Орталық саябақтағы шаңғы-роллер жолы қала тұрғындарының сүйікті орындарының біріне айналған. Қыс мезгілінде мұнда көптеген спорт әуесқойлары жиналып, таза ауада уақыт өткізеді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай шараларды тұрақты өткізіп тұратынын жеткізді.
Қысқы шаңғы маусымының ашылуына орай ұйымдастырылған жарыстың алғашқы сайысына 11 жасқа дейінгі балалар қатысты. Олар 500 метр қашықтықта жарысып, жылдамдығы мен төзімділігін сынады. Ал 12 жастан асқандар 1 шақырымға жүгірді. Жүзден жүйрік шыққандардың қатарында 6-сынып оқушысы Айдарбек Абылайхан да бар.
– Мен биатлонмен айналысып жүргеніме үш айдай уақыт болды. Бұл спорт маған өте қатты ұнайды әрі ерекше шабыт береді. Әсіресе, осы жолда маған үлкен қолдау көрсетіп жүрген бапкерім Евгенийге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Ол маған тек бапкер ғана емес, өмірде де ақылшы әрі жақын адам болып келеді. Шаңғы спортының денсаулыққа пайдасы зор. Бұл спорт түрі менің физикалық жағдайымды жақсартып қана қоймай, төзімділік пен ерік-жігерді дамытуға көмектесуде. Спортпен айналысу – саламатты өмір салтының маңызды бөлігі. Өкінішке қарай, спортсыз өмір сүретін адамдар жиі ауырып, әлсіздікке бой алдырады, – дейді Айдарбек Абылайхан.
Жасөспірімдер, орта жастағылар мен зейнеткерлер 2,5 шақырымды бағындырды. «Бұл жердегі негізгі мақсат жеңімпаз атану емес. Бастысы мәре сызығын кесіп, өз-өзіңді шыңдау және саламатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу», – дейді қатысушылар.
«Биылғы қыс шаңғы жарысын өткізуге өте ыңғайлы. Шаңғы маусымының ашылуын осы уақытқа жоспарлаған себебіміз – ауа райына байланысты. Тағы да айтарымыз, қардың қалыңдығы шаңғы жолын жоғары деңгейде жасауға мүмкіндік беріп отыр. Шаңғы – қысқы спорттардың арасында ең танымалдарының бірі. Астанамызда шаңғы спортымен айналысатын адам саны өте көп. Бүгінде шаңғы маусымының ашылуына еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін қатысып жатыр. Ең қарт қатысушымыз – 83 жаста. Шаңғы жарысынан бөлек, шаңғы маусымының ашылуында белбеу күресі, қол күресі, арқан тартыс, гір тасын көтеру бәсекесінен сайыс ұйымдастырылды», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек.
Биылғы шаңғы маусымында қатысушылар 7 жас санаты бойынша сынға түсті. Іс-шараға тілек білдірушілердің барлығы қатысып, әр қатысушы өз шаңғысымен келді. Алғаш рет қатысқандар шаңғыны 2 000 теңгеге жалға ала алды.
Айта кетейік, Орталық саябақта жұмыс күндері сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін шаңғыны жалға алып, өздігіңізден сырғанауды үйренуге болады. Жаттықтырушының көмегі қажет болған жағдайда, балалар үшін айына 35 мың теңге, ересектер үшін айына 40 мың теңге тұратын секция қарастырылған.
– Шаңғымен жүйелі түрде шұғылданып жүргеніме 10 жылдай боп қалды. Өзім полиция қызметкерімін. Сондықтан спорттың осы түрін таңдадым. Аптасына 3-4 рет сырғанаймын. Себебі шаңғы бүкіл дененің, қолдың, аяқтың қозғалысына әсер етеді, – дейді қала тұрғыны Жомарт Боранбаев.
Астана тұрғындары үшін бұл маусым тек спортты насихаттау ғана емес, саламатты өмір салтын қолдауға бағытталған үлкен мүмкіндік. Шаңғы тебуді жақсы көретіндер үшін алдағы қыс айлары қызықты өтетіні сөзсіз. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді әрі қызықты спорт түрлері де кеңінен таралып жатыр. Қаланың әр ауданында мұз қалашықтары, жаңажылдық шыршалар, төбешіктер мен мұз айдындары орнатылып, қысқы демалысты қызықты өткізуге барынша жағдай жасалды.
Мысалға, Байқоңыр ауданында биыл бес мұз қалашығы жайластырылып, жаңа- жылдық демалысқа арналған түрлі нысан орнатылуда.
«Жастар» сарайының аумағында ауданы 400 шаршы метр болатын мұз айдыны мен 6 метрлік төбешік пайда болды. Сондай-ақ мұнда биіктігі 15 метр болатын жаңа жылдық шырша орнатылады. Шырша маңында Аяз ата мен Ақшақардың мүсіндері, Санта үйі және жарықтандырылған субұрқақтар бар. Мұнда келушілер үшін конькилер мен тюбингтерді жалға алу пункттері мен фудкорттар жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, жаңа жылдық безендірілген шыршалар мен кейіпкерлердің мүсіндері Абай даңғылындағы «Жазушылар» гүлзарында, сондай-ақ Өндіріс, Кирпичный, Казгородок тұрғын алаптарында орнатылды. Сонымен қатар аудандағы мектептер мен аулаларда (№5 гимназия, №27, 34, 8, 87 мектептер мен Кемеңгерұлы көшесі 8, Жұбанов көшесі 3 мекенжайлары) жеті мұз айдыны құйылды.
Алматы ауданының тұрғындары мен қонақтары үшін де арнайы демалыс алаңдары жасақталды. Оларды атап өтсек, «Қазақ елі» монументі аумағы, Президенттік саябақтың Байтұрсынов көшесі жағында, Ақбұлақ өзені жағалауында және Триатлон паркі сияқты орындарда мұз төбешіктері мен сырғанақ алаңдары пайда болды. Ал «Жерұйық» саябағында инвестордың қолдауымен төбешік пен мұз айдыны орнатылды.
Сарыарқа ауданында да қысқы спорт пен демалыс үшін бірнеше орын дайындалды. Есіл өзенінің жағасында Кенесары хан ескерткішінен «Серуен» көпіріне дейін екі құламадан тұратын бес төбешік орнатылса, Көктал саябағы, Бейбітшілік көшесі 11, 189-шы көше, Қосшығұлұлы мен Бейсеков көшелерінің қиылысы сияқты мекенжайларда да төбешіктер салынды. Жақын арада Оқжетпес пен А.Герцен көшелерінің қиылысында төбешік, ал «Демалыс променад» аумағында мұз айдыны ашылады.
«Шаңғы маусымындағы адамның көптігі жақсы әсер сыйлайды. Өзім жүзумен айналысамын. Ал қысқы мезгілде шаңғыға ден қойдым. Бір жылдан бері шұғылданғанымның арқасында төзімділігімді арттырдым. Спорттағы жетістігім өмірге де септігін тигізетініне сенімдімін», – деді шаңғы маусымының ең жас қатысушыларының бірі, 9 жастағы Кеңшілік Ахмат.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медаль, диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды. Мәреге соңынан жеткен қатысушылар да елеусіз қалмады.
Әсет ҚАЛИ