Есірткімен күреске екпін беріледі

Биыл есірткі саудасына қарсы ауқымды «соғыс» жарияланған жыл ретінде тарихымызда қалуы мүмкін.

Президент кез келген ұлттың тұқымын тұздай құртар ғасыр кесапатымен сұрапыл шайқастағы тарихи бетбұрысқа жол ашатын заңға қол қойды. Ол осы күреске тартылған құрылымдарға жетік тетік, жойқын арсенал ұсынады. Мысалы, «есірткі барондарының» тірегін күйрету үшін қызмет бабын теріс пайдаланған шенділер де өмір-бақи түрмеге жабылады. Қылмыстық кодексте жаңа жаза түрлері пайда болды. Өзге де жаңалықтар өмірге жолдама алды.

Кейбір жаза неге жұмсарды?

Жер-жаһанда нашақорлық жазылмас ғасыр індетіне айналды. Ғаламтордың DarkNet көлеңкелі секторы, Telegram-арналар, әлеу­меттік желілер есірткі саудасын одан сайын қыздырды және оны ұйымдас­тыру­шы­ларды ұстау ісін жеріне жеткізе қиындатты. Бұл құрдымдағы қылмыскерлер «желілік мар­ке­тинг­ті» қолдана бастады. ІІМ сарапшыларының ай­туынша, мәселен алаяқтар негізінен, егде жас­­тағыларды айналсоқтаса, есірт­­кі сау­да­герлері, әсіресе жас­тар­ды және қал­талы аза­мат­тарды ториды, жо­лын кесіп, алдын кес­кес­­тей­ді. Сөйтіп, оларды торға түсі­ріп, ор­ға жы­ға­­ды. Қазіргі синте­ти­ка­лық есірткінің және бас­­қа түр­лері­нің дәмін бір алған байғұс адам­ның одан енді құтылуы неғайбыл. 

Сондықтан осы саладағы ұлттық заңнамаға ре­визия жүргізіп, заманға сай жетілдіретін уақыт жетті. Осы орайда Мемлекет басшысы 2025 жылғы 2 қаңтарда «Кейбір заңнамалық ак­тілерге есірткі, психотроптық заттардың, сол тек­тестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қар­сы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Заң ел Президентінің 2024 жылғы 15 нау­рыз­да Ұлттық құрылтайда берген тапсыр­ма­ларын орындауға бағытталған. Ол бір жағынан, есірткі өндіруді және өткізуді ұйым­дас­тыру­шы­ларға жауапкершілікті қатаңдатуды, екінші жа­ғынан, есірткіні жасырын орналас­тыру­шы­ла­р­ға қолданылатын шараларды керісінше, жұм­сартуды қарастырады.

Есірткіні тығушылардың жазасы аздап жеңіл­деді. Мәселен, қылмысын ауыр­ла­татын мән-жайлар болмаса, алғаш рет мұн­дай қыл­мыс жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, 5 жыл­дан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостан­дығынан айыру көзделген. Бұған дейін мүлкін тәркілей оты­рып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостан­дығынан айыратын.

Ақорданың түсініктемесінде айтылғандай, жаза мұндай қылмысқа тартылатындардың, яғни есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жұм­сартылды. Олардың есірткіні дайында­май­тыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйым­дастырушылардың тұзағына түсетіні ес­керілді. Алайда қылмыстық әрекетті бірнеше рет қайталаса, оны мүлкін тәркілей отырып, 7 жыл­дан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза күтеді.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары ко­ми­тетінің мүшесі Наурызбай Байқадамовтың тү­сіндіруінше, бұл құжатта қызмет бабын пай­даланып қылмыс жасаған: мысалы, есірткі тарат­қан, есірткі саудасын ұйымдастырған лауа­зымды тұлғалар, шенеуніктер, әкімқаралар жә­не басқасы үшін қылмыстық жаза қатай­тыл­ды. Бұрын олардың мүлкі тәркіленіп, 10 жыл­дан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостан­ды­ғынан айырылатын. Биылдан бастап мүлкі тәр­кілене отырып, 15 жылдан 20 жылға дейін не­месе айыбы ауыр болса, өмір бойына темір тор­ға қамалады. Яғни, бұрынғы ең жоғарғы жа­за ең төменгі межеге айналды. 

– Бұл қызмет бабын теріс пайда­лану­шы­лық­қа қарсы тежеуші фактор болады деп есеп­тейміз. Жалпы, бұл заңның тұжырым­дама­лық бас­ты бір жаңашылдығы сол, оған сәйкес Қа­зақ­станда есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өндіру мен өткізудің арасын­да­ғы қылмыстық жауапкершілікті ажыратады. Сол арқылы есірткі бизнесін ұйымдас­тыру­шы­лар­дың және есірткіні өткізушілердің, оның ішін­де «закладчик» деп аталып кеткен тұлға­лар­дың арасындағы жазаны саралайды. Бірін­ші­лері үшін жаза күшейтілді, екіншілеріне – шамалы жұмсартылды, – деді сенатор Наурыз­бай Сейтқалиұлы.

