Балалар үйінің тәрбиеленушісі Владислав Горизанов өзінің туған тілі – орыс тілінде акцентпен сөйлеп, қазақша ойланатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Azattyq Rýhy Youtube арнасына берген сұхбатында туған тілінде акцентпен сөйлейтінін айтты.
«Мен көркем әдеби сыныпта қазақ тілін тәмамдадым. Менің ойлау қабілетім автоматты түрде қазақшаға ауысты. Өз туған тілімде акцентпен сөйлеймін. Мен одан ұялмаймын. Қазақстанда тұрып қазақша білмейтін адамдар ұялсын», – деді ол.
Владислав Горизанов бастапқыда орыс тілінде білім алған.
«Кейін олимпиадаларда жеңімпаз атанып жүріп, бір жеңістен кейін маған қазақша мектепке ауысу жайлы ұсыныс түсті. Мен ойланбастан келістім. Ол кезде үй тапсырмасын орындау қиынға соға ма, жоқ па ойланбадым. Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы 4-мектеп гимназиясына ауысып, көркем әдебиет сыныбында білім алдым. Яғни, ол жерде ауызекі қазақ тілі емес, көркем әдеби қазақ тілі болды. Қазірдің өзінде оны адамдар өте сирек пайдаланады», – деді Горизанов.