Биыл еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихаттар үшін мерейлі жыл болды. Қазан айында «AMANAT» партиясы мәслихаттар депутаттарының II Республикалық форумы ұйымдастырылды. Мемлекеттік реформалардың жүзеге асуы алдымен жергілікті жерлердегі мәслихаттардың жұмысына тікелей байланысты.
Елорда –  елдің еңсесі
188
оқылды

Астана қаласы мәслихатының депутаттары қаланы дамытудың жоспарын құрып, экономикалық және әлеуметтік бағдарламалар мен бюджетті бекітіп, оның орын­далуын қадағалап, қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылап, қауіпсіз өмірді қамтамасыз етуде орасан еңбек етті десек болады.

2024 жылды қорытындылаған жиында қалалық мәслихаттың төрағасы Ерлан Каналимов Ас­тана үшін биылғы жыл өте нә­тижелі болды деді. Тынымсыз ең­бек нәтижесінде депутаттар жыл басынан бері 16 сессия, бюд­жет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 7 отыры­сын, заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мә­селелері жөніндегі тұрақты ко­миссияның 13 отырысын, құры­лыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты ко­миссияның 13 отырысын, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 8 отырысын өткізді. Сонымен қатар 35 жұмыс оты­рысы, 4 қоғамдық тыңдау, 33 «Депутат күні», 5 бірлескен оты­рыс, 142 нысанның жұмысымен танысып, жұмысшылармен кез­десу ұйымдастырды. Мәслихат отырыстарында 200-ден астам мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Мәслихат төраға­сының айтуынша, депутаттар бюд­жет бағдарламаларын бекіту және бюджет өтінімдерін қа­лып­тастыру үдерісіне қатысу арқылы өз міндеттерін толық көлемде орындады.

– Айта кету керек, биыл мәс­лихат депутаттары шығыстардың басым бағыттарын ескере оты­рып, 2025 жылға арналған қаржы­ландыруды бөлу бойынша ұсы­ныстарды тиісті лимит аясында екінші рет дайындады. Нәти­жесінде, мәслихат депутатта­ры­ның тікелей қатысуымен Аста­наның үш жылдық бюджетіне бірқатар өзгеріс енгізілді, – деді Ерлан Каналимов.

Қаңтар айында өткен кезектен тыс сессияда депутаттар 2035 жылға дейінгі бас жоспар жобасын бірауыздан мақұлдады. Бұл құ­жатқа сәйкес, 2035 жылға қарай елорда халқының саны 2 млн 275 мың адамға жетеді деп болжануда. Қала 148 секторға бөлініп, инже­нерлік инфрақұрылымды, көше­лер мен жолдарды, сондай-ақ мектептер мен ауруханалар сияқ­ты әлеуметтік нысандарды дамы­туға үлкен көңіл бөлінді.

Сонымен қатар 2023 жылдың сәуір айында мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов елорда да ал­тыншы аудан құру туралы бастама көтерді. Бұл бастама, ең алдымен, халық санының өсуі мен аза­мат­тардың қажеттіліктерін ескере отырып, аумақты тиімді басқару мен дамытуды көздейді. Жалпы айтар болсақ, елордадағы Алматы ауданы халық ең тығыз қоныс­танған аудандардың бірі болып табылады. Ауданда алты тұрғын алабы бар: «Промышленный», «Железнодорожный», «Интер­национальный», «Мичурино», «Күйгенжар» және «Юго-Восток». Аудан аумағы 15 471 гектарды құрайды, ал тұрғындар саны ша­мамен 400 мың адамға жетті. Тұр­ғын үй қоры 885 көпқабатты тұрғын үйден тұрады. №1 Индус­триялық парк аумағында 51 кәсіп­орын жұмыс істейді, ал «Желез­нодорожный» тұрғын алабында №2 Индустриялық парктің құ­рылысы жоспарлануда. Осыған байланысты аудан әкімдігі аппа­ратына түсетін жүктеме айтар­лықтай артқан.

