Бейжің америкалық билік бастаған сауда соғысына қарсы экспорттық шектеулер енгізе бастады. Экспорттық шектеулер тізімін электр көліктерінің аккумуляторын жасайтын технология мен материалдар бастады.
Батыстың сауда соғысына Қытай қарсы жауап дайындады
Фото telegraph.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Susan Walsh
421
оқылды

Telegraph басылымына сілтеме жасаған Aikyn.kz электр көліктерін шығаратын маңызды технологиялардың экспортына шектеулердің болжамды салдарларын талдайды.

Ақ үйдің шығыс бөлмесінде президент Дональд Трамп пен Қытай премьер-министрінің орынбасары Лю Хэ сауда келісімінің 1-ші кезеңіне қол қойған сәті, сәрсенбі, 15 қаңтар, 2020 жыл. Фото en.wikipedia.org сайтынан алынды. Авторлығы: Ақ үйдің баспасөз қызметі

Бейжің жаңа сайланған президент Дональд Трамптың ұстанған ашулы саясаты мен сауда соғысына дайын екенін көрсетті. Қытай билігі электромобиль аккумуляторларының негізгі бөлшектерін экспорттауды шектейтінін жариялады. Жаңа ұсыныстарға сәйкес, электроника мен аккумуляторларда қолданылатын литий мен галлий сияқты маңызды минералдарды қайта өңдеу үшін қолданылатын технологиялар экспорттың қатаң ережелеріне бағынатын болады. 

Синьхуа ақпарат агенттігінің хабарлауынша, технологиялар мен материалдарға қатысты шешім «технологиялық импорт пен экспортты басқаруды күшейту» бағытындағы шешімдердің бір бөлігі болып саналады. Қабылданатын ұсыныстар АҚШ-пен ықтимал сауда соғысына дайындалып жатқан Бейжіңнің арсеналындағы «қарудың қуатын» көрсетеді.

Қытай электромобиль аккумуляторларының негізгі бөлшектерінің экспортын шектейді. Фото datacenterdynamics.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Трамп 20 қаңтарда президенттік қызметіне кіріскеннен кейін Қытай импортына баж салығын енгізуге дайын екенін бірнеше рет мәлімдеді. Сарапшылары мұндай әрекеттер Бейжіңнің жауап шараларын тудыратынын болжауда.

UBS сарапшылары клиенттерге жазған жазбасында былай деген: «Бүгін Дональд Трамп Қытайға және басқа елдерге жаңа тарифтер енгізу жоспарларын қайталады. Сондықтан Бейжіңнің қосымша тетіктер мен қысымға қарсы жауаптар іздеп жатқаны таңғаларлық емес».

Қытай аккумулятор жасауда қолданылатын материалдарды, соның ішінде германий мен графитті АҚШ-қа экспорттауды шектеді. Фото evcitycars.in сайтынан алынды

Қытай заманауи технологияда қолданылатын стратегиялық материалдарды, әсіресе электроникаға арналған батареяларды өндіру мен өңдеуде әлем бойынша көшбасшы ел саналады. Ол АҚШ-қа аккумулятор жасауда қолданылатын материалдарды, соның ішінде германий мен графитті экспорттауды шектеді. Ал соңғы шаралар маңызды химиялық заттармен жұмыс істеу технологиялардың экспортына тыйым салады.

АҚШ пен Еуропа аккумулятор технологиясы мен оған қажетті шикізатқа өте мұқтаж. Бұл  батыстық электр көліктерін шығару индустриясының ең осал жері. McKinsey сарапшылары электр көліктеріне сұраныстың артуы «бұндай тапшылық пен бағаның құбылмалылығын» күшейтеді деп ескертеді.

Сарапшылардың есебінде былай делінген: «Батареялар мен шикізатқа жалпы сұраныс тез өсіп жатқанымен, шикізатты жеткізу негізінен ресурстарға бай бірнеше елдерде, соның ішінде Индонезияда (никель), Аргентина, Боливия және Чилиде (литий) және Конго Демократиялық Республикасында (кобальт) шоғырланған. Ал шикізатты қайта өңдеу басқа жерлерде, көбінесе Қытайда (кобальт пен литий), Индонезияда (никель) және Бразилияда (ниобий) орналасқан».

Қытай – көліктер мен электроникаға арналған батареяларды өндіру мен өңдеуде әлем бойынша көшбасшы. Диаграмма nytimes.com сайтынан алынды

Көлік шығарушылар (олардың ішінде Трамптың технологиялық саладағы басты жақтаушысы Илон Маск басқаратын электромобильдер шығаратын Tesla компаниясы да бар) Қытайдан келетін материалдарға тәуелділігін азайтқысы келеді. Еуропалық өндірушілер болса Қиыр Шығыстан келген қатал бәсекелестік жағдайында қуатты аккумулятор өнеркәсібін құру үшін күресуде.

Дональд Трамп Қытайдан келетін импортқа 60% қосымша шекаралық баж салығын, сондай-ақ басқа елдерден келетін өнімдерге 10%-дан 20%ға дейін баж салығын енгізуге уәде беруде. Канада мен Мексика да АҚШ-пен шекарасын есірткі мен заңсыз мигранттардан қорғамаса, олардың тауарларына да 25% салық салынатыны туралы ескерту алды.

2025 жыл АҚШ пен Қытай ғана емес, басқа да елдердің қатысуымен шиеленісетін ғаламдық сауда қатынастарының қалай өзгеретінін көрсететін болады. Бұған біздің еліміз де дайын болуы керек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.