Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Ақтау маңында болған ұшақ апаты бойынша тергеу жұмыстарына қатысты пікір білдіріп, тергеуді әділ жүргізу өте маңызды екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
- Биылғы кібісе жылдың соңында жүздеген адамның қаза табуына әкелген ауыр ұшақ апаттары орын алды. Оның бірі – Әзербайжан ұшағының Ақтау қаласында апатқа ұшырауы.
Қысқа уақыт ішінде бұл мәселе саясиланып, әлемдік БАҚ беттерінде көп талқыланып, түрлі пікірлер айтылған тақырыпқа айналды. Өйткені бұл апатқа бізбен шекаралас бірнеше елдің тікелей қатысы бар.
Осы ретте, жағдайдың күрделілігіне байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, апат бойынша әрбір қабылданатын шешім бұқаралық ақпарат құралдарында бүкпесіз таратылуда.
Тағы бір атап өтерлігі – тергеу амалдарына ешбір мүдделі мемлекеттер тарапынан қысымға жол берілмей, ол тек халықаралық талаптарға сай жан-жақты зерттелуде. Бұл – Қазақстанның мызғымас әрі нық ұстанымы.
Оған дәлел – зардап шеккен мемлекеттердің саяси қысымына қарамастан, Қазақстан басшылығы Әзербайжан ұшағының қара жәшіктерін Бразилияның Әуе апаттарын тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) беру туралы шешім қабылдауы. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның дербес позициясы.
Бауырлас және көрші Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің арасындағы бейтараптықты сақтау мақсатында тергеу амалдарын әлем қауымдастығының сенімін тудыратындай мақсатта жүргізу – біз үшін басты орында екенін Президентіміз нақты көрсетті.
Өйткені әлем көз тігіп отырған осы апат бойынша тергеуді әділ және озық халықаралық стандарттарға сай жүргізу еліміздің абыройы мен беделі үшін өте маңызды.
Бұл – біздің іргелі ел ретіндегі бұлжымас қағидамыз, – деп жазды Е.Бейсенбаев.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі Баку-Грозный бағытында ұшқан Embraer 190AR ұшағы Ақтау қаласының маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде бесеуі экипаж мүшесі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.