Алматыда әйел туған әпкесін өлтіріп, денесін бөлшектеп тастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Криминальный Казахстан»» басылымының мәліметі бойынша, 2 қаңтар күні Green Recycle ЖШС қоқыс өңдеу кәсіпорны аумағынан 68 жастағы әйелдің бөлшектенген денесі табылған. Қалдықтар полиэтилен пакетке салынған, дененің басы мен аяғы болмаған.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде 67 жастағы әйел ұсталып, қамауға алынды.
«Ұзақ уақыт бойы қалыптасқан келіспеушілік негізінде күдікті өз әпкесін қатігездікпен өлтірген. Қазіргі уақытта адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр», – деп хабарлады полициядан.
Алдын ала мәліметтер бойынша, қайғылы оқиға 30 желтоқсанда Алматының 7-ықшамауданы аумағындағы пәтерде болған. Күдікті әпкесіне балтамен ауыр соққы жасап, денесін бөлшектеген. Содан кейін дене қалдықтарын қоқыс контейнеріне тастаған.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.