ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов SHYNDYK LIVE подкастында есірткі қылмысымен күрестің жаңа қатаң шаралары туралы айтты, – деп жазады Aykin.kz.
«Шенеуніктер, оның ішінде форма киген тұлғалар қызмет бабын пайдаланып, есірткі саудасымен айналысса, бұл азаматтардың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіріп, адамдардың өміріне қауіп төндіреді», – деп атап өтті депутат.
2025 жылдың 2 қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы» заңға қол қойды.
Енді лауазымды тұлғалардың есірткі заттарын өндіргені мен өткізгені дәлелденсе, келесі жазалар қарастырылған:
- 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру
- немесе мүлкі тәркіленіп өмір бойына бас бостандығынан айыру
Алғаш рет ауырлататын мән-жайларсыз қылмыс жасаған есірткі тасушылар:
- 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 10 жылға дейін)
- мүлкін тәркілеу
Айта кетейік, есірткі қылмысы үшін сотталған 4 мыңнан астам адамның ішінде 1300 жеткізуші бар.