Заңға бастамашы болған депутаттардың пайым­дауынша, құпия орындарға есірткі жа­сыруға, соған сілтеме жасайтын граффити, жаз­ба қалдыруға немесе есірткі саудалайтын сайт­тарға, телеграм-арналарға апаратын QR-код­тарды жапсыруға негізінен, жұмыссыздар, тұр­мысы төмен жандар – маңдайы тасқа тиіп, өмір­ден тепкі жегендер барады. Сондай-ақ қас­көйлер бұл қарау әрекетке оқушыларды кең тар­та бастады. Оларды: «Жасың 18-ге толмаса, сені соттай алмайды», – деп алдайтын көрінеді. Сондықтан аяғын шалыс басқандардың бәрін қа­таң жазалай берсе, түрмелер жас ұрпаққа то­лып кетуі мүмкін.

Ұрпақты қорғау – ұлық мұрат

Жазаны саралау аясында Парламент Қыл­мыс­тық кодекстің 297-бабын өзгертіп, есірткі, пси­хотроптық заттарды, сол тектестерді сату мақ­сатында иемдену, сақтау, тасымалдау, жө­нел­ту, не өткізу қылмыстарының бірқатары үшін жаза мерзімдерін 2-3 жыл мерзімге тө­мен­детті. Бірақ олардың бәрінің мүлкі тәр­кі­ле­неді.

Соның ішінде есірткі, психотроптық зат­тар­ды, сол тектестерді өткізу мақсатында заң­сыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, та­сымалдау, оларды жөнелту не өткізу үшін жа­за бұрынғы 10 жылдан енді 8 жылға дейін, ірі көлемде болса, 12 жылдан 10 жылға дейін, аса ауыр және ұйымдасқан топпен жасаған жағ­­­­дайда 15-тен 12 жылға дейін азайтылды. Н.Байқадамовтың айтуынша, бұл жаза бас­қандар ертерек шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігін алуы үшін жасалыпты. Бұған ке­рісінше, жоғары тұрғандарға, есірткі биз­не­сін ұйымдастырушыларға және өндірушілерге қатысты жаза ауырлады. 

Есірткінің және күшті әсер ететін зат­тардың заң­сыз айналымына қарсы іс-қи­мылдың тиім­ділігін арттыру мақсатында бас­қа да шаралар қа­былданды. Мәселен, қыл­мыс­тық топ ар­қы­лы аса ірі мөлшерде құрамын­да есірткі заттары бар және өсіруге тыйым са­лынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін заң жүзінде жауапкершілік белгіленді.

Қылмыстық кодекс есірткі бизнесін ұйым­дастырушылар, есірткіні, психотроптық зат­тар­ды және сол тектестерді өндірушілер үшін жауап­кершілікті белгілейтін жаңа 297-1-баппен толықтырылды. Олардың жазасы бас бос­тан­дығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұлғайту арқылы күшейтілді.

Заңда Қылмыстық кодекстің 301-бабын то­лықтыру арқылы ел ішінде күшті әсер ететін зат­тардың заңсыз айналымы мен өндірісі үшін жа­за белгіленіп отыр. Себебі бұған дейін Қыл­мыс­тық кодекс нормаларына сәйкес олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік қарас­тырылған-тын. Прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттар кең ауқымда заңды айна­лым­да жүр, мысалы, ауруханалар пайдаланады. Осы­ны ескере отырып, оларды қолдану ере­же­лерін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкерші­лік қосылды. 

Заңда университеттерде, мектептерде – білім беру ұйымдарында немесе кәме­лет­­ке толмаған адамға қылмыстық топ қата­рын­да есірткі таратушыларды жазалайтын қа­таң үкім сақталды. Олардың мүлкі тәркі­ле­не­ді және 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Бұл ретте де­­путаттар оқушыларға есірткі сатқан педа­гог­тер­ге қосымша жаза ретінде босап шыққаннан кейін оларды «белгілі бір лауазымдарды атқару не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруды» ұсынған болатын. 

Оның үлгісі де бар: қолданыстағы заңна­мада кәмелетке толмаған адамды қыл­мыс­тық құқықбұзушылықтар жасауға, сондай-ақ қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту үшін ұқсас қосымша жаза көзделген. Бірақ жұмыс тобы оны қолдамады. Ішкі істер министрінің орын­басары Санжар Әділов заңнамалық тү­зетулерді қарау барысында шын мәнінде сон­дай мәселелер туындағанын растады. 

