Халқы көп елдерге жаһандану еш қиындықсыз даму жолдарын ұсынады. Ол үшін билік мемлекет мүддесіне жұмыс істесе болғаны.
Экономиканың заңы: көтере алмайтын шоқпарды беліне байламайды
Қытай тауарларының 34%-ын Америка сатып алады. Фото foodfocusthailand.com сайтынан алынды.
231
оқылды

Quartz сайтындағы хабарламаны негізге алған Aikyn.kz Қытай  экспортының өсуі мен халық санының арасындағы байланысты түсіндіреді.

Қытайдың сауда профициті 1 трлн доллар болса, АҚШ-тың сауда балансының дефициті 1,14 млрд доллар. Фото marketwatch.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / AFP

Қарашада сайланған Дональд Трамп Қытайға баж салығын көтеруді жоспарлап, қызметіне кірісуге дайындалып жатқанда, шығыстағы алып мемлекеттің 2024 жылғы сауда балансының оң сальдосы 1 триллион долларға жақындады.

Дүйсенбіде (13 қаңтар) Қытайдың Бас кеден басқармасы елдің экспорты өткен жылы 3,58 триллион долларға жеткенін, ал импорттың жалпы сомасы 2,59 триллион долларды құрап, сауда профициті 1 трлн долларға жеткенін хабарлады.

Салыстырмалы түрде: 2024 жылы АҚШ-тың экспорты 2,08 триллион доллар, импорты 3,22 триллион долларды құрайды. Сауда балансының дефициті 1,14 млрд доллар болған. АҚШ дәстүрлі түрде көп тұтынатын ел, импорты көп.

New York Times мәліметінше, Қытайдың сауда балансындағы бұрынғы рекорды 2022 жылы 838 миллиард доллар болған. Financial Times сарапшылары Қытайдың саудадағы оң балансының үштен бірі АҚШ-қа. Яғни, Қытайдың шетелдерге сатылатын тауарларының 34%-ын Америка сатып алады.

Қытай тауарлары АҚШ пен Еуроодақ елдеріне толассыз тасымалдануда. Фото nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / AFP

Бұндай жағдай Трамптың жаңа әкімшілігіне ұнамайды. Жаңадан сайланған президент Қытайдың тауарларына баж салығын 60%-ға дейін көтеруді, ал басқа негізгі сауда серіктестері Канада мен Мексика тауарларына тарифтерді 25%-ға өсіруді жоспарлап отыр. Әлемнің басқа елдерінен импортталатын тауарларға 20%-ға дейін тарифтерді енгізу де көзделген. Бірақ қаржыгерлер бұндай жоспарларды инвесторлар АҚШ экономикасы үшін «ең үлкен тәуекел» деп бағалауда. Сондықтан  Трамптың көмекшілері тарифті көтеру стратегиясын тек маңызды импортқа ғана әсер ететіндей азайту жолдарын іздестіруде. Сайланған президенттің командасы қорғаныс өнеркәсібі, энергетика мен медициналық мақсаттағы бұйымдар сияқты негізгі секторларға тарифтерді өсіруді қарастыруы мүмкін.

Трамп болса өзінің Truth Social аккаунтында «менің тарифтік саясатымның қысқартылатыны туралы пікірлер дұрыс емес» деген жазба қалдырған.

Дүйсенбіде (13 қаңтар) қызметтен кетуге дайындалып жатқан Джозеф Байденнің әкімшілігі «Америка Құрама Штаттарының қауіпсіздігі мен экономикалық күшін нығайтады» деп, чиптерді шетелдерге сатудың жаңа ережелерін бекітті. Америкалық чип өндіруші Nvidia жаңа ережелерді сынға алып, оларды «бұрын-соңды болмаған және жаңылыс шешім» деп атады.

Жүздеген миллион адамы бар үлкен нарықтарға инвестиция салуға шетелдік инвесторлар өздері сұранып келеді. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images /  Costfoto

Бұдан Қазақ елі қандай сабақ алуына болады? 

XXI ғасыр ғылым мен инновацияға деген сұранысты күшейтумен бірге үлкен нарықтарға, халқы көп мемлекеттерге мол экономикалық артықшылық береді. Халық санының жүздеген миллион, миллиард болуы мемлекеттердің экономикалық, саяси әлеуетін күшейтті.

Еңбек нарығында бәсеке күшті болса, соғұрлым тауарлар мен қызметтерді көп әрі сапалы жасауға мүмкіндіктер артады, экономика жылдам өседі. Жүздеген миллион білімді адамнан көбірек идеялар, инновациялар және ғылыми жаңалықтар шығады. Адами капитал мемлекеттің халықаралық аренадағы технологиялық серпілісіне ықпал етіп, бәсекеге қабілетін арттырады. Халық саны көп елдің дипломатиялық ықпалы күшейеді.

Қазақстанда 300-400 млн сыйымдылығы бар экономика үшін жазылған заңдар жұмыс істемейді. Фото vecher.kz сайтынан алынды

Жүздеген миллион адамы бар үлкен нарықтар шетелдік инвесторлар үшін өте тартымды. Олар үлкен елге инвестиция салуға өздері сұранып тұрады.

Дегенмен халықтың көп болуының өзі табысқа кепілдік бермейтінін де ескерген жөн (мысалы, Африканың Нигерия, Эфиопия мен Конго сияқты халық саны 100 миллионнан асатын елдері, азиялық халқының саны 173 млн Бангладеш пен 240 млн Пәкістан). Ол үшін білімді азаматтық қоғам, мемлекеттік биліктің ұлтының мүддесіне жұмыс істеуі, әділет пен жеке адамның құқығы мен бостандықтарының заңмен қорғалуы сияқты демократиялық принциптер басшылыққа алынуы тиіс. Осылардың қайсысы Қазақ елінде бар, қайсысы жасалуы тиіс? 20 млн ғана халқы бар Қазақстанда 100 млн немесе 300-400 млн сыйымдылығы бар экономика үшін жазылған заңдар жұмыс істемейді. Бұның математикалық та, философиялық та дәлелдері бар. 

Көп сұрақтың жауабын өзіміздің жаңа әлемдегі орнымызды, экономикалық, саяси, әскери әлеуетімізді дұрыс бағалай алсақ қана табамыз. Бастысы, амбициямызды мемлекетіміз бен ұлтымыздың шамасы жететін деңгейден асырмауымыз керек. 

Дәл осы тұжырымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы түсініп отырғанын «Ana tili» газетіне берген сұхбатынан байқадық: «Халықаралық аренада Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне қарай әрекет жасаймыз». Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «қазақтар көтере алмайтын шоқпарды беліне байламаған».

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.