Зообақта аң-құстың отыздан астам түрі бар екен.
Кентаулық азамат үйінің ауласынан зообақ ашқан
www.istockphoto.com
576
оқылды

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны үйінің ауласын шағын хайуанаттар бағына айналдырған, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

21 жастағы Ибрахим Саттаров аң-құстың отыздан астам түрін бағып отыр. Болашақта экономикалық аймақтан эко-парк ашуды да жоспарлап қойған.

Мұнда тропикалық аймақты мекендейтін түйеқұстың үш, тауыстың үндістандық және ирандық түрлері бар. Ал қырғауылдың бес түрін өсіріп отыр. Ибрахим Саттаровтың айтуынша, үйрек-қазды айтпағанда, тауықтың 20-ға жуық түрін көруге болады. Одан бөлек бүркіт пен қоянның да бірнеше түрі кездеседі.

"Келіп жатқан көпшіліктің қызығушылығы артып жатқан нәрсенің бірі – тауыс. Бұл үнділік тауыс деп аталады. Әртүрлі түсті болады. Кептерге ұқсайтын жапондық тауықтар бар, кішкентай. Одан кейін бізде африкалық тауықтар бар. Жұмыртқасы мен етінің дәмі бөлек. Бұл да бір біздің ортаға жаңалық болып келеді. Балалардың арасында ең қызығатыны – қоян. Өйткені қолмен ұстап көрсе болады. Осындай қоян деп, жылап қалады балалар. Кішкентай туған көжектерін береміз", – дейді Ибрахим Саттаров.

Оның ауылдан зообақ ашуға әкесі Райымжан Қошқаров көмектескен. Қария кейінгі буын жастар мен мектеп оқушыларының жан-жануарлардан алыстап бара жатқаны жанына батқанын айтқан. Сондықтан келер жылы қала тұрғындары отбасымен келіп демалатын экопарк ашуды жоспарлап отыр. Жергілікті билік бұл жобаға қызығушылық танытып отыр. Барлығы жоспарлағандай болса, нысан құрылысын бір жылда аяқтап, 2026 жылы іске қосылмақ.