Aikyn.kz бала тәрбиесіндегі эмоционалды интеллекті қалыптастыру, дамыту мәселесін CNBC телеарнасының материалына сүйеніп талдайды. Психолог мамандар «эмоционалды интеллекті жоғары, қабілетті баланы тәрбиелеуді ата-ана ерте жастан бастауы керектігін» айтады. Фото parenting.firstcry.com сайтынан алынды
Ақпарат әлеміне тұншыққан, материалдық табысқа ұшталған заманда бала тәрбиелеу оңай ерлік емес. Көптеген ата-аналар мектептегі бағалар мен сабақтан тыс қызығушылыққа назар аударғанымен, балаларының эмоционалдық интеллектін дамытуды естен шығарып алады.
Психолог мамандар «эмоционалды интеллекті жоғары, қабілетті баланы тәрбиелеуді ата-ана ерте жастан бастауы керектігін» айтады. Бүгінгі қарбалас уақытта эмоционалды интеллект (EQ, emotional quotient) қоғамдық ортада баланы табысқа жетуіне көмектесіп қана қоймайды. EQ оларды қиындықтарды сенімді түрде жеңуге бағыттап, мағыналы қарым-қатынастар құра алатын өмірге дайындайды. Түрлі қиындықтарды еңсеруде төзімді болуға, айналасына жанашыр және табысты ересек болып қалыптасуына көмектеседі.
Бәріміз жақсы білетін дәстүрлі IQ тесті адамның болашақта кәсібі мен мансабы қалай дамитынын болжай алмайды. Адам үлкен биіктерге жете ме, жұмысын оңай атқара ала ма және қаншалықты табысты болатынын IQ арқылы болжай алмаймыз.
Жоғары IQ-і бар адамдар төмен балл жинағандарға қарағанда өмірде аз табыс табатыны, қиындыққа душар болса өмірден түңіліп кететін жайттар жиі кездеседі. Яғни, табыстың сыры академиялық білімде немесе интеллектуалдық қабілетте емес. Кәсіби психологтар мәселе балалық шақта қалыптасатын және өмір бойы дамитын жұмсақ әмбебап дағдыларға (soft skills: коммуникация, сыни ойлау және жаңа идеялар тудыру) байланысты екенін айтады. Soft skills-ті дамыту және оларды дұрыс қолдануға EQ жауапты.Балалық шақта қалыптасатын және өмір бойы дамитын soft skills-ті дұрыс қолдануға EQ жауапты. Фото parenthubdonegal.ie сайтынан алынды
Сонымен, эмоционалды интеллект (EQ) дегеніміз не? EQ – өзіңіздің және басқа адамдардың эмоцияларын түсіну және басқару қабілеті. Егер IQ адамның интеллектуалдық, логикалық және аналитикалық қабілеттерін бағаласа, EQ жеке және әлеуметтік дағдыларды өлшейді. Эмоцияларды түсініп, оларды басқара алсаңыз, адамдармен қарым-қатынасыңыз мүлдем басқа деңгейге ауысады.
EQ жоғары адам қандай адам?
Ол: өз эмоцияларын жақсы түсінеді; басқа адамдарға және олардың мәселелеріне шынайы қызығушылық, жанашырлық танытады; өзінің ашулануының немесе нашар көңіл күйінің себептерін, күшті және әлсіз жақтарын біледі және өз бетінше жұмыс істейді; сәтсіздіктер мен қиындықтарды жеңе алады, қажет кезде «жоқ» деп айта алады.
Балаларының бойында эмоционалды интеллекті дамытқысы келетін ата-аналар не істейді? 200-ден астам ата-ана мен бала қарым-қатынасын зерттеген және өз баласының мінез-құлқын сараптаған маман ата-аналарға жеті тиімді стратегия ұсынады.Эмоцияларды түсініп, оларды басқара алсаңыз, адамдармен қарым-қатынасыңыз мүлдем басқа деңгейге ауысады. Фото siteware.com.br сайтынан алынды
1. Ата-аналар үнсіздіктің құдіретін түсінеді
Олар балаға сезімдерін іштей өңдеуге және оның ішкі дауысына сенуге мүмкіндік береді. Баласы ренжісе, оның қасында үнсіз отырып, жұмсақ қимылымен жұбатады. Тыныштықты сезіну арқылы балалар өз эмоцияларын жақсырақ бағалайды және ойлануға бейім болады.
2. Өз эмоцияларын балаларымен бөліседі
Ішкі сезімдерін ауызша бөлісу арқылы (мысалы, «Менің көңіл күйім жоқ, ренжідім» немесе «Мен өзімді керемет сезінемін, бақыттымын) олар балаларын эмоциаларды саналы қабылдауға үйретеді және оларға өз ойын білдіру үшін мүмкіндік береді. Бұл балаларға эмоцияларды қалыпты деп қабылдауға және оларды басу, өшіру емес, жақынымен ашық бөлісуге үйретеді.
