Кейінгі кезде қазақ-француз ынтымақтастығы бұрын болмаған жаңа деңгейге шықты. Бұл ел компаниялары бізде ауыл шаруашылығын дамытып жатыр.
Жарқын болашақ жолындағы сенімді серіктес
651
оқылды

Соның арқасында отандық осы саланың Францияға экспорты бір жылда бірден 7 еседей өсті! Серіктестік көптеген өзге саланы қамтыды. Мысалы, француздар елімізде су шаруашылығы құрылыстарын салып, реконструкциялауға қатысуға ниетті. Ал Президент қол қойған жаңа заң екі ел қатынастары тарихының жаңа бетін ашады.

Қолдауы құнды құрылым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі мен Француз Рес­публикасының Үкіметі арасын­дағы Қазақстанда Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңына қол қойды. Келісімге 2023 жылғы 1 қарашада, Астанада, Фран­ция Президенті Э.Макронның Қазақстанға алдыңғы мемлекеттік сапары барысында қол қойылған. Ұлттық экономика министрлігінің ұс­танымынша, құжат екі мемлекет арасындағы экономикалық және қаржылық ынтымақтастықты кеңей­теді. 

– Келісімнің мақсаты «Француз даму агенттігі» (ФДА) тобының Қа­зақ­стандағы қызметінің құқықтық, салықтық және қаржылық шарттар­ын айқындау. Француз даму агенттігі дегеніміз – Франция Үкіметінің даму­шы елдерге орнықты даму мақ­сатында ресми көмек көрсететін ұйымы. Бүгінде ол әлемнің 115 мем­лекетінде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын 4 мыңнан астам экономикалық-экологиялық жобаға қолдау көрсетіп отыр. Келі­сімде ФДА-ның Қазақстандағы құ­қықтық мәртебесі және рұқсат етіл­ген қызмет түрлері айқындалды, – деп түсіндірді ведомство.

Мұның елімізге қандай пайдасы бар? ФДА Қазақстанның мемлекеттік компанияларына да, жеке компания­ларына да 15 жылға дейінгі ұзақмер­зімді, арзандау қарыз беру арқылы қолдау көрсетеді. Өйткені тапшы­лығы рекордтық көлемге жеткен рес­публикалық бюджет мүмкіндігінің шектелуі салдарынан мемлекеттік қолдау шаралары шектелді. Енді біз­дің экономикаға, бизнеске француз­дар көмекке келеді. Ұзақ жылға берілетін, сыйақы ставкасы төмен кредит болса ғана бизнес өркендеп, мемлекет қолға алған жобалар ілгері басатыны мәлім.

Француздардың қолдауын құнды ететін тағы бірнеше жайт бар. Бірін­шіден, ФДА экономиканың өнім өндіретін нақты секторларын қаржы­лан­дырады. Атап айтқанда, энерге­тика, көлік, коммуналдық шаруашы­лық инфрақұрылымына қаржы ұс­ы­нады. Екіншіден, ол өз қамқорлығына алған елдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтады. Агенттік Қазақстанда инфрақұрылымдық жобалар пұлын, соның ішінде сумен жабдықтау, са­ни­тария, ирригация секторын демеу­ге кірісіп кетті.

Үшіншіден, Қазақстан әлемдегі әйелдері басым халықтарға жатады. Ұлттық статбюро дерегінше, 2024 жылғы 1 желтоқсанда республика тұр­ғындарының саны 20 млн 265 мыңнан адамнан асты. Соның ішінде үлкен бөлігі немесе 10 млн 363 мыңнан астамы – нәзік болмыс иелері. Ерлер саны 9 млн 901 мыңдай ғана. Бұл ретте ФДА халқымыздың басым бөлігіне жеке қолдау көрсетеді. Яғни, «Даму» қорымен бірлесіп, әйелдер кәсіпкерлігіне арналған кредит желісін ұйымдастырып, олардың жобаларына бөлек грант бөледі және техникалық жәрдем­деседі.