Биыл мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасы Парла­ментінің Сенаты мен Мәжілісінің жұмыс топтарының отырыста­рына белсенді қатысып, «Құры­лыс кодексіне», алкоголь өнім­де­рін сату ережелеріне, ойын-сауық орындарының жұмысына өзге­рістер енгізу бойынша ұсыныстар берді. Сондай-ақ автобус жүргізу­шілерінің тапшылығының себеп­терін анықтау және елордадағы қоғамдық көлік жұмысын жақ­сарту бойынша ұсыныстар жа­сады. Қазір Мәжіліс депутатта­рымен бірге «Елорда мәртебесі» туралы заңға түзетулер енгізу мәселесі талқылануда. Астананың жергілікті ерекшеліктері мен қа­лыптасқан жұмыс тәжірибесін ескере отырып, жаңа редак­ция­дағы абаттандыру ережелерін бе­кітті. Мамандар ережелер 4 бөлім мен 176 тармақтан тұрады және жеке, заңды тұлғалардың абаттан­дыру мен ұстау саласындағы қа­рым-қатынасын реттейді деп отыр.

– Бұған дейін біз ТҚҚ контей­нерлеріне арналған алаңдар мен олардың жағдайына қойылатын талаптарды, ғимараттардың құ­рылымдық элементтерін тазалау ша­раларын егжей-тегжейлі си­паттап, сондай-ақ абаттандыру ережелерін бұзушыларды әкім­шілік жауапкершілікке тартуға дейінгі профилактикалық шара­ларды күшейтуді ұсындық, – деп атап өтті мәслихат төрағасы.

Депутаттық корпустың бел­сенді қолдауымен биыл автобус маршруттары оңтайландырылып, маршруттар желісі кеңейтілді. Бұл қала тұрғындары үшін қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыр­ды. Қоршаған ортаға зиянды әсері аз жаңа заманауи автобустар пай­далануға берілді. Сонымен қатар байланыссыз карталар мен мо­бильді қосымшалар сияқты жаңа электронды төлем жүйелері енгі­зіліп, жолақысын төлеу процесі жеңілдетілді. Қарбалас сағаттарда жолаушылардың шоғырлануын азайту мақсатында рейстер саны арттырылды. Қалалық автобус паркі 1 625 автобусты қамтиды және 105 маршрут бойынша қыз­мет көрсетеді. 2023-2024-жылдары мәслихаттың қолдауымен 706 қазақстандық өндірістегі жаңа автобус сатып алынып, автобус паркінің 45%-ы жаңартылды. Барлық жаңа автобустар пайда­лануға берілді. 2025 жылы тағы 300 автобус сатып алу жоспар­ланып отыр, бұл маршруттар желісін әрі қарай жаңартуға және кеңейтуге мүмкіндік береді.

– Биыл біз елорданың алты ауданының басшыларымен кез­десулер өткізіп, шағынаудандар мен тұрғын алаптардағы өзекті мәселелерді анықтауға бағыт­талған жұмыстар жүргіздік. Көш­пелі кеңестердің нәтижесінде жү­йелі және ағымдағы бірқатар мәселе анықталды, олардың тал­дауы депутаттық корпустың қара­уына ұсынылады, – деп мәлімдеді Е.Каналимов.

Қоғамда қордаланған мәсе­лелерді талқылау, шешу мақса­тында қаланың әкімі, әкімнің орынбасарлары мен басқарма басшыларының қатысуымен «AMANAT» партиясы фракция­сының 6 отырысы өтті. Жиында қаланы дамыту туралы 126 тармақ қамтылған бағдарламалық құжат бойынша жұмыстың орындалуы және кейін орындалуға тиіс 4 тармақтың жүзеге асу мерзімі белгіленді.

