Бұл көлік жоғары жылдамдықпен қозғалады, жолдағы кедергілерден секіріп өтеді. Бағасы да қымбат.
Қытай индустриясы жолдағы кедергілерден қарғып өтетін электрлі гиперкар жасады
Секіретін, билейтін, бір орнында «танк бұрылуын» жасайтын U9 электрлік гиперкар. Фото topgear.com сайтынан алынды
277
оқылды

Aikyn.kz жолдағы кедергілерден қорықпайтын көліктің техникалық сипаттамасын newatlas.com сайтына сүйеніп талдайды.

YangWang U9 пен McLaren Senna көліктерінде ұқсастық көп. Фото carnewschina.com сайтынан алынды

Былтыр қыркүйекте Қытайдан шыққан 1287 ат күші бар Yangwang U9 электрлік гиперкар секіріп (bunny hop), бір орнында айналып әлемді таңғалдырған еді. Жақында таратылған видеода BYD гиперкарының автономды түрде (жүргізушісіз) жолындағы әртүрлі кедергілерден үлкен жылдамдықта қарғып өткені көрсетілді.

236 000 доллар тұратын электромобиль Қытайда BYD компаниясының премиум санатында Yangwang брендімен сатылады. Бұрын ол Disus X белсенді аспасының көмегімен үш дөңгелекпен жүріп, секіріп билеген еді. Бұл жолғы таратылған видеода қытайлық көлік тағы бір трюк көрсеткен. Ол жол бойымен автономды түрде жоғары жылдамдықпен қозғалып бара жатып, нақты кедергілерден секіреді.

Видеода Yangwang U9 үш кедергіден секіріп өтеді. Көлік ішінен түсірілген кадрлар алдыңғы екі орындықтың бос екенін көрсетеді, бұл көліктің барлық қозғалысты автономды түрде өзі жасап жатқанын дәлелдейді.

Бірінші кедергі суға толы ұзындығы 2,5 метрлік терең шұңқыр. BYD 120 км/сағ жылдамдықпен жүріп келіп, Disus X аспа жүйесінің көмегімен 2500 кг салмағына қарамай кедергіден жеңіл секіріп өтеді.

Ауада ол ауырлық күшін еңсеріп, жолдағы кедергілерден көлікті зақымдамай өту үшін 6 метр қашықтыққа дейін ұша алады. Ұшу кезінде гиперкар жолдан 7,5 см дейін биікке көтеріле алады.

Келесі кедергі әрбір «қаскөй жігіттің» арманы және құқық қорғау органдары үшін онша жақсы жаңалық емес. 4 метр ұзындыққа төселген металл тікенектер – полицияның жоғары жылдамдықпен қашып бара жатқан қылмыскерді тоқтату үшін қолданатын құралы. Секіргіш көлік биіктігі 3,6 см болатын осы темір тікенектерден де, 4 метрге жақын түрлі-түсті бормен боялған жолақтардан да қарғып өтеді.

Видеода көрсетілгендей, U9 жолындағы үш кедергіден де адам жүргізушіні қажет етпей-ақ жеңіл өтеді.

Көліктің осылайша дөңгелектерін тез көтеріп, түсіре алу мүмкіндіктері көп жағдайда жүргізушіге пайдалы болуы мүмкін. Фото ixbt.com сайтынан алынды

Мұның барлығы Yangwang компаниясының автомобиль шанағының демпфингін басқарудың интеллектуалды жүйесінің арқасында болған. Компанияның айтуынша, U9-ға ерекше сипат беру гидравликалық шанақты басқару жүйесі арқылы мүмкін болған.

Көліктің осылайша дөңгелектерін тез көтеріп, түсіре алу мүмкіндіктері көп жағдайда жүргізушіге пайдалы болуы мүмкін. Күнделікті жүргізу кезінде ақылды жүйені көліктің аэродинамикасын тиімді жасау үшін немесе жылдам жүрі кезінде соққысыз жүру үшін пайдалануға болады.Disus X белсенді аспасы орнатылған автомобиль керемет 1287 ат күші бар төрт электр қозғалтқышымен жұмыс істейді. Қозғалтқыш 2,36 секундта 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа жетеді және 400 метрді 225 км/сағ жылдамдықпен 9,78 секундта өте алады. Максималды жылдамдық та керемет – 391,94 км/сағ.

Көліктің кедергілерден секіріп өту қабілеті өте әсерлі. Бірақ U9 секіру мүмкіндіктері тек маркетингтік мақсаттарға арналғаны немесе модельдің жаппай сатылымында бұл интеллектуалды секіру жүйесі болатыны белгісіз. Әрине, 236 000 долларлық қымбат секіргіш гиперкарды басқалардан ерекшелендіретін ақылды жүйенің бар болғаны жақсырақ болар еді. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.