Британдық Telegraph басылымының материалдарына сүйенген Aikyn.kz Калифорнияда өршіген орман өртінің салдарын хабарлайды.
Тұрғындар бірнеше шақырымдық кептелістен шыға алмай көліктерін жол жиегіне тастап кетуге мәжбүр болған. Фото latimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Wally Skalij
Калифорнияда орман өрті өршіп тұр, Голливуд жұлдыздары қымбат үйлерін тастап қашуға мәжбүр болуда. Сейсенбі күні (7 қаңтар) Калифорнияның оңтүстігінде басталған өрттен сақтау үшін билік кем дегенде 30 000 адамды, соның ішінде Голливуд жұлдыздарын қауіпсіз жерлерге эвакуациялауға шешім шығарды.
Алғашқы өрт сейсенбіде (7 қаңтар) Лос-Анджелестің солтүстік-шығысындағы тау етегінде орын алған. Бұдан кейін Бен Аффлек, Том Хэнкс, Риз Уизерспун және Стивен Спилберг сияқты атақты адамдар тұратын қаланың ауқатты Pacific Palisades ауданы маңында да жаңа өрт ошақтары байқалған.
Өрт бірнеше сағатта 4 гектардан 1200 гектар жерге дейін тараған. Фото telegraph.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Ethan Swope
Өрт бірнеше сағатта 4 гектардан 1200 гектар жерге дейін тараған, бірақ билік жағдай бұдан да жаман болатынын ескертуде. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жойқын өрттердің қаңтар айында шығуы «ерекше жағдай», өйткені өрт маусымы әдетте мамыр-маусым айларына дейін созылады.
«Жұлдызды соғыстар» актері Марк Хэмилл Малибудағы үйінен «соңғы минутта» эвакуацияланды. Ол Instagram парақшасында жолдың екі жағындағы «кішкентай өрттерден» үйінен шыға алмай қалғанын жазған.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 22.00-ден таңғы 5.00-ге дейін (GMT 6.00-ден 13.00-ге дейін) соққан «өмірге қауіп төндіретін және жойқын» желдердің салдарынан өрт тез тарағаны айтылуда. Тұрғындар Малибу мен Санта-Моника жағалауындағы қалалар арасындағы ауқатты Pacific Palisades ауданды тастап шыққандықтан, Sunset бульварында бірнеше шақырымдық көлік кептелісі пайда болып, кейбіреулер көліктерін жол жиегіне тастап кетуге мәжбүр болған.
Оңтүстік Калифорниядағы соңғы онжылдықтағы ең жойқын желдің екпіні сәрсенбі күні түске дейін 160 км/сағ дейін жетеді деп болжануда. Өрт қаупі әлі де бірнеше күнге созылатын түрі бар.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.