Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы іске асырыла бастаған болатын.
«Таза бейсенбі» жалғаса береді
200
оқылды

Бұл игі бастаманы «AMANAT» партиясы қолдап, республика көлемінде «Таза бейсенбі» акциясын қолға алған еді. Жылдың соңғы бейсенбісінде де аманаттықтар игі дәстүр бойынша тазалық жұмыстарына бір кісідей жұмылды.

Түркістан қаласы

«AMANAT» партиясының «Таза бей­сенбі» экологиялық акциясы аясында Түркістан қаласының жастары, еңбек ар­да­гері Рая Евдокимованың тұрғылықты жеріне барып, үй ауласын ретке келтіруге жәрдем көрсетті. Аталған іс-шара партия­мыздың тағы бір маңызды жобасы – «Ар­да­герлерді ардақтайық!» жобасымен үйлесім тауып, жалғызілікті қарияға үйге күтім жасауға, айналаның тазалығын қамтуға көмек берілді.

Партия қолға алған байыпты бастамалар осылайша қоғамның ең әлсіз тобына ба­ғыт­талып, аға толқын мен жас буын ара-сындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғауға себепші болуда. Жастар осы іс-шараны өткізу арқылы азаматтар арасында өзара жанашырлық пен қамқорлық қасиеттерінің өріс алуына ықпал етуде, тазалықтың әр үйдің ауласынан басталуы керек деген ұғымды қоғам санасына мықтап орнық­тыруға күш біріктіруде.

Айта кетуіміз керек, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберіндегі «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» апталығы облысымыздың барлық аймағында өтіп, оған 19 мыңға жуық адам қатысты. Өзен, көлдер жаға­лауларынан, тау бөктерінен, тарихи және киелі орындардан, көпшіліктің демалыс орындары болып түзілген аймақтардан 275 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Күзгі мезгілде қарқынды жүрген тал егу жұмыстарына аманаттық өкілдер елеулі үлестерін қосты.

Солтүстік Қазақстан облысы

Уәлиханов ауданында партияластар зейнеткерлердің үйлерін қардан тазартты. Іс-шараға «AMANAT» партиясының бел­сенділері, еріктілер мен жергілікті тұр­ғындар қатысты.

Акция барысында шамамен 100 метр аумақ қардан тазартылды. Жалпы, «Таза бейсенбі» акциясы қоғамда ынтымақтастық пен мейірімділікті нығайтады, адамдар арасында жақсылық жасау мәдениетін қалыптастырады. Зейнеткерлер үшін ау­ласындағы қарды өз бетінше тазалау айтарлықтай қиындық тудырады. Сондық­тан осындай іс-шаралардың маңызы орасан зор. 

«Біз көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуға міндеттіміз. Әсіресе, зейнеткерлердің ал­ғысын алу ерекше қуаныш сыйлайды. Алда әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі деп үміттенеміз», – деді «AMANAT» партиясы Уәлиханов аудандық филиалының ат­қарушы хатшысы Маржан Латыпова.

Жамбыл облысы

«Таза бейсенбі» акциясы аясында Қарттар үйлері мен жалғызілікті қарттардың үй аулалары тазаланды. 

Мәселен, Қордай аудандық филиалы­ның ұйымдастыруымен аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында филиал қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, «Жастар Рухы» және Жастар ресурстық орталығының белсенді жастары, сонымен қатар әр ауылдық округтерде бастауыш партия ұйымдары қарт адамдар­дың үй ауласын қардан тазалау жұмыстарын жүргізді. 

Сонымен қатар Жаңа жыл мерекесіне орай қарт адамдарға жаңажылдық сый­лықтар табысталды.

Шығыс Қазақстан облысы

«Таза бейсенбі» акциясы аясында Глубокое ауданы Белоусовка ауылының Жукова және Центральная көшелері қар­дан тазартылып, арнайы техникалардың кө­ме­гімен 3 тоннадан астам қар шығар­ылды.

«Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Таза Қазақстан» ак­циясы бірреттік шара емес екендігін атап өткен болатын. Сондықтан да біз жыл көлемінде «Таза бейсенбі» акциясын өт­кізетін боламыз. Бүгін партияластармен бел­сенді жастардың қатысуымен Белоусовка ауылының бірнеше көшесі қардан таза­ланды. Алдағы уақытта ауданымыздағы ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тарының аулаларын қардан тазартып, өзге де ауладағы жұмыстарына қолұшын созуды жоспарлап отырмыз», – дейді «AMANAT» партиясы Глубокое аудандық филиалының төрағасы Анна Кузнецова.

Актөбе облысы

Партияның Хромтау аудандық филиалының «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында партия ардагері Асқар Садықов пен жалғызбасты Аманша Қалыбайдың ауласындағы қарды күреп берді.

Аманша Қалыбай өмірінің 45 жылын білім саласына арнады. Бүгінде жасы 73-ке толған қарияның қар тазалауға күш-қуаты жетпейді.

– Қар жауғанда қақпа ашылмай қалады, тазалауға бұрынғыдай күш-қуатымыз жоқ. Қарияларға көмекке келген жастарға ризамын. Уақыттарын бөліп, бар күшін салып, игі іс істеп жатқандарына алғыс білдіремін, – дейді ол.

Хромтау ауданында 43 жас бар. Олар 14-ке жуық қарияны өз қамқорлығына алған.

– Бүгін біз қариялардың ауласын қардан тазалауға көмектестік. Мұндай шараларды жыл сайын қыс басталысымен өткізіп жүрміз. Қариялар қиындықпен жалғыз күреспеуі керек. Оларға көмек қолын созу маңызды деп ойлаймын. Сон­дықтан бірінші кезекте зейнеткерлер мен жалғызбасты қарияларға көмек көрсет­іп жатырмыз, – деді филиалдың атқарушы хатшысы Майра Балқыбаева.

Жыл басынан бері «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері елуден астам қарт адамдарға көмектесті. Бұл жолы да рухтастар қос қарияны риза қылып, баталарын алып қайтты.

Шымкент қаласы

«AMANAT» партиясы Шымкент қала­лық филиалының ұйымдастыруымен кезекті «Таза бейсенбі» тазалық іс-шарасы өтті. Бұл экологиялық акцияға партияның қалалық және аудандық қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенді мүшелері, жергілікті әкімдік өкілдері және бірқатар еріктілер қатысты. Жалпы алғанда, шараға 100-ге жуық адам атсалысты.

Тазалық акциясы Еңбекші ауданы Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында ұйымдастырылды. Шара барысында көп­шілік жүретін жерлер қар мен мұздан таз­­ар­­тылып, шашылған қоқыстар жиналды, сондай-ақ қураған ағаштар мен шөптерден арылтылды. Бұл іс-шара қаланың тазалығын арттыруға, жергілікті тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағыт­талған.

«Таза бейсенбі» шарасы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізіліп келеді. Шара маусым айынан бастап апта сайын тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Осы уақыт аралығында акцияға 3,5 мыңға жуық адам қатысып, қала аумағынан 35 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Бұл акцияның басты мақсаты – қаланың тазалығын қамтамасыз ету, азаматтардың патриоттық сезімдерін ояту және экологиялық жауапкершілікті арттыру. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар жалғасып, Шымкент қаласының таза әрі жасыл болуына өз үлесін қосатын болады.

Н.ОРАЗҒАЛИ