Алайда бұған дейін пиротехникадан төнер қауіп пен оның салдары туралы талай рет айтылды да, жазылып та жатыр. Тиісті органдардың дабыл қағуына қарамастан, жыл соңында сәтсіз оқиғалардың саны артатынын жиі байқаймыз. Мәселен, биыл елімізде жаңа жыл күндері 63 адам отшашудың кесірінен жарақат алған. Олардың ішінде 20-сы – бала. Жарақат алғандардың ішінде ең көбі Алматы қаласында тіркелген. Аспанға «салют» атамын деп ауыр қайғыдан аман қалған алматылық 19 адам қазір пиротехниканың зардабын тартып отыр. Алматы қаласы Жедел медициналық жәрдем қызметінің медициналық бөлімі бойынша директордың орынбасары Андрей Ложкиннің мәлімдеуінше, «103» пультіне мереке күндері 23 мыңнан астам шақырту келіп түскен. Оның 16 мыңына жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетті. Бұл үшін күн сайын 500-ден аса қызметкер жұмыс істейтін 186 бригада тартылған. Былтырғымен салыстырғанда қоңыраулар саны 5-6 пайызға өскен.
– Жаңа жыл күндері жедел жәрдем қызметіне келіп түскен қоңыраулардың 10-13 пайызы – жарақат алғандар. Биыл пиротехникадан 19 адам жарақат алса, олардың шамамен жартысы – балалар. Былтырғы жылы осыған ұқсас 13 жағдай болып еді. Пиротехникадан зардап шеккен жалпы саны 19 адамның 55 пайызында аяқ-қол жарақаттанған, қалғандары бет, көз және мойын жарақаттары. Сондай-ақ мереке күні келіп түскен өтініштердің негізгі себептері кенеттен болатын аурулар, тұрмыстық жарақаттар, күйіктер, ішімдіктен және тамақтан улану екені анықталды, – деді Жедел медициналық жәрдем қызметінің медициналық бөлімі бойынша директордың орынбасары А.Ложкин.
125 мыңнан астам заңсыз пиротехника тәркіленген
Елімізде пиротехника – лицензияланған қызмет түрі. Бұл дегеніміз – жаңа жыл қарсаңында саудасы қыза түсетін кәсіпкерлердің өнімі белгіленген стандарттарға сай болуға тиіс. Алайда осыған қарамастан заңсыз саудамен айналысып, қалтасын қампайтуды көздейтін азаматтар әлі күнге дейін кездеседі. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасы фактілерін анықтау және жолын кесу, заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттар айналымының белгіленген ережелерін сақтау мәселесін бақылау мақсатында 2024 жылғы 5 желтоқсан мен 2025 жылғы 3 қаңтар аралығында өткізілген «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасы аясында елімізде 125 мыңнан астам заңсыз пиротехника тәркіленген. 1 480 заң құқықбұзушылық анықталып, кінәлі деп табылған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде Алматы қаласы бойынша жыл соңында 1 482 қораптан астам пиротехникалық бұйымдар анықталды. Онымен қоса, іс-шара басталғалы бері полиция бөлімшелері ӘҚбтК-нің 196-бабы (Тауарлардың немесе басқа заттардың заңсыз айналымы) бойынша 134 құқықбұзушылық жағдайларын тіркеді.
Ақхалаттылар отшашудың құрамындағы заттар адам денесіне жарақат іздерін салып қана қоймай, түрлі қатерлі ауруға шалдықтыратынын айтып дабыл қағады. Таяуда жаңа жыл түні аспанда атқылап, жарқ-жұрқ еткен фейерверктер туралы ұшақтан түсірілген видео тараған еді. Артынша алматылықтар онсызда тұманнан көзі ашылмайтын шаһардың ауасы мереке күні көк түтінге оранғанын айтып, әлеуметтік желіде жарыса жазды. Дәрігерлер пиротехникадан шыққан мұндай түтін тыныс алу жолдарына кері әсер етіп, өкпені зақымдайтынын ескертеді. Тағы бір атап өтерлік жайт, пиротехниканы өндірушілер отшашу жарылғанда түрлі реңктерді беру үшін бірнеше химикаттарды қатар қолданады. Мысалы, салют құрамындағы барий тұздары жасыл түсті берсе, литий мен стронций қызыл немесе қызғылт түс, титан мен магний ақ түс, мыс көк түс ретінде көкте атқылайды. Нәтижесінде, отшашу түтіні мен қалдықтарының құрамындағы металл тұздары немесе тотығу өнімдері ауаны ластап, адам денсаулығында кері реакцияларды тудыруы ықтимал.
