Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Банк саясаты саласындағы келісімді ратификациялады
222
оқылды

Палатаның жаңа жылдағы алғашқы оты­рысын ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен Мемлекет басшысының Ana tili газетіне жарияланған бағдар­ламалық сұх­батында айтылған басым бағыттардың маңызына назар аударды.

«Таяуда Ana tili газетінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көлемді сұхбаты жарияланды. Өңірлерде азаматтармен кездескен кезде өздеріңіз де сол сұхбаттың негізгі ойларын халықпен бір­ге талқыладыңыздар. Мемлекет бас­шысы сұхбатта 2024 жылы әр сала бойынша атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы басым бағыттарды белгілеп берді. Сондай-ақ былтыр Парламент қабылдаған заңдардың маңыз­дылығы да ерекше атап өтілді. Азаматтарды алаң­датқан мәселелерге қатысты осындай ашықтық пен диалог «Заң мен тәртіп» қағидатына табан тіреген Әділетті Қазақстанның жарқын көрінісі екені сөзсіз. Президентіміздің бастама­сымен қолға алынған реформаларды заң­нама­лық тұрғыдан қамтамасыз ету біз үшін негізгі басымдық болып қала береді. Биыл депутаттар елімізді одан әрі дамытуға ар­нал­ған бірқатар маңызды заңдарды қарай­ды. Сол нормаларды сапалы пысықтап, уақытылы қабылдауымыз қажет», – деп, Сенат Төрағасы әріптестерін Мемлекет басшысы жүк­теген міндеттерді іске асыру жолында күш бірік­тіруге шақырды.

Отырыс барысында депутаттар халық­аралық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің құқықтық инфрақұрылымын жақсартуға арналған үш заңды қарады.

Сенаторлар атап өткендей, бүгін мақұлданған «Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімнің 1-бабына банк операцияларын гео­графиялық қамтуды Сахарадан оңтүстікке қарай орналасқан Африка елдері мен Иракқа шектеулі түрде және біртіндеп қолдануды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін түзетулерді рати­фикациялау туралы» заң банк операцияларының географиялық ауқымын кеңейтуді көздейді. Қазақстан үшін Африканы банк операция­лары аймағына қосу миллиардтаған халқы бар елдердің жобаларымен байланыс орнатуда және инвес­тицияларды жүзеге асыруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Банк қызметін бұлай кеңейту оның қазіргі операциялық елдерін қолдау қабілетін төмендетпейді, банктің ААА деңгейіндегі кредиттік рейтингіне қауіп төндірмейді және капиталға қосымша жарналарды талап етпейді деп күтіліп отыр.

Отырыс кезінде қаралып, мақұлданған «Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы ке­лісімнің 12-бабының 1-тармағына жай опе­рацияларға жарғылық капиталды шектеудің күшін жою мақсатындағы түзетулерді ратификациялау туралы» заң ЕҚДБ Директорлар кеңесіне банк капиталының жеткіліктілігі нормативтері туралы жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл кредиттік қызметтің икемділігін арттырады және Қазақстанның негізгі жо­баларын тиімді қаржы­ландыруды қам­тамасыз етеді.

Сенаторлар қарап, мақұлдаған келесі «Мемле­кеттік (муниципалдық) сатып алу­ды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң ЕАЭО-ның өзге елдерінде банктік кепілдіктерді пайдалану үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл қазақстандық жеткізушілердің ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік сатып алуларға қатысуын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

«Қаралған келісім Еуразиялық эконо­микалық одаққа мүше мемлекеттер ара­сында банк кепілдік­терін өзара тану үшін құқықтық негіз қалыптас­тыруды көздейді. Заңның мақұлдануы Еуразиялық эко­номика­лық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін биз­неске тең мүмкіндік жасауға, сондай-ақ тараптар арасындағы экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелерге назар аударып, депутаттық сауалдарын жолдады.

Нұртөре Жүсіп азаматтық авиация саласындағы өзекті проблемаларға тоқ­талып, аталған саладағы кадр даярлаудың сапасын жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныс жасады. Нақты айтқанда, EASA стандарттары бойынша азаматтық авиация академиясын сертификаттау және уақыт талап­тарына сай, білікті мамандар даярлау үшін ұшқышсыз авиация орталығын құру мәселелері туралы сөз болды.