Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тоқаев Байденге көңіл айту жеделхатын жолдады
699
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Джозеф Байденге көңіл айту жеделхатын жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы Жаңа Орлеан қаласындағы қайғылы оқиға салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізіп, АҚШ президенті мен жақынынан айырылған отбасыларға өзінің және Қазақстан халқының атынан көңіл айтты.

Сонымен қатар Президент зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп, мұндай қастандық әрекетті қатаң айыптайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік, кеше Жаңа Орлеан қаласындағы туристер көп жүретін Бурбон көшесінде күдікті жүк көлігімен адамдарды басып өтіп, кейін оқ жаудырған. Салдарынан 15 кісі көз жұмды. Күдіктінің көзі жойылған.

Жаңа Орлеан полициясы адамдарды қасақана қағып, оқ атқан күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Шамсуд Дин Жаббар есімді 42 жастағы америкалық болып шықты. Күдіктінің көлігінен «ДАИШ» лаңкестік тобының туы мен 2 жарылғыш зат табылған. АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы ол жалғыз әрекет етпеген деп есептейді.