3. Баладан кешірім сұрай білу
Олар балаға қателесу әркімге тән екенін, өмірде қателіктер жасалатынын, ал жауапкершілікті мойнына алу – күшті адамдардың қасиеті екенін көрсетеді. Кешірім сұрау сенім мен сыйластықты арттырып, баланың өзінің тұлғасының ата-ана үшін құнды екенін сездіреді. Бұл сондай-ақ эмпатияны (жанашырлық таныту) күшейтеді және балаға қарым-қатынасты қалай қалпына келтіруге болатынын үйретеді.
4. «Өтінемін», «рақмет» немесе «кешіріңіз» деген сөздерді баланың көзінше жиі айту
Ата-аналар мейірімділік пен сыйластықты мәжбүрлеп үйретуге болмайтынын білуі тиіс. Жалпы тәрбиеде мәжбүрлеу ешқашан тиімді болған емес. Оның орнына ата-анасы сыпайы мінез-құлықты үлгі етіп, баласын өзінің өнегесімен тәрбиелейді. Баласы рақмет айтуды ұмытып қалса, ата-анасы баласы үшін өзі айтады. Уақыт өте келе бұндай сабақты бала бойына сіңіреді.
Бұл үлкен батылдықты қажет етеді! Баласына «өтінемін» немесе «рақмет» деп айту керек деп ақыл айтқанша, бұл сөздерді өздері жиі қолдану арқылы ата-ана баланың бойында бұндай дағдыларды тезірек қалыптастырады.Ата-ана жоғалған ойыншық, досымен келіспеушілік сияқты баланың проблемаларын байыппен қабылдауы тиіс. Сурет inc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
5. Ұсақ-түйек мәселелерді назардан тыс қалдырмау
Ата-ана жоғалған ойыншық болсын, әлде досымен келіспеушілік болсын, баласының барлық проблемаларын байыппен қабылдауы тиіс. Өз сезімдерін білдіру арқылы ата-ана балаға эмоциялардың маңызды екенін көрсетеді. Бұл өзін-өзі бағалауды, эмоционалдық қауіпсіздікті және өз тәжірибесін құрметтеуді дамытуға ықпал етеді.
6. Дайын шешімдерді ұсынбау
Балаларды шешім қабылдауға үйретудің ең жақсы тәсілі – оларды өз бетінше шешім қабылдауға ынталандыру. Мәселелерді шешудің орнына олар: «Сенің ойыңша, біз не істеуіміз керек?» деп сұраған пайдалы. Бұл сыни ойлауды, сенімділікті және тәуелсіздікті, жауапкершілікті дамытады.
7. Баланың жеке қалуын, өзімен-өзі болуын дұрыс қабылдау
Баласының EQ-ін өсіруді мақсат еткен ата-ана баланың өзімен-өзі жеке қалуына да жол береді. Бұл баланы тыныш жағдайда, еркін ойлануға дағдыландырады. Осылайша баланың шығармашылығы мен креативті ойлауын, өзіне-өзі баға беру және проблемаларды өз бетінше шешу дағдыларын дамытады. Ондай балалар экранға қарамай, көлік терезесінен сыртқа қарау, көшедегі, саябақтағы көріністер мен адамдарды бақылау сияқты қарапайым нәрселерден ләззат алуды үйренеді.Өзін-өзі басқару дағдыларын дамыту үшін жеке қалуына, тыныш жағдайда еркін ойлануға мүмкіндік беріңіз. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторлығы: Djedzura
Қорыта айтқанда, балаңыздың эмоционалдық интеллектін дамыту үшін эмоцияларыңызды ашық білдіріңіз, қателескен кезде кешірім сұраңыз, қарым-қатынаста мейірімді және жанашыр болыңыз. Балаңыздың сезімдері қаншалықты кішкентай болып көрінсе де, мойындаңыз және оны түзетуге немесе елемеуге асықпай, сол эмоцияларды сезінуге мүмкіндік беріңіз. Сезіміне ортақтасыңыз, ерінбей баланың ойын тыңдаңыз.
Барлық жауаптарды өзіңіз бермей, ашық сұрақтар қою арқылы мәселені баланың өзі шешуіне ынталандырыңыз. Шығармашылық пен өзін-өзі басқару дағдыларын дамыту үшін оларға өзімен-өзі жеке қалуына немесе үнсіздікте, тыныш жағдайда еркін ойлануға мүмкіндік беріңіз. Ең бастысы, құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынастар құруға назар аударыңыз. Өйткені эмоционалдық интеллект қауіпсіздікті, құндылықты және жауапкершілікті сезінуден басталады. Тәрбиелі бала отбасының ғана емес, тұтастай елдің басты байлығы екенін ұмытпайық!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.