– Бірақ Қылмыстық кодекстің 297-ба­бы­ның 4-бөлігінің негізгі санкциясы онсыз да өте қа­таң жауапкершілік шарасын қамтиды. 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру – бұл, әрине ұзақ мерзім. 2024 жылы білім беру ұйым­дарында есірткі өткізу фактілері тіркел­ме­ді. Бүгінде барлық мектебіміз 100% бейне­ба­қылаумен жабдықталды. Олардың әрқай­сы­сына кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учас­келік полиция инспекторы бекітілді. Егер бо­лашақта қажет болып жатса, қылмыстық заң­наманы одан әрі жетілдіру шараларын тал­қылауға дайынбыз, – деді Санжар Әділов.

Алдын алған озады

Жазалаумен ғана есірткі саудасын жеңу мүмкін емес. Нарық заңы бойынша сұраныс туындаған жерде ұсыныс пайда бола­ды. Сондықтан қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақ арасында нашақорлықтың алдын алу шаралары күшейтілуге тиіс. 

Ішкі істер министрі орынбасарының мәлі­ме­тінше, 2024 жылы есірткі саудасымен айна­лыс­қан 49 жасөспірім тұтқындалған. Бас бос­тан­дығынан айыру орындарында 9 бала отыр. Үлкен бөлігі бұрынғы амнистиялар барысында босап шыққаны мәлім.

«Олардың бәрі қылмысқа ақша табу үшін бар­ған. Бізде оларды ұстап тұру үшін Қазақстан бойынша жалғыз ғана колония қарастырылған, ол Алматыда орналасқан. Босап шыққаннан кейін қайта оралмауы үшін олардың арасында про­филактикалық іс-шаралар, дәрістер өткі­зі­леді. Наркологтарды, психиатрларды, үкі­мет­тік емес ұйымдардың өкілдерін шақырамыз. Ко­лониялардағы профилактика білім беру, ме­дициналық және жедел іс-шаралардан тұра­ды. Нашақорлар болса, оңалту-реаби­ли­та­ция­дан өтеді», – деді С.Әділов.  

2024 жылы республика бойынша 15 мыңнан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізілген екен. По­лиция осы күреске тартылған қоғамдық ұйым мамандарымен бірге жоғарғы оқу орын­да­рын, колледждерді, мектептерді аралап, 1 мил­лион­нан астам адамды қамтыды. 

Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұр­лыбаевтың айтуынша,  осындай қиын жағ­дайға душар болған балаларды медициналық-әлеуметтік реабилитациялаумен айналысатын ор­т­а­лықтар тек 17 өңірде бар. Ендеше олардың желісін әрі қарай дамытқан жөн. Озық елдерде әрбір ірі қалада тиісті орталық жұмыс істейді. Денсаумині 2025 жылы оңалту орталықтарымен өңірлерді толық қамтуды жоспарлады. Осы мақсатта бүгінде қалған 3 өңірде орталық ашу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. 

– Бұл орталықтарда бірінші кезекте ме­ди­ка­ментозды емес реабилитацияға екпін түсі­рі­ле­ді. Дәрілер де болады, әйткенмен тәрбиеге, ерік-жігерді шынықтыруға, еңбек терапиясы элементтерін пайдалануға баса мән беріледі. Ең­бекпен жүктелген балалардың ерігіп, ермек іздеуіне уақыты қала бермейді. Бұдан бөлек, заң­наманы жетілдіру аясында дәріханалар ар­қы­лы уытты, күшті әрекеті бар дәрілік заттарды са­ту күрделендірілді. Бұл заттардың тізімін ІІМ-мен келісіп, арнайы бұйрықпен бекітеміз, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Ол күшті әсер ететін заттары бар дәрілік пре­параттарды тіркеу, айналымға жіберу, жою Ден­саулық кодексімен, бірқатар нормативтік құ­қықтық актімен қазірден қатаң регламент­тел­генін жеткізді. Өйткені әлеуметтік желідегі зиян­ды нұсқауларды оқып, видеосын көрген жа­сөспірімдер «мультик көру», «жаңа кеңіс­тік­­­­терді ашу» үшін мұрынға, көзге тамызатын жә­не басқа дәрмектерді, трамадол сияқты есірт­кілік опиоидты анальгетиктерді тұтынуға әуес­тене бастаған болатын. Бұған жаңа заң тос­қауыл қоюға тиіс. 

Қазақ елі дарыны зор, арыны керім, ойы ұш­қыр, адымы алшақ ұрпақтан кенде емес. Ұлт ке­лешегінің кілтін, болашақ елдің божысын со­лар қолына алса, жөн. Демек, мемлекеттің маңыз­ды бір міндеті оларды есірткі саудалау­шы­лар құрған тұзақтан қорғап қалып, жарқын бо­лашағына аман-есен жеткізу болмақ.

Айхан ШӘРІП