Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында елдегі реформалардың, экономиканы дамыту үшін қабылдап жатқан шаралардың бәрі азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды көздейтінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Үкіметтің ең басты міндеті – азаматтардың әл-ауқатын жақсарту
www.akorda.kz
629
оқылды

– Біздің реформаларымыздың, экономиканы дамыту үшін қабылдап жатқан шараларымыздың бәрі азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды, тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Басқа мақсат жоқ, бұл – Үкіметтің ең басты міндеті.

Былтыр жазда 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданғанын қаперіңізге сала кетейін. Онда жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру қарастырылған.

Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Бұл жоба еліміздің көлік-транзит инфрақұрылымын түбегейлі өзгертеді. Осы бағыттағы теміржолдың жүк тасымалдау мүмкіндігі 5 есе артады, контейнер пойыздары жүкті бұрынғыдан едәуір жылдам жеткізетін болады. Бір айта кетерлігі, мұндай ауқымды жоба алғаш рет өз жобалаушыларымыздың, инженерлеріміз бен құрылысшыларымыздың күшімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржолдың құрылысы аяқталады. Бұл жоба Алматы теміржол торабына түсетін салмақты едәуір азайтып, жүк жеткізу мерзімін қысқартады. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру үшін вагондар жаңартыла береді. Биыл энергетика саласында жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл энергетика» саласы да зор серпінге ие болады. Шетел инвесторларымен жел, күн және су электр стансаларын салу туралы келісімдеріміз бар.

Теңіз кенішін келешекте кеңейту жобасының құрылысы аяқталады. Мұнай өңдеу, мұнайгаз-химия саласын дамыту ісіне баса назар аударылады. Атап айтқанда, Ақтау битум зауытының өндірістік қуаты арта түседі. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры, «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырының төртінші желісі, сондай-ақ Атырау облысындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы пайдалануға беріледі.

Машина жасау саласын дамыту жұмыстары да жалғасады. Әлемге әйгілі брендтерге тиесілі автокөліктер құрастыратын жаңа өндіріс орындары іске қосылады. Қостанайда іштен жану қозғалтқышына қажетті шойын құймалар және жетекші белдемнің бөлшектері шығарыла бастайды. Экономиканың дамуына зор серпін беретін ірі инфрақұрылым нысандарын салуға Ұлттық қордың қаражатын жұмсауға болады, дұрысы, жұмсау қажет деп санаймын. Бұл қор ақшаны шетелдің қаржы институттарында қаттап-шоттап сақтау үшін емес, осындай мақсаттарға жұмсау үшін құрылған жоқ па?!

Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласын одан әрі дамыту, баспаналарды қолжетімді ете түсу үшін шаралар қабылдайды. Кезекте тұрған азаматтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс жалғасады. 2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың адам осындай баспанаға ие болады деп жоспарланған. Мен жақында тұрғын-үй саясатына қатысты түзетулер енгізілген заңға қол қойдым. «Отбасы банкі» баспанаға мұқтаж адамдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тізімге алумен және оларға баспана бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылады. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның аясында ауылдық жерлерде медицина нысандарын салу жұмыстары жалғасады. Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның 105-інің құрылысы аяқталды. Мақсатымыз – апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін, сондай-ақ мектептегі орын тапшылығына қатысты түйткілдерді толығымен шешу.

Бір ай бұрын 2025–2027 жылдарға арналған Республикалық бюджет қабылданды. Құжатта әлеуметтік бағыт басты басымдық ретінде сақталды. Онда денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылған, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.