Қазір қаңтардың қытымыр аязы күшіне мініп тұр. Мұндай мезгілде жыртқыш аңдар жеуге азық таппай, ауыл маңын жағалайтыны белгілі.
Қорымды шибөрілер қазып жатыр
2,141
оқылды

Түз тағыларының қорадағы төрт түлікке түсуі қалыпты құбылыс болса, шибөрілердің қорымдарды қазып жатқаны тұрғындарды шошытып отыр. Мұндай жаға ұстатар жағдай Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылында тіркеліп, бұқара дабыл қағуда. 

Қанжан Абдиев қарияның ұлы былтыр мезгілсіз қайтыс болып, жақындары жер қойнына тапсырады. Алайда қара жамылған отбасы баласының моласын бірер күнде көруге барғанда оның айналасы қазылып, жыртқыштар ішке түспекші болғанын байқайды. 

– Ұлымның моласының айналасын тазартып, бақылап қайтуға барғанымда қорқынышты жағдайға куә боламын деп ойламадым. Айналасы шұңқыр болып қазылып, жыртқыштар ішке түспек болғаны анық байқалып тұр. Абырой болғанда дер кезінде келіппін. Баламның денесіне жыртқыштар жете қоймапты. Дереу қазылған шұңқырларды көміп, айналасын қатты материалдармен бекітіп тастадым. 

 Негізі, молаға жыртқыштар төмен жақтан қазып түспекші болған екен. Биыл ауылда шибөрілер өте көп. Ымырт бата елді мекенді айналып шуылдап кетеді. Бұл солардың ісі екені анық. Осы шибөрілерді жергілікті билік тарапынан атып, санын азайтып қойса жөн болар еді. Әйтпесе, ашыққан жыртқыштар малды қойып, енді қорым қазуға шықты, – дейді жүрегі қан жылаған әке. 

Иә, бұл шын мәнінде төбе шашыңды тік тұрғызатын жағдай екен. Осы орайда мұндай оқиғалар ауылда жиі бола ма, соны білмекке ауыл имамына хабарластық. 

– Негізі, ауылда шибөрілер өте көп. Ауыл маңында Ақкөл көлі орналасқандықтан суды жағалап жыртқыштар көп жүреді. Күн суытқаннан бері шибөрілердің тұрғындардың уақ малын талап тастағанын естігенім бар. Алайда қорым қазып жатқанын құлағым шалмапты. Бірақ бұл мәселені жіті бақылауыма алып, молаларды аралап шығамын. Содан кейін тиісті органдарға хабар беремін. Қазақ мұндай жыртқыштарды «қорқау» деп атаған. Және мұндай қор­қаулардың қорым қазуы байырдан бар нәрсе. Көп жағдайда моланың құмы төмен түсіп кетсе немесе ылғал болып жатса, сол кезде шибөрілер қорым қазып жатады. 

Бұл – алаңдайтын жағдай. Сондықтан ауыл ішіне дейін кіріп кеткен шибөрілер­дің санын мемлекет тарапынан азайтып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Төрт тү­лікті талап, қорым қазып жатқан мұн­дай шибөрілер ертең ауыл тұрғындары­на, оның ішінде жас балаларға шабуыл жа­сап жатпасына да ешкім кепілдік бере алмай­ды, – дейді ауыл мешітінің имамы Сейіт­хамелидин Әміров. 

Жабайы жыртқыштардың санын заң шеңберінде азайтуға бола ма, соны білмекке облыстық Табиғи ресурстар және тибағат пайдалануды реттеу басқармасына қа­йырылдық. 

– Жыртқыштардың санын азайтудың заңнамалық нормасы бар. Яғни, лицензиясы бар аңшылар қасқыр мен шибөрілерді ата алады. Алайда лицензия алу үшін арнайы инспекцияға өтінім тастау керек. Солардың тексерісінен кейін рұқсаттама беріледі. Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтау үшін қас­қыр немесе шибөрілердің тек белгілі бір пайызын атуға ғана лицензия беріледі. Осы құжат негізінде аңшылардың жыртқыштарды аулауға мүмкіндіктері бар, – дейді басқар­маның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыпов. 

Осы ретте лицензия алудың тәртібі қандай және жылына қанша жыртқыш аңды атуға болатынын білу үшін басқарма маманы бағыттаған инспекцияның есігін қақтық. 

– Жыртқыш аңды атуға берілетін рұқ­саттама ашық жарияланады. Электронды база арқылы аңшылық құжаты және мылтығының нөмірін тіркеп көрсетсе, өтінім берушіге аңдарды тегін атуға рұқсат беріледі. Алайда қанша жыртқыштың көзін жоюға болатынын біз белгілемейміз. Оны министрлік бекітеді. Жыртқыш аңға жүр­гізілген есепке қарай атуға болатын пайызын шығарады. Биылғы жылға әлі нақты көлемі бекітілген жоқ. Алайда 2024 жылы 289 қас­қыр мен 589 шибөрі атуға рұқсаттама қағазы берілді. Бұйыртса, осы қаңтар айында биыл қанша жыртқыш аңды атуға болатын саны шығады деген жоспар бар. Сол кезде өтінім берген аңшыларға рұқсаттама құжат­тарын береміз. Олар атқан жыртқыш аңды жергілікті орман шаруашылығы мекемесіне өткізетін болады, – дейді Жамбыл облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұлов. 

Байқап тұрсақ, жыртқыш аңды атуға рұқсаттама алудың еш қиындығы жоқ екен. Тиісті құжаттарын өткізсең болғаны. Алайда биылға қанша қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат берілетіні анық емес. Сондықтан ақкөлдік ағайынға сәл төзімділік танытуға тура келеді. Әйтеуір, лицензия беріледі дегенге дейін қорымдардағы мәйіттер қор­ланбасын деп тілейік.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы