Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "квадроберлерге" қатысты шариғаттың талабын жариялады.
Жануарға еліктеуге, төрт аяқтап жүруге шариғат тыйым салады - ҚМДБ
Фокус
554
оқылды

Дін негізінде адам баласының жануарға еліктеп, сол дәрежеге түсуі, төрт аяқтап жүруі, өзін ардақтау емес, қорлау болып саналады, деп жазады Aikyn.kz.

"Тіпті адам баласының жануарға еліктеуі түгілі әйел кісінің ер адамға, ер кісінің әйелге еліктеуінің өзі шариғатымызда тыйым салынған. Сондықтан жануарларға тән сипаттарға (ит сияқты үру, есек сияқты ақыру т.с.с.) әдейі еліктеу, төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеу, іс-қимылдарын істеу Алла Тағаланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып табылады. Квадроберге, яғни жануарлардың деңгейіне түсіп, оларға еліктеп дауыс шығаруға, іс-қимылдарын жасауға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады”, – делінген ҚМДБ хабарламасында.

Муфтият кейбір теңеулердің немесе балаларға арналған ойындар мен театрлық қойылымдардың квадробер құбылысына жатпайтынын атап өтті.

"Ал батырды арыстанға, айлакерді түлкіге, сабырлыны түйеге теңеу, сол секілді театрлық қойылымдар, балаларға арналған ойындар т.б "квадробердің", яғни адамның жануарға еліктеуіне жатпайды”, – делінген хабарламада.

Квадробер – жануарларға ұқсау мақсатында арнайы маскалар, құлақтар және құйрықтар тағу арқылы олардың қимыл-қозғалысын қайталап, өзін жануар ретінде көрсету үрдісі.