Ақмола облысында жолдарды күтіп ұстау мен жағдайына жауапты 14 шенеунік жауапқа тартылды. Бұл туралы Полиция департаменті хабарлады.
Полиция департаментінің мәліметінше, негізгі заң бұзушылық жауапты қызметтердің қарды уақытылы тазаламауы және жол жамылғысының тазаланбауы.
Облыста қыс мезгіліндегі жолдардың жағдайын, атап айтқанда, жолды қардан уақытылы тазалау, көктайғаққа қарсы материал себу, қарды шығаруды тексеру бойынша рейд жүргізілген.
"Бір күннің ішінде полиция қызметкерлері 14 лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тартты, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жол-пайдалану басқармаларының басшылары және теміржол өткелдеріне жауапты ҚТЖ учаскелерінің басшылары бар", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысындағы тасжолда бір мезетте 95 көлік соқтығысқан ірі жол апаты болған.. Артынша осы жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды.