«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Экология» мәселелері жөніндегі кеңес мүшелері А.Асқаров атындағы дендропаркте көшпелі жиын өткізді. Жиынға партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, дендросаябақтың мамандары мен кеңес мүшелері қатысып, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Жиын барысында жұмысшы топ партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған экологиялық жобаларды қарады. Әсіресе, қаладағы өсімдіктер мен ағаштарды суару жүйесінің тиімділігіне назар аударылды. Жұмыс тобы бұл жүйенің тиісті деңгейде жүзеге асырылғанына көз жеткізді.
Еске сала кетсек, бұл мәселе бірнеше күн бұрын «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор» және «Экология» мәселелері жөніндегі кеңестердің бірлескен отырысында қаралған еді. Сол отырыста Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілқайыр дендросаябақтағы суару жүйесінің партияның сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылғанын айтқан болатын. Бүгінгі көшпелі жиын осы мәселенің жалғасы болып, оның орындалу барысы талқыланды.
Отырыста басты тақырып ретінде «AMANAT» партиясының Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Бұл бағдарламаның негізгі бағыты – қаланың тазалығын сақтау және жасыл аймақтарды ұлғайту. Партия мүшелері жүзеге асырылып жатқан шаралардың тиімділігі мен келешекте атқарылатын жұмыстарды талқылады.
Айта кетсек, Шымкент қаласында 2025 жылға дейін жасыл аймақтарды 21 544 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл жобаның аясында 6,5 миллионнан астам ағаш пен бұта отырғызу көзделуде. Жобаның жүзеге асуы қала экологиясын жақсартуға, жасыл аймақтардың көбейіп, тұрғындардың таза ауада демалу мүмкіндіктерінің арттыруға мүмкіндік береді.
Ал Ақтөбе облыстық және қалалық мәслихаттардағы «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында депутаттар жергілікті атқарушы органдармен бірге партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылады. Іс-шараға облыс және қала әкімі, облыс әкімінің орынбасары, департаменттер мен басқарма басшылары қатысты.
Былтыр «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы әзірленген еді. Басты мақсаты – халықтың тұрмыс деңгейі мен сапасын жақсарту. Бүгінде бағдарлама аясында нақты орындалу индикаторлары бар кешенді жоспар – Жол картасының 135 тармағы жүйелі іске асырылып келеді. Оның 122-сі биылғы жылға жоспарланған.
Жиынды ашып жүргізген партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұлов Жол картасын жүзеге асырудағы оң динамикаға назар аударды. Мәселен, биыл өңірде 6 мектеп, 4 медицчиналық пункт пайдалануға берілді. Сондай-ақ 3 спорт кешені, 2 ауылдық клуб және Ақтөбе қаласында балалар футбол академиясы ашылды. Алға, Әйтеке би, Мәртөк, Темір аудандарындағы бөгеттерге күрделі жөндеу жүргізілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына 633 пәтер берілді. «Жер аманаты» жобасы аясында 237,2 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Басқосуда өңір басшысы 2025 жылы атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі сайлауалды бағдарламаға негізделген Жол картасы аясында екенін айтып өтті.
– «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру – өңірді дамытудағы басым бағыт. 2025 жылға жергілікті бюджетті 439 млрд теңге көлемінде бекіттік, негізгі басымдық сайлауалды бағдарламаның Жол картасын орындауға бағытталған. Сонымен қатар қаражат бюджетті нақтылау қорытындылары бойынша ұлғайтылады, – деді Асхат Шахаров.
Сондай-ақ Жамбыл облысында да Жол картасы аясындағы жүйелі жұмыстар атқарылып жатқаны айқындалды. «AMANAT» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.
Басқосуға «АМАNAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.
Жиында қала әкімі «AMANAT» партиясының Тараз қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының 2024 жылғы орындалу барысы туралы баяндады. Айта кетейік, облыс орталығында аймақтық Жол картасы аясында қалада бірқатар жұмыс атқарылуда. Есепті кезеңде 62 көрсеткішке қол жеткізу көзделіп, оның 33-і орындалса, 14-і орындалу үстінде, алтауының жүзеге аспау қаупі бар.
Жиынды қорытындылаған партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов Жол картасын жүзеге асыру бағытында қала әкімдігімен бірлесе қолға алынған жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Н.ОРАЗҒАЛИ