Сенат депутаттары Наурызбай Байқадамов және Руслан Рүстемов, “AMANAT” партиясы фракциясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев Сыр өңірінде болды. Өз кезегінде халық қалаулылары тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ түріп, әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты.
Сапар барысында депутаттар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Арал ауданында салынған 300 орындық «Жайлы мектеп» ғимаратының пайдалануға беру рәсіміне куә болды. Іс-шара барысында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
Негізінен Қызылорда облысында ұлттық жоба шеңберінде 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салу көзделген. Соның негізінде бұған дейін мұндай білім ордасы Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында ашылып, ел игілігіне табысталды.
Теңізді өлкеде ашылған кезекті 300 орындық білім ордасында оқушылардың сапалы білім алып, ұстаздардың шығармашылық жолында шыңдалуына толық мүмкіндік жасалған.
Бұл күні аралдық ағайынның көптен күткен қос қуанышы орындалып, мәре-сәре күйге бөленді.
Атап айтқанда, “AMANAT” партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауданға қарасты Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана мәселесі шешімін тапты.
“Жаңа емдеу орнында емделушілерге барлық жағдай жасалған. Аурухана соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Енді кент халқы дертіне шипа іздеп, аудан орталығына сабылмайтын болды. Елдің талап-тілегін ескеріп, жайлы да сапалы емдеу мекемесінің салынғанына көптің ризашылығы шексіз. Мемлекет тарапынан салауатты өмір салтын ұстанып, жоғары деңгейде емдеу шараларын жүргізуге жаңа аурухананың толық мүмкіндігі бар”, – дейді Арал аудандық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Қуанышбаев.
Сонымен қатар осы күні Сексеуіл кенті мен Шижаға елді мекені көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алды.
Жалпы, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында өңірді газбен қамтамасыз ету бойынша 64 жобаны іске асырып, халықтың табиғи газбен қамтамасыз ету үлесін 80 пайызға жеткізу мақсаты қаралған. Соның негізінде Арал ауданына қарасты қос елді мекеннің 15 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынның игілігіне бөленіп отыр.
Осы орайда айта кеткен жөн, Сексеуіл кентінде АГТС орната отырып, «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салуға 1 804,8 млн теңге, Сексеуіл кентіне газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысына 1 665 402, 9 және Шижаға кентінде газ құбыры желілерін салуға 1 528,2 млн теңге қаржы бөлінген.
Арал өңіріне сапары барысында фракция мүшелері аудан орталығындағы аспалы көпір құрылысымен танысты.
Жалпы ұзындығы 940 метр болатын көпірдің бас жобалаушысы «АлматыДорПроект», ал мердігер мекеме – «РИТМ» серіктестігі. Жобаға 3 млрд-қа жуық қаржы бөлінген. Құрылысы 2023 жылы басталып, биылғы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жалпы, аудандағы ескі теміржол өткелі көлік кептелісін туғызып тұр. Соның ішінде жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдарының кезек күттірмейтін қызметтік көліктеріне, тұрғындарға кедергі келтіруде. Жаңа көпір осындай келеңсіздіктерді еңсеруге сеп болмақ.
Сонымен қатар депутаттар партияның “Халықпен бірге!” сайлауалды бағдарламасы негізінде аудандағы 150 отбасының баспана алу сәтіне куә болды.
Халық қалаулылары Сыр өңіріне сапары барысында Қазалы, Жаңақорған және Шиелі аудандарында да болып, бірқатар нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы