Қызметтен кететінін жариялаған президент «жаңа олигархияның» қаупін ескертті. Ол аса бай «технологиялық-өнеркәсіптік кешенге» қарсы екенін мәлімдеді.
Президент «жаңа олигархиядан» неге қорықты?
Қызметінен кететін президент «жаңа олигархияның» қаупін ескертті. Фото shedevrum.ai сайтынан алынды
1,357
оқылды

Aikyn.kz мемлекет басшысының қоштасу сөзіндегі басты тезистерді BBC News-ке сүйеніп талдайды.Америкада орасан зор байлыққа, билікке және ықпалға ие олигархия демократияға қауіп төндіреді. Сурет theweek.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Stephen Kelly

82 жастағы президент халыққа бақылаусыз билік жүргізе алатын аса бай «технологиялық-өнеркәсіптік кешенді» қатты сынады.

Кеше сәрсенбідегі (15 қаңтар) қоштасу сөзінде Джозеф Байден мырза: «Бүгін Америкада орасан зор байлыққа, билікке және ықпалға ие олигархия пайда болды. Ол біздің бүкіл демократиямызға, біздің негізгі құқықтарымыз бен бостандықтарымызға шынымен қауіп төндіреді», – деген сенсациялық мәлімдеме жасады.

Ақ үйден Америка халқына жасаған үндеуінде ол климаттың өзгеруі және әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат туралы да ескертті. Өзінің кабинетінде жасаған телевизиялық үндеуінде Байден жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымдық шығындар, денсаулық сақтау, елді пандемиядан шығару және Америка Құрама Штаттарын қауіпсіз елге айналдыру сияқты өзінің президенттік 4 жылындағы жетістіктерін атап өтті.

Байден «біз бірге жасаған барлық нәрселердің толық әсерін сезіну үшін уақыт қажет. Бірақ тұқымдар көктей бастады және олар ондаған жылдар бойы өсіп, гүлдейді» деген сөздерін қосты.Байден Дональд Трамптың жаңа әкімшілігіне сәттілік тіледі, бірақ содан кейін «қазір көп нәрсеге қауіп төніп тұр» деп бірқатар сыни әрі өткір ескертулер жасады. Климаттың өзгеруі туралы айта отырып, ол «қуатты күштер біздің климаттық дағдарыспен күресу үшін жасаған қадамдарымызды кері қайтару үшін өздерінің бақылаусыз ықпалын қолданғысы келеді және сол арқылы билік пен пайда үшін өз мүдделеріне ғана қызмет еткісі келеді» деді. Ақпараттық фейктер туралы айта отырып, Байден «америкалықтарды билікті асыра пайдалануды тудыратын жалған ақпарат көшкіні басып жатқанына» назар аударды. Ол сондай-ақ жақында тәуелсіз факт-чекингті тоқтататынын жариялаған Meta сияқты әлеуметтік медиа компанияларға да тиісті. 

«Әлеуметтік желі факт-чекингтен бас тартады. Бұдан былай шындық – билік пен коммерциялық пайда үшін айтылған өтірікпен жасырылады», – деді Байден.

Оның аса бай «технологиялық-өнеркәсіптік кешенге» жасаған шабуылдары Трампқа жақын және оның науқанына үлкен қаржылық қолдау көрсеткен әлемдегі ең бай адам Илон Маскқа арнап айтылғандай әсер қалдырады. Джефф Безос пен Марк Цукерберг сияқты басқа да технологиялық жетекшілер Трамп Ақ үйге оралар алдында онымен қарым-қатынасты жақсартуға күш салуда.Шындық – билік пен коммерциялық пайда үшін айтылған өтірікпен жасырылады. Сурет forbes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock

Сөзінің соңында ол америкалықтарды өз елін «күзетуге» шақырды: «Барлығыңыз жалынды (Байден әкімшілігі жаққан – авт.) сақтаушылар болыңыздар».

Оның телевизиялық үндеуі Израиль мен Хамас арасында атысты тоқтату туралы келісімді жариялаған күні көрсетілді. Байден израиль-араб келіссөздері оның президенттігі кезіндегі ең қиын кезеңдердің бірі болғанын және мәміле жасауға көп еңбек сіңіргенін айтты. Бұл келісім бойынша 19 қаңтарда, Трамптың қызметіне кірісерден бір күн бұрын екі жақтан да атысты тоқтату талап етіледі. Жаңа сайланған президент Дональд Трамп та бұл мәміленің жасалуға  көп күш салғанын, бұл оның қарашадағы сайлаудағы жеңісінің арқасында ғана мүмкін болғанын айтуда.

Америка халқына жасаған 17 минут 19 секундқа созылған қысқа үндеуінде Ақ үйдегі президенттің кабинетін босатып беретін Байден АҚШ-тың «Қытаймен бәсекеде алда екені», бірақ америкалық қоғамда экономикалық теңсіздік күшейіп, байлық аз адамның қолында шоғырланғанын мәлімдеді. Сөзінің соңында Джозеф Байден өзінің мұрагері Дональд Трамптың әкімшілігіне сәттілік тіледі.Америкалық қоғам «жекеменшік капитал – қоғамның тұрақты дамуының кепілі» деген парадигмаға күмәнмен қарай бастады. Фото abcnews.go.com сайтынан алынды

Тарихты жеке адам жасай ма, әлде ұлттың мыңдаған жылдар бойы жинаған пассионарлық энергиясы ма?

Президенттік қызметін жаңа сайланған Трампқа тапсыруға дайындалған Байденнің қоштасу сөзінен екі жаңа тезисті бөліп айтуға болады. Бірінші, «жекеменшік капитал – қоғамның тұрақты дамуының кепілі» деген мызғымастай болған парадигмаға «демократияның үлгісі» болып келген америкалық қоғам күмәнмен қарай бастағаны. Екінші, бұрыннан америкалық саясат пен мемлекеттік билікпен біте-қайнасып кеткен ірі бизнестің «қауіпті олигархия» деп бағалануы. 

Әл-ауқаты жоғары, заң үстемдік құратын әділетті қоғам құруда әр мемлекеттің өзіндік жолы бар екенін Шығыс әлемі ұдайы айтып келеді.

Ал сол жолды – мемлекет құрушы ұлттың ғасырларға созылған тарихы, жинаған өмір тәжірибесі, мәдениеті мен рухани бай әлемі анықтайтынын Шығыс өркениеті бұрыннан білсе, Батыс қоғамы осы қағиданы енді ғана мойындай бастады. Бүгінгі ғаламдық даму тенденциялары тарихтағы жеке тұлғаның орнын асыра бағалаудың қате екенін, тарихты жеке адам емес, тарихты ұлттың жүздеген, мыңдаған жылдар бойы жинаған пассионарлық энергиясы жасайтынын анық көрсетіп берді.

Америка қоғамы осыны түсіне бастаған сияқты. Бұны АҚШ-тың 46-президенті Байденнің қоштасу сөзінен де байқауға болады. Қазақ қоғамы да өмірді объективті бағалау арқылы өзіне қажетті даму траекториясын дұрыс табатынына сенеміз. Бұған ғалымдарымыздың әлеуеті толық жетеді деп ойлаймыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.