Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынады. Қазір бұл нысандардың жер учаскелерін рәсімдеу және жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Аikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Автомобиль жолдары
2030 жылға дейін елімізде көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылады. Жаңа автожолдардың жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым, оның 3,7 мың шақырымы – І санаттағы жолдар.
2025 жылы келесі ауқымды жобалар жүзеге асырылады:
Қызылорда – Жезқазған (208 шақырым)
Ақтөбе – Ұлғайсын (234 шақырым)
Қарағанды – Жезқазған (572 шақырым)
Сарыағаш қаласы айналма жолы (102 шақырым)
Қызылорда қаласы айналма жолы (20 шақырым)
Қызылорда – Сексеуіл (470 шақырым)
Атырау – Доссор (86 шақырым)
Рудный қаласы айналма жолы (16,9 шақырым)
Жаңаөзен – Кендірлі (156 шақырым)
Петропавл қаласы айналма жолы (8 шақырым)
Түркістан қаласы айналма жолы (29,6 шақырым)
Астана – Қостанай – РФ-мен шекара (830 шақырым)
Шымкент қаласы айналма жолы (48 шақырым)
Атырау – Орал (орташа жөндеу, 516 шақырым)
Атырау – Шапай (136 шақырым)
Алматы – Талғар – Бәйдібек би (68 шақырым)
Алматы – Үшқоңыр (48 шақырым)
Бейнеу – Сексеуіл (736 шақырым)
Жайық өзені арқылы өтетін көпір (6,5 шақырым).
Бұл жобаларды іске асыруға жалпы көлемі 9 трлн-нан астам теңге инвестиция көзделген. Қазір инвесторлар тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Теміржол және су көлігі
Теміржол көлігі саласында да бірқатар ауқымды модернизация жоспарланған. 2025 жылы 225 жаңа вагон сатып алынады.
"Достық – Мойынты" жобасы бойынша теміржол құрылысы аяқталады, бұл өткізу қабілетін 5 есеге арттырып, тәулігіне 12-60 пойыз жұбының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар "Алматы айналма жолы" жобасы жүзеге асырылады. Сондай-ақ "Достық – Бескөл" және "Мойынты – Балқаш" учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланған. Бұл шешім көрсетілген учаскелердегі пойыз қозғалысын жақсартуға және жүк тасымалы мәселелерін шешуге көмектеседі.
Теңіз көлігі және Ақтау порты
Теңіз көлігін дамыту мақсатында Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталды, бұл порттың өткізу қабілетін жылына 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттырады. Бұл Қазақстанның халықаралық логистикадағы орнын нығайтып, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін Транскаспий бағытындағы контейнерлер тасымалы көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Қытайдан Еуропаға жеткізілетін транзиттік жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар портта тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл оның терминалдық қуаты мен контейнерлерді тасымалдаудың тиімділігін арттырады.