Алайда, бұл экс-әкімнің көлік тізгініне қайта отыруына еш кедергі бола алмаған, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 10 қаңтар күні бұрынғы әкім Зеренді ауылында Nissan Almera көлігімен қайта ұсталған.
— Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің Зеренді аудандық сотының 2024 жылдың 19 ақпанындағы қаулысы негізінде көлік жүргізу құқығынан 7 жыл мерзімге айырылғаны анықталды, - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Заңды бұзғаны үшін жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 612-бабы 3-тармағымен жауапкершілікке тартылып, материалдар сотқа жолданған.
Белгілі болғандай, көлік тізгінінде тағы сол Зеренді ауданы Викторов ауылдық округының бұрынғы әкімі болып шықты. Ол бұған дейін де мас күйінде көлік айдаған, 15 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Сонымен қатар экс-әкімнің әлеуметтік желілердегі жазбаларынан белгілі болғандай, ол мемлекеттік қызметтен толықтай кетпеген. Өткен жылдың желтоқсанында Зеренді ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы болып істеген. Бұл жайтқа қатысты Зеренді ауданы әкімдігінің өкілі: «Қазіргі уақытта аталған мәселе соттың қарауында. Сот процесі әлі аяқталған жоқ, әрі соттың соңғы шешімі шығарылмаған. Сот шешімі шыққаннан кейін қызметкерге қатысты тәртіптік және басқа да әрекеттерді қосқанда тиісті шаралар қабылданатын болады. Қазіргі уақытта барлық тараптар заңмен бекітілген рәсімдерді сақтап, соттың аяқталуын күтуде», - дейді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы