Жыл сайын елімізде айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты әлеуметтік саладағы төлемдер көлемі де өзгереді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айлық есептік көрсеткіш
«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заңға сай, биыл 1 айлық есептік көрсеткіш (АЭК) 3932 теңге болып бекітілді. Былтыр бір АЭК 3692 теңге болған.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 43 407 теңгеден 46 228 теңгеге өсті. Бұл көрсеткіш базалық әлеуметтiк төлемдер сомасын белгілеу үшiн қолданылады.
Ең төменгі жалақы
Жаңа күнтізбелік жылда елімізде ең төменгі жалақы өзгеріссіз қалды.
Ең төменгі жалақы 2021 жылы 42 500 теңге, 2022 жылы 60 мың теңге, 2023 жылы 70 мың теңге болды. Ал 2024 жылы 85 000 теңге болған. Осы жылы бұл сома өзгерген жоқ.
Атап өтерлік жайт, елімізде ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі өзгеруі мүмкін.
Зейнетақы
1 қаңтардан бастап зейнетақы 8,5%-ға, ал әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5%-ға индекстелді.
Осылайша, мемлекеттік базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 32 360 теңге (2024 жылы — 28 215 теңге), ең жоғары мөлшері 50 851 теңге (2024 жылы — 45 578 теңге) болды.
Жасы бойынша зейнетақының ең төмен мөлшері — 62 771 теңге (2024 жылы — 57 853 теңге), ең жоғары сомасы — 162 195 теңге (152 295 теңге).
Базалық және жасы бойынша зейнетақының ең төмен мөлшері 95 131 теңге, ең жоғары сомасы 213 046 теңге болып белгіленді.
2025 жылы зейнет жасы өзгермейді: ерлер — 63 жас, әйелдер — 61 жас.
Мүгедек жандардың жәрдемақысы
Елімізде азаматтарға мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақы жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес қайта есептеледі.
Жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 74 428 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы:
I топ — 101 702 теңге;
II топ — 84 598 теңге;
III топ — 74 428 теңге.
Жалпы жәрдемақы:
I топ — 101 702 теңге (2024 жылы — 95 496 теңге);
II топ — 81 362 теңге (2024 жылы — 76 397 теңге);
III топ — 55 474 теңге (2024 жылы — 52 089 теңге).
Ата-анаға, бала асырап алушыға, қамқоршыға мүгедек баласы 18 жасқа толғанға дейін тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы — 74 428 теңге (2024 жылы — 69 886 теңге).
І топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасаушыға да дәл осындай сомада жәрдемақы төленеді.
Бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы
«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері мынадай мөлшерлерде белгіленген:
1-ші балаға — 5,76 айлық есептік көрсеткіш;
2-ші балаға — 6,81 айлық есептік көрсеткіш;
3-ші балаға — 7,85 айлық есептік көрсеткіш;
4-ші және одан кейінгі балаға 8,9 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Соған сай, 2025 жылғы төлем былай белгіленді:
1-ші балаға — 22 649 теңге (2024 жылы — 21 266 теңге);
2-ші балаға — 26 777 теңге (2024 жылы — 25 143 теңге);
3-ші балаға — 30 867 теңге (2024 жылы — 28 982 теңге);
4-ші және одан кейінгі нәрестелер үшін — 34 995 теңге (2024 жылы — 32 859 теңге).
Одан бөлек, босанған анаға берілетін бірреттік жәрдемақы — сүйіншіпұл бар. Биыл бірінші, екінші және үшінші балаға 149 416 теңге (38 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға 247 716 теңге (63 АЕК) сүйіншіпұл төленеді.
Көпбалалы анаға берілетін жәрдемақы
Көпбалалы отбасына отбасылық кірісіне қарамастан сараланған жәрдемақы беріледі:
төрт балаға — 63 030 теңге (2024 жылы — 59 183 теңге);
бес балаға — 78 798 теңге (2024 жылы — 73 988 теңге);
алты балаға — 94 565 теңге (2024 жылы — 88 973 теңге);
жеті балаға — 110 332 теңге (2024 жылы — 103 598 теңге);
сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға — әр балаға 15 728 теңгеден (4 АЕК) қосылады (2024 жылы — 14 768 теңгеден).
«Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес, көпбалалы отбасы болып кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жастан аспаған болуы керек) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылар жатады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне берілетін жәрдемақы
Елімізде «Күміс алқа» алқа алған аналарға 6,4 АЕК, «Алтын алқа» алған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 7,4 АЕК мөлшерінде жәрдемақы беріледі.
2025 жылы бұл төлемдер былай белгіленді:
«Күміс алқа» иегеріне — 25 165 теңге (2024 жылы — 23 629 теңге).
«Алтын алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлеріне — 29 097 теңге (2024 жылы — 27 321 теңге).
Студенттер шәкіртақысы
Үкімет қаулысымен 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап колледждер мен ЖОО студенттерінің стипендиясы артты.
Колледж студенттері үшін шәкіртақы 50 пайызға өсіп, жұмысшы мамандықтары бойынша 43 574 теңге, орта буын мамандары үшін 41 896 теңге болды.
Бакалавриат студенттерінің стипендиясы 20 пайызға артып, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың стипендиясы 75 600 теңгеге дейін көтерілді.
Интернатурада оқитындарға стипендия 85 376 теңге, ал резидентурада 123 122 теңге көлемінде белгіленді.
Магистранттар мен докторанттарға стипендия 15 пайызға ұлғайтылды, оның мөлшері тиісінше 107 061 теңге және 240 000 теңге болды.
2025 жылғы 1 қыркүйекте шәкіртақы тағы өседі: бакалавриат студенттеріне 20 пайыз, магистранттар мен докторанттарға 15 пайыз.
Айыппұл мөлшері
Биылғы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) былтырғыға қарағанда 240 теңгеге көбейтілгенін жоғарыда айттық. Соған сай енді айыппұл сомасы да артатын болады.
Көпшілікке жақсы таныс тәртіп бұзушылық түрі — қоғамдық орынға немесе белгіленбеген жерге қоқыс тастауды мысалға алайық. 2024 жылы бұндай әдепсіздік жасаған адам 10 АЕК мөлшерінде, яғни 36920 теңге айыппұл арқаласа, бүгіннен бастап бұл сома 39320 теңгеге өседі. Осылайша, әрбір айыппұлдың мөлшері оны белгілеу кезінде қолданылған АЕК санына сай артып отырады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.