– Биылғы басты жетістік­те­ріміздің бірі – елорданың әртүрлі саласын дамыту бойынша қа­былданған «Кешенді даму жос­пар­­ларының» сәтті жүзеге асуы, – деді Е.Каналимов. Мысалы, «Елордада қылмысқа қарсы күрес, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-ша­ралар жоспары» аясында по­ли­ция қызметкерлеріне әлеу­мет­тік кепілдіктерді арттыруға қа­­ражат бөлінді, оның ішінде тұрғын үй төлемдері, патрульдік полиция қызметкерлерін форма­лық киіммен қамтамасыз ету ша­ралары қарастырылды. Бейне­бақылау жүйесі жаңғыртылып, заманауи жабдықтар сатып алын­ды, жалақы арттырылды. 

Сонымен қатар қаланың ТЖД-ның қызметін оңтайлан­ды­ру, денсаулық сақтау жүйесін да­мыту, мәдениет және руханиятты қолдау салауатты өмір қа­лып­тастыру мақсатында бұқа­ра­лық спортты дамыту, ардагерлерге қамқорлық және әлеуметтік-тұр­мысты жақсарту бағытындағы кешенді жұмыстар жүзеге асы­рылып жатыр. 

Астана мәслихаты тек өңірлік әріптестермен ғана емес, жақын және алыс шетелдік әріптесте­рімен де тығыз ынтымақтастық орнатып, қалалық мәслихат пен Санкт-Петербургтің Заң шығару органы арасында ынтымақ­тас­­тық туралы меморандумға қол қойылды. Қазір Мәскеу қалалық думасының депутаттарымен ын­тымақтастық туралы меморандум негізінде алдағы бес жылға ар­налған бірлескен іс-қимыл жос­па­ры қол қою сатысында талқы­ланып жатыр. Ал Марокко Ко­­рольдігіне барған сапар тәжі­рибе алмасу тұрғысында өте же­місті болды. Жақында астаналық делегация Эстония мен Финлян­дияға ресми сапармен барып қайтты. Мәслихат төрағасының айтуынша, әрбір сапар – бұл ең алдымен тәжірибе алмасу. Депу­таттар тәжірибе алмасу барысында озық үлгілерді жергілікті жағдай­ларды ескере отырып, бейімдеп енгізуге тырысады.

Ел астанасының әлеуметтік-экономикалық даму бағытын­дағы жұмыстарын алдағы жыл­дардағы ауқымды жұмыстардың бастамашысы екені белгілі. Әсіресе, жол қатынасы, көлік жүйесін кешенді дамыту, елорда­ның қауіпсіздігі, жұмыспен қамту, көгалдандыру, абаттандыру және басқа да маңызды мәселелер бас қаланы өркендетумен қатар, республикамызды дамытуда да маңызды рөл атқарады. Бұл тұр­ғы­дағы негізгі басты міндет – бюджеттік қаражатты бақылау және тиімді пайдаланумен бай­ланысты. Елорда үшін әлеуметтік нысандардың, мектептердің, ме­ди­циналық мекемелердің пайда­лануға берілуі және Қ.Мұнайт­пасов атындағы стадионды қайта жаңғыртуды аяқтау, көлік жо­лайрықтарының, жылу және энер­гия көздерінің, сондай-ақ ин­женерлік инфрақұрылымның басқа да нысандарының құры­лысын жоспарға сай атқарудың маңызы зор. Қала да, қала халқы да өсіп келеді. Сондықтан халық саны мен инфрақұрылымдардың үйлесімділігі ең басты өзекті мәселе болып отыр.

Мәслихаттың қорытынды жиынында Ерлан Ермекұлы қала тұрғындарын келе жатқан 2025 жаңа жылымен құттықтады. 

– Баршаңызға бақыт, ден­саулық, қаржылық тұрақтылық және бейбіт аспан тілеймін. Жаңа жыл – бұл ең жарқын мереке­лер­дің бірі. Бұл үміт пен батыл жоспарлардың уақыты. Осы жылдары қол жеткізілген барлық жетістіктер жаңа жеңістерге серпін берсін!, – деді ол.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