Қазірдің өзінде Француз даму агенттігі еліміздегі денсаулық сақтау саласында – 945 мың еуро, Балқаш көлінің экологиялық мәселелерін шешуге – 1,3 миллион еуро, Арал бассейні өңірінің мектептерінде білім беруді жақсартуға – 2,4 миллион еуро грант бөлуді жоспарлады. Бұл басы ғана. Техникалық жәрдемдесу шеңберінде агенттік Ақтау портын кеңейту, Қазақстанның оңтүстігін қуатпен сенімді қамту үшін электр желілерін салу сияқты бірнеше ірі жобаны қолдауды қарастырып отыр. Президент қол қойған жаңа келісім ел игілігіне айналар ізгі жобалардың санын арттырып, ел дамуына серпін беруге әлеуетті. 

Қанауға емес, қолдауға құмбыл

Іргедегі Ресейдің Украинаға қар­сы соғысы, Мәскеудің солақай сая­саты кесірінен геосаяси жағдайдың ушығуы, санкциялық соғыстар Қа­зақ­станның да инвестициялық тар­тым­­дылығын біршама төмендеткенін экономистер айтып жүр. Бірақ кез келген инвестор елімізге келгенде ең алдымен қара басының қамымен, пайда іздеп келеді. Олардан айырма­шылығы сол, келісімде айтылғандай, Француз даму агенттігі мен оның еншілес ұйымдары қазақ еліндегі қызметінің басты бір мақсаты ретінде «Орнықты даму мақсаттарына» (ОДМ) қол жеткізуді, сол үшін инвестицияларды ынталандыруды белгіледі.

– Ұлттық экономика министр­лігінде Орнықты даму мақсаттары мәселелері мен өзім айналысамын. Мұнда бірнеше мақсат бар. Соның ішінде «Саламатты өмір салтын қам­тамасыз ету» атты үшінші мақсатты және «Су ресурстарын ұтымды пай­да­лану» деген алтыншы мақсатты атап өтер едім. Осы бағытта мақұл­данған француздың 3 гранты аталған мақсаттарға қол жеткізуімізге әсер етеді, – деді Ұлттық экономика вице-министр Арман Қасенов.

Мысалы, Балқаш көлінің мастер-жоспары (бұрынғыша Бас жоспары) бойынша қайтарымсыз грант қаржы Аралды құтқару халықаралық қорына беріледі және су ресурстарын үнемді пайдалануға бағытталған. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің түсіндіруінше, бұл тұрғыда Қазақстан мен Франция Іле-Балқаш бассейнін тұтас зерттейтін болады. Министрлік Француз даму агенттігімен (AFD) және Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросымен (BRGM) ынтымақтасуға уағдаласты.

– Ведомство Францияның осы ұйымдармен бірлесіп Іле-Балқаш бассейніне кешенді зерттеу жүр­гізеді. Сондай-ақ жерасты суларын зерттеу, мониторинг жасау, барлау және игеру бағытында ынтымақ­тастық жолға қойылады. Бұдан бөлек, Халық­аралық су бюросымен (OiEau) ынты­мақтастық мүмкіндік­терін қарас­тырудамыз. Француз әріптестеріміз­бен ұзақмерзімді және нәтижелі жұмыс істеуді жоспарлап отыр­мыз, – деді министр Н.Нұржігітов.

Өз кезегінде француз компания­лары Қазақстанда су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконс­трук­циялау жобаларына қатыспақ. Мұның сыртында су шығынын анықтайтын және суды басқаруды оңтайландырумен айналысатын фран­цуз компаниялары Қазақстан­мен серіктестік орнатуға қызығушы­лық танытты.

Вице-министр А.Қасенов ФДА-ның жылдық есебінен оның дамушы елдердегі Орнықты даму мақсат­тарына үлкен мән-маңыз беретінін көруге болатынын айтты. Яғни, пайда табуды басты орынға қой­майды. 

– Агенттік грант бергенде нақты бір жобаның елге нақты қандай игілік әкелуге тиістігін, қандай мақ­сат­тар орындалуға тиістігін қадап көрсетеді, соны талап етеді. Бұл гранттарға қатысты. Кредиттеуіне келсек, олар да елді орнықты дамы­туға бағдарланған. Мысалы, ФДА өзінен несие алатын мемлекет­тік және коммерциялық жобалардың қазақстандықтарға лайықты жұмыс орнын құруын, экономикалық өсімге септесуін, инфрақұрылым жасауын, жан-жақты индустрияландыруға және инновацияларды ендіруге ық­пал етуін талап етеді. Бұлар – ОДМ-нің сегізінші және тоғызыншы мақ­саттары саналады, – деді Арман Бақытжанұлы.

