Ауылда арақ сатылмайды

Қарағанды облысында ішімдік сатпайтын ауыл саны артты. ­Бүгінде 63 елді мекенде арақ жоқ. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл аумақта ешқандай қылмыс тіркелмеген.

– Облыста «Ішімдіксіз ауыл» жобасы жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 63 елді мекенде тұрғындар алкоголь сатудан және спирттік ішімдіктермен салтанатты іс-шаралар өткізуден толығымен бас тартты. Ереженің сақталуын ауыл ақсақалдары бақылайды. Жоба оң нәтиже берді. Жыл басынан бері бұл елді мекендерде қылмыс болмады, – дейді Қарағанды облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орын­басары Жасқайрат Қайыров.

Оның айтуынша, ішімдіксіз ауылдар облыстың барлық жеті ауданында бар. Олардың көпшілігі Ақтоғай, Қарқаралы және Осакаров аудандарында.

Негізінен, бұл бастаманы ауыл ақса­қалдары көтеріп, тұрғындар құптаған. Өңір халқы қылмыстың алдын алуға белсене атсалысады. Бүгінде құқық қорғау бағытында жұмыс істейтін 144 қоғамдық құрылым бар. Ауылдық жерлерде құрылған 14 жасақ учаскелік инспекторларға көмектеседі. Жоғары оқу орындарында студенттерден құралған 6 жасақ қоғамдық тәртіпті қада­ғалайды. 

Жасқайрат Қайыров құқықбұзушылықтар көбіне мас күйде жасалатынын да атап өтті. Бірақ жанжалдардың жалғыз себебі алкоголь ғана емес. «Сондықтан жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіпкерлікті қолдау, бос уа­қытты ұйымдастыру сынды әлеуметтік шаралар маңызды», – дейді ол.

Айта кету керек, 2024 жылы қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін 30-дан астам адам ақшалай сыйақы алды.

Жастармен өткен арнайы жиында да Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастар қылмысының алдын алу бойынша барлық тиімді жоба мен шараны қолдану қажеттігін атап өтті.

– Жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл жұмысқа жастар ұйымдары мен ҮЕҰ тар­тылуы керек, – деп атап өтті өңір басшысы.

«Ішімдіксіз ауыл» жобасын алғаш болып қолдаған Қарабұлақ ауылында тұрғындар ішімдіктен толықтай бас тартқан. Қарабұлақ ауылындағы ең үлкен дүкеннің иесі Дина Төлегенова бизнесін үш жыл бұрын бастаған. Содан бері ішімдік сатқан емес. 

«Ашылғаннан бері арақ, темекі, насыбай сатпаймыз. Жолдасымыз екеуміз солай шештік. Адал еңбегімізбен жұмыс істейік деп. Сұрап келетіндер бар. Біз сатпаймыз деп айтамыз», – дейді дүкен иесі.

Ішімдіктен сап тыйылған ауылда оң өзгеріс өте көп. Соңғы 3-4 жылда мұнда ешқандай тәртіп бұзушылық, қылмыс тіркелмеген. Бірақ босаңсуға болмайды. Алдын алу жұмыстарын ақсатып алмау үшін учаскелік полиция инспекторы күніге ауылды бір аралап шығады. Соңғы 3 жылда бұл ауылда бірде-бір қылмыс болмаған. Сонда да учаскелік полиция қызметкері Аманбек Әубәкіров қырағылығын жоғалтпайтынын айтады.

– Біздің ауылдың тұрғындары бұрын да ішімдікке бейім емес еді. Ал енді жалпы шешіммен маскүнемдікке толық тыйым салынды. Бізде заңбұзушылық жоқ, қылмыстар әлдеқайда аз. Қарабұлақта 500 адам тұрады. Олардың бестен бірі – жастар. Көп адам спортқа қызығушылық танытады. Ауылдың өз волейбол командасы бар, олар облыстық, тіпті республикалық жарыстарға қатысады, – дейді Аманбек Әубәкіров.

Сондай-ақ бұл ауылда жыл сайын «Үздік бизнес жоба» байқауы өткізіліп тұрады екен. Оған жергілікті фермерлер демеуші болады. Ақша Қарабұлаққа қажетті жобаға бөлініп, онда шаштараз, наубайхана ашылған. Қарабұлақ ауылында қазір 500 адам тұрады. Соның 30 пайызы – жастар. Көпшілігі спортқа үйір. Ауыл командасы облыстық, тіпті республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Спорт кешенінде күрес, волейбол және жаттығу залдары жұмыс істеп тұр.

Ауылда кәсіпкерлік те жақсы дамып келеді. Жергілікті фермерлер бірігіп, жыл сайын «Үздік бизнес жоба» байқауын жариялайды. Басты талап – үміткер ауыл тұрғыны болуы керек. Жеңімпазын өздері анықтап, қайтарымсыз қомақты қаражат береді. 

«Сол жобаның аясында биылға дейін екі жоба сәтті жүзеге асты. Біреуі шаштараз қызметін ұсынған болса, екіншісі – нау­байхана жұмысын ұйымдастыру. Одан бөлек, биыл «Ауыл аманаты» жобасы ая­сын­да үш жас әрбіреуі 5 миллион теңгеден несие рәсімдеп, бүгінде сол несиесін алып, жұмыстарын жүргізуде», – дейді Қарабұлақ ауылының әкімі Аслан Рахымбергенов. Осындай үлгілі елді мекенді басқарып отырған Аслан Рахымбергенов «Респуб­ликадағы ең үздік ауыл әкімі» атанды.

Ал Ақтоғай ауданына қарасты Абай ауылы тұрғындары болса, «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын қолдап, арақ-шарапты қоқыс жәшігіне лақтырды. Абай ауылында 41 отбасы тұрады. Мұндағы халықтың мақсаты – салауатты өмір салтына бет бұрып, азаматтардың маскүнемдікке салынуына жол бермеу. Одан бөлек, бұл қылмыс санын азайтуға септігін тигізеді деп сенеді.

«Ауылымыз арақтан бас тартып жатқаны өте игі іс болды. Ең бірінші бас тартудың себебі – жас ұрпақтарға имандылық тәрбиесін беру. Біздің ауылымызда араққа салынып кеткен азаматтар жоқ әрине. Бірақ сонда да арақтың ешқандай да абырой әкелмейтінін олар жақсы біледі», – деді тұрғын Айтқадиша Айтжанова. 

Енді тұрғындар той-тоймалақ, қуа­ныштарда дастарқан басына арақ-шарап қоймайтын болып келісті. «Ауыл ақса­қалдары, аналары, ауылымыздың жастары осы арақтың зардабын көріп отырған отбасы мүшелері тарапынан әкімдікке ұсыныс келген болатын. Олар дүкендерде арақ сатылмаса, қандай да бір қуаныш болсын, арақ құйылмаса деген өтініш айтты», – деді Абай ауылының әкімі Қайыр­жан Тұр­ғанбеков.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы