Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда 2025–2030 жылдары қажет болатын 1,6 млн кадрдың ішіне жоғары, орта, арнайы білімі бар мамандар, басшылар және арнайы біліктілігі жоқ жұмысшылар енеді. Әсіресе, есепшілер, күзетшілер, сатушылар, жүргізушілер және орта мектеп мұғалімдеріне сұраныс жоғары болады. Себебі бұлар – еңбек нарығындағы ең ауқымды бөлікті алып жатқан мамандықтар.
«Еліміз аталған кезеңде техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшылар тапшылығын сезінуі мүмкін. Ол жалпы еңбек нарығындағы сұраныстың тең жартысынан асады (55%) – 875 мың адам. Екінші орында жоғары білімі бар жұмысшы мамандар (27%) тұр – 429 мың адам. Құрылыс саласында да кадрға жоғары сұраныс болады деп болжанады – 100 мың адам. Ол жұмысшы мамандардың жалпы санының 25%-ын құрайды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы (13%), өңдеу өнеркәсібі (12%) және көлік саласында (10%) сұраныс артатыны байқалады», – делінген хабарламада.
Бұған дейін елімізде 2025 жылы жоғары сұраныста болатын жұмысшы мамандықтардың ТОП-10 тізімін жариялаған болатын. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, сұранысы жоғары жұмысшы мамандықтардың алғашқы ондығының тізімі мынандай:
1. Жүк көлігінің жүргізушісі (21,8 мың адам немесе жалпы сұраныстың 5,4 пайызы);
2. Сантехниктер және құбыр салушылар (17,3 мың адам немесе жалпы сұраныстың 4,3 пайызы);
3. Дәнекерлеуші (15,6 мың адам немесе жалпы сұраныстың 3,9 пайызы);
4. Құрылысшылар бригадасының басшысы, бригадир (11,9 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,9 пайызы);
5. Автобус жүргізушісі (10,8 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,7 пайызы);
6. Сылақшы (9,9 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,5 пайызы);
7. Техник-электрик (9,7 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,4 пайызы);
8. Тракторшы (9,6 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,4 пайызы);
9. Құрылысшы-монтаждаушы (7,9 мың адам немесе жалпы сұраныстың 1,9 пайызы);
10. Темір ұстасы, слесір (7,4 мың адам немесе жалпы сұраныстың 1,8 пайызы).