, автордың «Оң қол» әңгімесімен синтездепті. Бір сахнада екі шығарма қатар өрілген, өте шебер шендестірілген. Екі дүние көріп отырғандайсың, бірақ біртұтас! Шеберлік. «Оң қол» – «Тозақ оттары жымыңдайды» – «Ақиқат», соңынан «Парасат майданы», осы тәртіппен оқысаңыз түсінуге, сезінуге өте қолайлы. Өте ауыр да өте озық шығармалар шоғыры.
Төлен Әбдіктің творчествосы мыйға салмақ салады, кейіпкерлері кейде өзімен бірге азап та шектіреді. Міне, премьерадан соң тып-тыныш жата салмай, ой тұңғиығына батып тағы отырмыз. Зұлымдық пен мейірім, жақсылық пен жамандық, қиянат пен адамгершілік, рухани ластық һәм тазалық. Адам бойында, қоғам бойында үнемі жүріп жататын арпалыс», – деп жазды Е.Мұхамеджанов.
Қоғамда адамның кейпі көп. Не адамгершілікті, не білімді бойға дарытпағандар өздерін жоғары санап, кеуде соғады. Ақылды да, білімді де адам бар. Еркін Мұхамеджанов адам бойындағы осы ізгі қасиеттерді саралай айтып, мұның бәрі «Парасат майданының» ішінде жатқанын тілге тиек етеді.
Екі шығарма біріктірілген қойылымда эпизодтық кейіпкерлерді қоса санағанда он екі актер өнер көрсетті. Психологиялық драма 1 сағат 40 минутқа созылып, көрерменді терең ойға батырады. Күрделі қойылымның алғашқы күні аншлагпен өтті. Яғни, ой салар жақсы дүние қай кезде де ешкімді бейжай қалдырмайтынын дәлелдеді. Мұндай жақсы дүниеге Абылай Мауданов та көзқарасын білдірді. Қойылымға бүгінгі заманның зарын қосқанын айтып, таңданысын жеткізді.
«Көңілде алаң болғаны да жасырын емес. Бірақ спектакль өте тамаша болды. Бір повест («Парасат майданы»), бір әңгімені («Оң қол») үйлесімді сыйдырыпты. Ішіне бүгінгі заманның зарын да қосыпты. Қоюшы режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиеваның тапқырлығына тәнтімін. Өмір барда «Парасат майданы» тоқтамайды. Өйткені идеялар күресі – мәңгілік. Тек сол майданда кім жеңеді? Ең үлкен сұрақ та осы. Труппа залды уысында шырмап ұстап отырды. Тіпті, ұзақ паузаларда дем алмай қалды десек болады.
Актерлік құрам: Нұркен Өтеуіл – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Алтынай Нөгербек – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Гүлбаршын Қылышбай – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жанар Қасымова, Марғұлан Наменов, Еңлік Айымғазы, Динара Егубаева, Нұрсұлтан Есен, Заңғар Әбенов, Руслан Әлішев, Асхат Сұлтан, Нұрбек Съезхан, Нұрхан Қосанов, Дастан Әлімов, Айкөркем Тұранова, Гаухар Исмайлқызы», – деді ол.
«Парасат майданы» – адамның рухани биігіне жету жолындағы күресін бейнелейтін, көрерменді ойландыратын, өмірдің шынайы мәнін іздеуге жетелейтін туынды. Қойылым барысында көрермен рухани құндылықтар мен материалдық әлемнің қайшылықтарын, адам болмысының күрделі мәселелерін терең сезінді.
Қаламгер Төлен Әбдік бұл қойылымды көру үшін ең алдымен «Парасат майданын» оқу керек екенін айтқан еді.
Расында да, «Парасат майданына» повесті оқып барыңыз. Сонда сіз «бейтаныс әлемге» оңай сүңгіп кетеріңіз анық.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