Оңтүстік Кореяда апатқа ұшырап, салдарынан 179 адам қаза тапқан ұшақтың қара жәшігіндегі жазбаға қатысты тың мәліметтер белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Көлік департаментінің мәліметінше, ұшақ бортындағы ұшуды жазу құрылғысы (CVR) мен ұшу деректерін жазу құрылғысы (FDR) апатқа төрт минут қалғанда жұмыс істеуін тоқтатқан. Министрлік өкілдері жазбаның тоқтатылуының не себеп болғаны әзірге белгісіз екенін мәлімдеді.
– CVR және FDR деректері әуе апатын тергеу үшін маңызды, бірақ тергеу әртүрлі деректер көздерін талдау арқылы жүргізіледі, сондықтан біз апаттың себебін дәл анықтау үшін бар күш-жігерімізді салуды жоспарлап отырмыз, – делінген ресми ақпаратта.
Еске сала кетейік, 29 желтоқсан күні Оңтүстік Кореяда Jeju Air 7C2216 рейсі апатқа ұшырап, салдарынан 179 адам қаза тапқан болатын.