Apple компаниясына дейін Ә.Қопабаев халықаралық консалтингтік және IT компанияларда қызмет атқарған.
29 жастағы қазақ жігіті Apple компаниясының басшылық қызметіне тағайындалды
Фото: inbusiness.kz
1,765
оқылды

29 жастағы ақтөбелік Әділхан Қопабаев әйгілі Apple компаниясының Орталық Азия мен Армения аймағындағы қызметін қадағалау бойынша басшылық қызметке тағайындалды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осылайша, Әділхан Қопабаев Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалған тұңғыш қазақ атанды.

Бұл қуанышты жаңалықты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Отандасымыз, digital nomad Әділхан Қопабаев Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалғанын хабарлауға қуаныштымын. Енді Әділхан Орталық Азия және Армения аймағын қадағалайтын болады. Бұл жаңа кезең оған көптеген жетістіктер мен кәсіби өсу әкелсін,  деп жазды министр.

Әділхан Қопабаев 2017 жылы Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар институтын (UNIST) «қала инженері және технологиялық менеджмент» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. Ол  UNIST Global Uni-Star атты беделді стипендияның иегері.

2021 жылы АҚШ-тың Провиденс қаласындағы Браун университетінде мемлекеттік басқару магистратурасын аяқтап, Рокфеллер қорының стипендиясына ие болды.

Apple компаниясына дейін Ә.Қопабаев халықаралық консалтингтік және IT компанияларда қызмет атқарған. 2023 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігіне қарасты «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығын» басқарды және Қазақстанның мұнай-газ саласының «Жағдайлық-талдау орталығы» басқармасының төрағасы болды.

2024 жылы Әділхан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты кеңесінің құрамына енді.