Заң жобалары жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов баяндады. Ол түзетулердің басым бөлігі 2022 жылы Президент Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталғанын атап өтті.
Заң жобасының негізгі бастамаларының бірі – пара беруді талап еткені, уәде бергені немесе ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу. Бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанына 15 жылдан асты. Тиісті заңнамалық шараларды қабылдау қажеттігі 2008 жылдың мамырында Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында көрсетілген.
– Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімі жасалады. Бұл – профилактикалық құрал. Мақсаты – қоғам арқылы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімге ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін сотталғандар енгізіледі. Мәліметтер тек заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде қосылады. Ал ақтау үкімі заңды күшіне енген соң және соттылық өтелген соң тізілімінен шығарылады. Тізілім Агенттіктің сайтында орналастырылады және оны жүргізу Агенттікке бекітіледі, – деді Ұ.Сарқұлов.
Сондай-ақ ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң «Мүдделер қақтығысы» атты жаңа тараумен толықтырылатынын айтты. Мүдделер қақтығысы болған кезде басшы тиісті ұсынымдар көрсетілген қорытындыны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша шаралар қабылдауға міндетті. Мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін, сондай-ақ мүдделер қақтығысы болған кезде лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.
Бұдан бөлек, мемлекеттік лауазымға немесе оған теңестірілген лауазымға орналасатын адамдардың жұмыс орны бойынша кадр қызметіне жеке мүдделері туралы декларация тапсыруы туралы норма енгізіледі.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекс жаңа 247-1-баппен толықтырылып, заңсыз сыйақы бергені үшін жауапкершілік қарастырылады. Бұл тек алғандарды ғана емес, заңсыз сыйақы бергендерді де жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Заңсыз сыйақы алу және беру фактілері бойынша Ішкі істер министрлігіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тең дәрежеде тергеу жүргізу құқығы беріледі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 678-бабы бойынша заңды тұлғалардың шенеуніктерге сыйақы бергені үшін 750 айлық есептік көрсеткіш айыппұл қарастырылған. Бұл баптың жаңа редакциясында Қылмыстық кодекстің 367-бабына (Пара беру) ұқсас көп мөлшердегі айыппұл түріндегі диспозиция мен санкциялар қарастырылған. Айыппұл сыйақының мөлшеріне қарай заңды тұлға атынан немесе оның мүддесі үшін берілген материалдық сыйақы мөлшерінің 30-дан 60 еселенген мөлшерінде болады. Заң жобаларында осы және өзге де түзетулер бар.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қосымша баяндамасында жұмыс тобы параны талап етуді, уәде етуді және ұсынуды жаңа қылмысқа жатқызу қажет деген қорытындыға келгенін айтты.
– Оларды тиісінше Қылмыстық кодекстің 366-бабында (пара беру) және 367-бабында (пара алу) көзделген қылмыстар құрамында қарастыру керек деп ұйғарылды. Бұдан бөлек мүдделер қақтығысын анықтау мен реттеуді регламенттеуге, жеке мүдделерін декларациялауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің тәуелсіздігін қамтамасыз етуді регламенттеуге байланысты нормалар пысықталуда, – деді А.Сарым.
Талқылау нәтижесінде депутаттар заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады.
Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: бағбандық шаруашылық серіктестіктерін мемлекеттік қолдау мәселелері туралы; Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы; Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары.
Асылбек Нұралин Мәжілістің жаңа депутаты атанды. Ол Қазақстан Халық партиясы фракциясы атынан өкілеттілігін тоқтатқан Гауһар Танашеваның орнына келді. Асылбек Нұралин Мәжіліс депутаты ретінде ант беріп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.
Мейір ЖАСЫН