Атыраудағы №37 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі педагогикалық кеңесте өзін балағаттаған соң, суицид жасамақ болды, – деп хабарлайды Aykin.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат бойынша, ұстазды педагогикалық кеңесте жұрт алдында балағаттап, алаяқтық жасады деп айыптаған.
Оқу-ағарту министрлігі Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді. Ведомствоның мәліметінше, жағдай комитеттің бақылауында.
"Жағдайды анықтау үшін қалалық басқарманың, Атырау облысы әкімдігінің білім басқармасының және Оқу-ағарту министрлігінің Білім сапасын қамтамасыз ету аумақтық департаментінің өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды", – делінген хабарламада.
Бүгінде мән-жайды жан-жақты зерттеу үшін тергеу басталды.
"Министрліктің аумақтық департаменті педагогикалық әдеп мәселелері бойынша жоспардан тыс өңірлік кеңес өткізеді, оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады", – деп атап өтті ведомство.
Комитеттің баспасөз қызметі ұстаздың жағдайы тұрақты екенін хабарлады.
"Өзін жақсы сезінеді, мұғалімге қажетті психологиялық көмек көрсетіледі",– делінген хабарламада.