Оның мәліметінше, ФДА жылына 200-250 миллион долларға дейін (шамамен 107 миллиард теңгедей) қаржы бөледі деп күтіледі. Экономика вице-министрі Француз даму агенттігінің қазақстандық «Бәйтерек» холдингі сияқты даму институты екенін қаперге салды. Тиісінше, ол инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағдарланған. 

– Сондықтан ФДА-ның әрбір жобасының еліміздің өркендеуіне пайдасы мен тиімділігі өте зор! Бұл агенттік қаржыландыру үшін бірнеше жобаны қосымша қарастырып жатыр. Арасында Балқаш қаласында және Жамбыл облысында жылу-электр стансаларын салу, Талдықор­ғанда заманауи емхана тұрғызу, Шымкентте озық диагностикалық орталық ашу бар. Алакөл ауданын­дағы бөген-дамба құрылысының жобасы да өте өзекті, – деді вице-министр. 

Басқаша айтқанда, бұл агенттік қолдайтын жобалар денсаулық сақтау, білім беру, көлік, су ресурс­тары, электр энергетикасы сияқты әртүрлі бағытта инфрақұрылымды жетілдіруді көздейді. Олар халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартып, экономикалық өсімге дем береді. Ендеше биыл Қазақ елі үшін инвес­тицияның қосымша көзі ашылып отыр. 

Сенімді серіктестен – соны серпін

Франция мемлекетіне жасаған сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы жақын әрі сенімді серіктесі», – деп ерекше атап өтіп, өзара қарым-қатынастың стратегиялық сипатына екпін түсірді. Бүгінде екі ел арасында энергетика, атом өнеркәсібі, тау-кен өндіру, химия, машина жасау, құрыл­ыс, аэроғарыш және фармацев­тика салаларында маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Қазақстанда Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano, Vicat, Danone, Lactalis секілді француз инвесторларының қатысуы­мен 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

«AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі, Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың айтуынша, сөз болып отырған келісімді Парламент ратификациялағанға дейін Француз даму агенттігінің тобы Қазақстанға келіп, алғашқы бастамаларына кір­істі. Оның алғашқы қадамы 2020 жылы ұсақ және шағын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ұсынудан бас­тал­ыпты. Бұл жоба ФДА-ның енші­ле­с ұйымы Proparco компаниясы арқылы іске асырылды. Ол француз заемын таратуға отандық микро­қаржы ұйымдарын тартты. Осындай табысты ынтымақтастық аясында еліміздің шалғай аудандарының тұрғындарына несие қаржы жетті, ауыл шаруашылығы бизнесі қолдау тапты.

– Қазақстан мен Франция ара­сында экономиканың әралуан сек­торының кең ауқымын қамтитын өзара тиімді ынтымақтастықтың тарихи тұғыры қаланды. Бүгінде Франция – еліміздің басты бір стра­тегиялық серіктесі. 2024 жылғы 5 қарашада елімізге сапарлаған Франция Президентімен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сауда, экономика және инвес­тициялар салаларындағы өзара іс-қимыл ауқымын кеңейтуге ерекше назар аударды. Бүгінде ФДА-ның Proparco компаниясы ел өңірлерінде кәсіпкер әйелдерге және ауыл шаруа­шылығы бизнесіне микроқарыздар бөлу үшін отандық микроқаржы ұйым­дарымен бірге жұмыс істейді. Өт­кен жылдардағы екіжақты ынты­мақ­­тастық Қазақстан-Франция стра­те­гиялық қатынастарының тұрақты­лығын көрсетсе, биыл ол қарқынды даму жолына түсіп отыр, – деді депутат. 

Қаржы министрлігі дерегінше, 2005 жылдан бері Франция қазақ­стан­дық экономикаға 19,5 миллиард доллар инвестиция құйған. Нәтиже­сінде, Франция еліміздің басты 5 ірі инвесторының қатарына кірді.

