Олар қаза болған жолаушылардың қарызын өз есебінен жаппақ.
Ақтаудағы ұшақ апаты: банктер қаза тапқандардың несиесін кешіретін болды
229
оқылды

Әзербайжан банктері мен несиелік ұйымдары 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың несиелерін кешіру жайлы шешім қабылдады.

Report хабарлағандай, бұл жайлы банктер қауымдастығы (ABA) мен Әзербайжан микроқаржыландыру қауымдастығының (AMFA) бірлескен мәлімдемесінде айтылған. Ақпаратқа сәйкес, қаза тапқандардың отбасыларына деген жанашырлықтан осындай шешім қабылдаған. Енді марқұмдардың несиелерін банк пен несие ұйымдары өз есебінен жаппақ. 

«Баку-Грозный рейсінің экипаж мүшелері мен жолаушыларының қайғылы қазасы бүкіл елді, оның ішінде Әзербайжанның банк қауымдастығына да ауыр тиді.  Әзербайжан орталық банкінің ұсынысы бойынша ABA және AMFA қаза тапқандардың несиелерін есептен шығарады. Қаза тапқандардың отбасы мүшелеріне көңіл айтамыз және зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектеспіз», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Әуе кемесі Бакуден Грозныйға бағыт алған еді.