Жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырып, 2 миллиард теңге табыс тапқан.
Астана тұрғыны боди-массаж түрінде жезөкшелікпен айналысқан
1,484
оқылды

ҚМА астаналық департаменті боди-массаж түрінде жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырып, қылмыстық кірістерді заңдастыру арқылы алынған схеманы анықтады. 

Олардың мәліметінше, 2021-2023 жылдар аралығында Астана тұрғыны жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырып, 2 миллиард теңге тапқан.

"Follow the money (ақшаны қадағалаңыз) параллельді қаржылық тергеу күдіктінің шоттарына туыстары мен сенімді тұлғаларының банктік деректемелерін пайдалана отырып, заңдастырудың күрделі схемалары арқылы түскен барлық қылмыстық табысты анықтауға мүмкіндік берді.

Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында күдікті өз атына ЖШС тіркеп, ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алып, қайта сатқан. Осылайша, ол 88,5 миллион теңгені заңдастырып, 95 миллион теңге қылмыстық табысқа қол жеткізген", – делінген хабарламада.

Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа күдікті:

350 миллион теңгеге салынып жатқан объектідегі ауданы 500 шаршы метр коммерциялық үй-жай;

92 миллион теңгеге өз баласына күтім жасап жүрген жалдамалы қызметкерге тіркелген жалпы ауданы 329,1 шаршы метр 5 екі бөлмелі пәтер;

667,5 миллион теңгеге Астанада жалпы ауданы 784 шаршы метр жер учаскелері бар екі коттедж;

335,4 миллион теңгеге елорданың элиталық тұрғын үй кешендерінде жалпы ауданы 292 шаршы метр 2 пәтер мен тұрақ орын;

114 миллион теңгеге G63 маркалы Mercedes Benz автокөлігін сатып алған.

Сонымен қатар, тінту кезінде 50 миллион теңге мен бағалы зергерлік бұйымдар табылып, оларға тыйым салынған.

Тергеудің басталғанын білген күдікті тәркілеуден жалтару үшін 5 екі бөлмелі пәтерді 143,5 миллион теңгеге қайта сатып 51,5 миллион теңге қосымша қылмыстық табыс тапқан.

"Сот үкімі бойынша, ол жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырғаны және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін (ҚР ҚК-нің 309-бап, 218-бап 3-тармағы) 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі мен пәтерлерді сату арқылы алынған ақшасы тәркіленді. Тергеу нәтижесінде қылмыстық жолмен тапқан 2 миллиард теңгеден асатын қаражатқа сатып алынған барлық мүлік пен сол мүліктен түскен кірістері анықталып, тәркіленді", – делінген ҚМА мәліметінде.

Сонымен қатар, пәтерлердің иелері туралы жалған куәлік берген бала күтімі бойынша жалданған қызметкерге қатысты тергеу басталды.