Германияның Магдебург қаласындағы Рождестволық жәрмеңкеде жиналған жұртты көлік қағып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қаққан жүргізуші қолға түскен. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлайды.
«Екі адам қаза тауып, 15 жәбірленуші – ауыр, 37 жәбірленуші – орташа ауыр, 16 жәбірленуші жеңіл жарақат алды», – делінген қала әкімдігі таратқан хабарламада.
Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, құрбандар саны бастапқыда 60 пен 80 адам арасында болған.
Полицияның мәліметінше, көлікті 50 жастағы Сауд Арабиясының азаматы басқарған, ол жалғыз өзі әрекет еткен. Сондай-ақ күдіктінің Сауд Арабиясында терроризм және адам саудасы сияқты ауыр айыптар бойынша іздеуде жүргені белгілі болды.