2023 жылы екі елдің сауда айналы­мы 4,2 миллиард доллар болды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткішке 9 айда қол жеткіздік. Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр өзара сауда-саттық бірден 32%-ға өсті. 

Ауыл шаруашылығы вице-мин­ист­рі Ермек Кенжеханұлының ай­туынша, 2024 жылдың 10 айында Қазақстан мен Франция арасындағы бір ғана агроөнеркәсіп кешені өнім­дерінің тауарайналымы шамамен 9,3%-ға өсіп, 83,1 млн долларды құра­ды. Осы он айда Қазақстанның Францияға өткізген экспорты 7 есеге жуық өсті!

– Қазір біз селекциялық мал шар­уашылығы саласындағы қолданыс­тағы заңнамаға түзетулер енгізу жұ­мысын жүргізудеміз. Бұл бағытта Францияның мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру және француз тұқым­дық қауымдастықтарының қызметін реттеу тәжірибесін үлгі етеміз, – деді АШМ басшысының орынбасары. Сондай-ақ тараптар қазақстандық селекционерлерді қолдау, француз селекционерлерін Қазақстан аума­ғында тұқым өндірісіне инвестиция салуға тарту мәселелерін талқылап жатқан көрінеді. 

Сапалы француз инвестициялары қазақ экономикасын, соның ішінде ауыл шаруашылығын жақсы жаққа өзгерту үстінде. Мысалы, екінің бірі біле бермес, тұтынушылар арасында танымал FOOD MASTER сауда маркасымен түрлі өнім өндіретін зауыт – француздың Lactalis Kazakhstan компаниялар тобының бір бөлігі. 

Павлодарда француздар «Сүт» АҚ кәсіпорнын салды және ол облыстағы ірі сүт өнімдерін өндірушіге айналды. Кәсіпорын кеңейтілді, 2024 жылы сүт өндіру бойынша қосымша желі іске қосылды, дайын өнім қоймасы салынды. Инвестиция көлемі 2,15 млн еуроны құрады. Өндіріс үшін ол сүтті өз фермасынан, «Киров» ЖШС-нан да, сондай-ақ сүт-тауар ферма­ларынан, шаруа қожалықтарынан және ауыл шаруашылығы коопера­тивт­ерінен де сатып алады. Осы арқылы өңір фермерлерін тұрақты жұмыспен және табыспен қамтыды.

Екі елдің инновация мен аэро­ғарыш саласындағы ықпалдастығы кеңеюде. Қос мемлекет бұлтты тех­нологиялар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, ғарышты зерттеу, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету сала­лар­ында ынтымақтастық құрмақ.

Цифрлық платформаларды авто­маттандыру, масштабтау және қауіп­сіздікке арналған бұлтты шешімдер саласындағы Францияның ірі ком­пания­ларының бірі Clever Cloud қазақстандық нарыққа шығуға қызығушылық танытып, бірлескен кәсіпорын ашқалы жатыр. 

Қазақстан Airbus компаниясының озық шешімдерін табиғи ресурстарды мониторингілеу, экологияны басқару және авиация секторын цифрландыру мақсатында пайдаланбақ. Airbus ұзақ қашықтыққа ұшатын Zephyr ұшқыш­сыз ұшу аппаратын елімізге беріп, сынағын Қазақстанда жүргізуді ұсынды. Zephyr-ді тіпті «псевдос­путник» атайды, өйткені бұл шағын ұшақ немесе стратостат 25 шақырым биіктікте айлар бойы ұшып жүре береді. Былтыр ол ұзақ ұшу жөнінен «беспилотниктер» арасында рекорд орнатты. Бұл технология Қазақстанға берілсе, тасқынның және басқа таби­ғи апаттардың алдын алуға, астықты қосып жазбауы үшін егістіктерді бақылауға, заңсыз қоқыс поли­гон­дары­ның пайда болуына жол бер­меуге және басқа мәселелерді шешуге мүмкіндік болады. 

Қорыта айтқанда, Француз даму агенттігі қазақ елінің жарқын бола­шақ­қа жетуі жолында сенімді серік­теске айналуы мүмкін.

Елдос СЕНБАЙ