Халықаралық стандарттарға сәйкес ұзындығы мен ені – 3 дюйм, яғни 76 миллиметрден аспайтын кітаптар миниатюралық басылым болып саналады. Олар шағын тиражбен шығарылады.
Мәселен, Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орталық кітапханада алақанға сыйып кетер 150-ге тарта кітап бар. Олардың көбі 19 ғасырда жарық көрген. Ал ең бергісі – жергілікті қаламгер Виктор Семерьяновтың «Мәшһүр шыңы» поэмасы. Ерекше коллекция енді жаңа туындымен толықты. Омбылық әріптестері орталық кітапханаға Пушкин туралы кішкентай әдебиеттер каталогын сыйға тартты. Сирек кітаптар қорындағы жинақтар оқырман қолына берілмейді. Тек кітапханада ғана оқуға болады.
– Мұнда көркем әдебиет және салалық кітаптар да бар. Оның ішінде қазақ жазушылары және орыс жазушыларының кітаптары. Ең кішкентай кітап Омар Хаямның 50х70 мм өлшемінде, – деді С.Торайғыров атындағы орталық кітапхананың кітап қоры басшысы Бақытжан Бұқашева.