Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықты үрейленбей, сақтануға шақырды.
«Бәріміз дұрыс түсінуіміз керек. Бұл – жұқпалы ауру. Өкінішке қарай, тез тарайды. Бірақ бәрін қырып тастайтын ауру емес. Кәдімгі инфекциялық ауру. Шіли қорқып, үйде тығылып отырудың қажеті жоқ. Әрине, сақтану керек. Гигиеналық ережелерді сақтаңыздар. Егер қауіп жоғары болса, үйде оқшауланыңыз», - деді Біртанов.
Ол сонымен бірге, медициналық карантин ережесін бұзған, яғни ауруханадан қашып кеткен, үйдегі оқшаулану талаптарын сақтамаған адамға 13 000 теңгеден астам айыппұл (5 АЕК ) салынатынын ескертті.
«Азаматтар карантинге қарсы болып, медициналық қызметкерлерге, полицияға қарсылық келтірсе, әкімшілік қамауға алынады. Егер сол азаматтан ертең коронавирус анықталып, басқаға жұқтырса, заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан жауапкершілікті дұрыс түсінуіміз керек», - деді бұл жайлы министр.
Денсаулық сақтау министрі екі-үш ай көлемінде инфекцияның таралуы шектеледі деп үміттенеді.