Тұтынушының заңды құжаттарды талап етуге құқысы бар
Жоғарыда кәсіпкерлердің пиротехникалық өнімі заңда көрсетілген ережелерге сәйкес болуы қажет екенін айттық. Ал тұтынушы отшашудан зардап шеккен жағдайда заң алдында өз құқығын қалай қорғауы қажет? Сатып алушы дүкеннен отшашу сатып алар алдында сауданың заңды екеніне көз жеткізу үшін сатушыдан қандай құжаттарды сұрауға құқылы? Біз тілдескен заңгер Тілеужан Кішкенебаев от шашамын деп от басқандар көп жағдайда сатып алу кезіндегі қарапайым ережелерді сақтай бермейтінін атап өтті.
– Отшашуды пайдалану кезінде үй иесінің кесірінен өзге адам жапа шексе, яғни басқа адамға тиіп кеткен жағдайда отшашуды дұрыс қолданбаған адам жауапты болады. Мәселен, кейбірі салют атамын деп көршісінің қорасын, үйін өртеп алып жатады. Егер отшашу атқан адамның кінәсі дәлелденсе, сол адамға жауапкершілік артылады. Заң кінәлі адамдарды анықтап, айыпталушыға тиісті шараларды қолданып, тұтынушының немесе зардап шегушінің құқығын қорғауға міндетті. Кінәлі адамға қатысты шара қолданғаннан кейін материалдық, моральдық шығындарды өндіріп алуға болады. Дегенмен отшашуды қолданған адамның кінәсі дәлелденуі қажет, – деді ол.
Заңгер кез келген азамат отшашу сатып алар алдында дүкен иесінен пиротехниканың заңды екенін растайтын құжаттарды сұрауға әрдайым құқылы екенін, өкінішке қарай, тұтынушы тарапынан сұраныс болмаған соң, кәсіп иелері де бұл мәселені назарға алмайтынын алға тартты.
– Егер сатушы лицензия талап етілетін пиротехниканы заңсыз саудаласа, құзыретті органдар оны кінәлі деп тауып, дүкен иесі әкімшілік хаттама толтыруы мүмкін. Тыйым салынған затты сатқаны үшін қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық туралы жауапкершілікке тартылады. Тұтынушы сатушыдан тауардың қандай да бір құжаттамасын, заңды екенін растайтын сертификатын, сапасына қатысты қағаздарды талап етуге құқылы. Алайда бізде көпшілігі мұндай құжаттарды талап етпей, тауарды сатып ала береді. Тұтынушының заңды құжаттарды талап етуге құқысы бар және талап етуге тиіс. Сонда ғана ол пиротехниканың сапасына, қауіпсіздігіне көз жеткізе алады. Дүкен иелері, кәсіпкерлер көп жағдайда пиротехниканы барахолкадан көтерме бағада сатып алады. Егер тұтынушы дәлел қағаз сұрамаса, сатушы мұны әкелмейді. Сатып алушы заңдылықты талап етсе, кәсіпкерлер де отшашу сатып алған орнынан құжаттарды сұрай бастайды, – деді заңгер Т.Кішкенебаев.
Пиротехника сатып алар алдында ең алдымен қаптамаға назар аударып, оның жарамдылық мерзіміне мән беру қажет. Әрмен қарай дүкен иесінен сапа сертификатын тексеріп, өндіруші елдің белгісі мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды сұрауы қажет. Өнімді барынша сертификатталған және лицензияланған дүкендерден сатып алған абзал. Отшашуды пайдалану жөніндегі нұсқаулықты міндетті түрде оқып шығу маңызды. Мамандар пиротехниканы тек ашық алаңдардарда атуға, сондай-ақ отшашуды қолданар алдында ауа райын ескеруге (желдің болмауына) кеңес береді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы