Оқиға өткен жылдың 20 желтоқсанында болған.
Қаза тапқан полицей III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды
Фото: Polisia.kz
168
оқылды

Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Алматы облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы Шалхар Байжомартов «Айбын» ІІІ дәрежелі орденімен марапатталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.

Мемлекеттік награданы марқұмның әкесіне ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Алматы облысы Полиция департаментіне жұмыс сапары барысында табыстады. Ол отбасына көңіл айтып, аға лейтенант Байжомартовтың ерлігі мен қызметіне адалдығын атап өтті.  

– Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмысқа қарсы күресте және тәртіпті қамтамасыз етуде әрдайым алдыңғы қатарда. Шалхар Байжомартов өз өмірін құрбан ете отырып, Отанына адал қызмет еткенін дәлелдеді, – деді Айдар Сайтбеков.  

Қайғылы оқиға өткен жылдың 20 желтоқсанында болған. Жол-көлік оқиғасын тіркеу кезінде көліктердің бірі тізгінге ие бола алмай, полицейді қызметтік көлікке қысып, оның өліміне себеп болды.