Құрылысшылармен әңгімелесу барысында депутаттар Парламентте қабылданған заңдардың жүзеге асырылуы жөнінде пікір алмасты.
Депутаттар Жаңаөзендегі гибридті электр стансасының құрылысымен танысты
194
оқылды

Маңғыстау облысында күн, жел және газ энергиясымен жұмыс істейтін 247 МВт гибридті электр стансасы салынып жатыр. Бүгін Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин және Самат Мұсабаев осы стансаның құрылысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Нысан құрылысы 2024 жылы басталған. Ол – «Қазмұнайгаз» ҰҚ және италиялық «ENI» компаниясының бірлескен жобасы. Бас мердігер – «Hi-Teck «Qazaqstan» серіктестігі.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде көміртектік бейтараптық стратегиясын жүзеге асыру басталғандығын атап өтті.

– Күн электр стансасы 50 МВт, жел станциясы 77 МВт және газ стансасы – 120 МВт қуатпен жұмыс істейді. Гибридті станса  Жаңаөзен қаласындағы кәсіпорындарды, мұнай өндіруші компаниялар мен «Қазмұнайгаз» газ өңдеу зауытын электр энергиясымен тұрақты түрде қамтамасыз етеді, – деді Е.Жаңбыршин. 

Құрылысшылармен әңгімелесу барысында депутаттар Парламентте қабылданған заңдардың жүзеге асырылуы жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы заңның артықшылықтарын ортаға салып, бұл құжат Президенттің қоғамда әділдік орнатуға бағыттағанына назар аударды.

Айта кету керек, Маңғыстауда салынып жатқан гибридті электр стансасы инновациялық жоба. Елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Станса іске қосылған соң 70 адам жұмыспен қамтылады. Аймақты энергиямен қамтамасыз етудің жаңа көздері көмірқышқыл газының қалдықтарын азайтады. Станса құрылысын 2026 жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған.