Бұл норма – Қазақстанның жол қозғалысы ережелерінде 20 жылдан бері бар.
Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынуы мүмкін
istockphoto.com
262
оқылды

Әлеуметтік желіде көлікті 5 минуттан астам уақыт қыздырған қазақстандық айыппұл арқалайды деген ақпарат қызу талқылануда.

Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша,  бұл норма  – Қазақстанның жол қозғалысы ережелерінде 20 жылдан бері бар. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, (бұдан әрі – Жол жүрісі қағидалары) тұрақ дегеніміз – жолаушыларды отырғызу, түсіру немесе көлік құралына жүк тиеу, түсірумен байланысты емес себеппен көлік құралының қозғалысын бес минуттан астам уақытқа әдейі тоқтату. Жол қозғалысы ережесінің 88-бабы 5-тармағына сәйкес, егер бұл тұрғындарға қолайсыздық туғызса, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған автокөлік құралдарын қоюға тыйым салынады. Жол қозғалысы ережесінің 17-тарауының 122-бабы 4-тармағында да осындай талап бар. 

"Бұл – жаңа норма емес, Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерінде 20 жылдан бері бар ереже. Сондықтан қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлік құралы бес минуттан астам бір орында қозғалмай тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 597-бабы  1-бөлігінде көзделген құқықбұзушылық деп танылады. Сонымен қатар ішкі істер органдары бұл құқықбұзушылық үшін азаматтарға жаппай айыппұл салуды мақсат етпейді", – дейді Ақтоты Боранова. 

ІІМ өкілі осы бап бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс азаматтардан арыз-шағымы келіп түскен және құқықбұзушылық белгілері болған кезде ғана қозғалатынын ескертті. Ол бұл туралы Nur.kz сайты хабарлады. 

Әкімшілік және жол қозғалысы ережелерін бұзғандығы үшін салынатын айыппұл санатқа қарай бөлінеді. Мәселен, жеке тұлға үшін 10 АЕК мөлшерінде салық салынады. Қазақстандағы 1 АЕК  мөлшері 3 932 теңге, ал 10 АЕК – 39 320 теңге.