Мемлекет басшысы саммитте бірінші болып сөз сөйлеп, бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өткен еді.
Сондай-ақ сапар аясында Мемлекет басшысы Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахи мен ADNOC компаниясының қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салминді қабылдады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Masdar компаниясы арасындағы серіктестік жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті. Президент компания өкілдерімен бірге Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасының құрылысын жүзеге асыруға қатысты келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. Аталған ірі жобаға 1,4 миллиард доллар инвестиция салынады.
Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Рамахи компанияның құрылыс жұмыстары бойынша жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ жоба аясында жел турбиналарының өндірісіне жергілікті өнімдерді қолдануға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Әл-Рамахи Masdar компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейте отырып, жаңартылатын энергетика және цифрландыру салаларындағы маңызды жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар кездесуге Abu Dhabi National Oil Company (ADNOC) қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салмин қатысты. Президент еліміздің ADNOC компаниясымен серіктестікті одан әрі дамытуға баса мән беретінін атап өтті. Халид Салмин екі елдің ұлттық мұнай-газ компаниялары арасындағы өзара ықпалдастықтың перспективаларына тоқталды.
Кездесуде мұнай-газбен қатар геологиялық барлау ісіндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланып, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Сонымен бірге Президент Abu Dhabi Ports Group бас директоры Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективасы талқыланды, сондай-ақ көлік-логистика саласында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесі қарастырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports компаниясының бірқатар ірі нысан құрылысына қатысты жоспарына қолдау көрсетіп, бұл бастамалар Қазақстанның Каспий теңізіндегі айлақ және теңіз инфрақұрылымын дамыту жөніндегі стратегиялық мүддесіне сай келетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымы мен тасымал дәліздерін дамыту еліміздің орнықты экономикалық өсімін қамтамасыз етуде және халықаралық сауданы жандандыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Мұхаммед Әл-Шамиси бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында ұдайы қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Президентке «Самұрық-Қазына» қорымен және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен тиімді серіктестік орнатқаны туралы мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Әл-Шамиси бірлескен жобалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында сарапшылармен жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту мәселесін талқылады.
Мемлекет басшысы ЖИ қазіргі замандағы прогрестің ең басты қозғаушы күштерінің бірі саналатынын әрі экономиканы түбегейлі өзгерте алатынын атап өтті.
– Қазақстанда жасанды интеллектті ілгерілетуге берік негіз қалау үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. Институционалдық орта қалыптастыруға, инфрақұрылым мен адам капиталын дамытуға баса мән беріліп отыр. Институционалдық құрылым аясында Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады. Оған өзім жетекшілік жасаймын. Бұл кеңес әлемдік деңгейдегі сарапшылармен диалог жүргізіп, пікір алмасатын стратегиялық алаңға айналады. ЖИ саласындағы ұлттық саясатқа қатысты ұсынымдар әзірлеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында оның жұмысына инженерлер, зерттеушілер мен кәсіпкерлер кеңінен тартылады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЖИ саласына жоғары санатты маман даярлау және қолдау ісіне айрықша басымдық беріп отырғанына тоқталды. Президенттің айтуынша, ЖИ-дің қолданысқа табысты енуі осындай технологияларды әзірлейтін және пайдаланатын адамдардың біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде AlemAI озық технологиялар орталығы құрылғанын мәлімдеді. Орталық әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді. Президент жасанды интеллектке байланысты бастамаларды жүзеге асыратын хабта мектептерге, университеттерге және кәсіби даярлық орталықтарына арналған білім беру бағдарламалары жасақталатынын айтты. Сондай-ақ онда зерттеушілерге, стартаптар мен компанияларға арналған кеңселер, тәжірибе алмасу алаңдары орналасады.
– Біз ЖИ саласындағы адам капиталын дамыту мақсатында AI-Sana деп аталатын инновациялық білім беру бағдарламасын жасадық. Бағдарлама түрлі сала мамандарының пәнаралық даярлығын қамтамасыз етеді және ЖИ-ге қатысты озық шешімдерді әзірлеуге септігін тигізеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Қазақстан жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің белсенді мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді. Сонымен қатар кездесуге қатысушыларды ғылыми зерттеуден бастап этикалық стандарттарды бекітуге дейінгі сан салалы жұмысқа атсалысуға шақырды.
Жиынға Polynome компаниясының негізін қалаушы Александр Ханин, G42 компаниясының жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Джексон Эндрю, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Дебба Меруан, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам, Core42 компаниясының мемлекет істері және серіктестік жөніндегі директоры Әл Каисси Талал, Мұхаммед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетінің ректоры және профессоры Тимати Болдуин, Saal.ai компаниясының жасанды интеллект бөлімінің жетекшісі Абдулнаби Абрар, Mubadala Investment Company венчурлық жобалар және даму бөлімінің жетекшісі Әл Мазруи Фарис Сухейл қатысып, пікір білдірді.
Мемлекет басшысы «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» алаңында Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Джорджа Мелониді туған күнімен құттықтап, достас Италия халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Президент былтыр Римге жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде Қазақстан–Италия қатынастарының жаңа кезеңіне жол ашылғанын атап өтті. Мемлекетаралық ынтымақтастықты жоғары деңгейде сақтау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Джорджа Мелониді Астанаға ресми сапармен келуге шақырды.