Заманауи нысан ауыл тұрғындары мен кәсіби спортшыларға түрлі спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік береді. Жоба өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне ауыл тұрғындарынан бөлек, аудан әкімі, партия өкілдері, ардагер спортшылар және құрметті қонақтар қатысты. Бұл орталықтың ашылуын қарасайлықтар көптен бері асыға күткен еді. Жаңа нысанның іске қосылуы ауылдың әлеуметтік және спорттық өміріне үлкен серпін бермек. Алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген аудан әкімі Бегзат Болатбеков жаңа кешеннің маңыздылығын атап өтіп, оның болашақта тек аудан емес, бүкіл ел абыройын асқақтатар спортшыларды тәрбиелейтініне сенім білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында денешынықтыру мен спортты дамытуға ерекше мән берілетінін айрықша атап өткен болатын. Осы бағытта ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі ашылып отырған спорттық-сауықтыру кешені де осы игі істердің жемісі. Спорт кешені ауылымыздағы көптеген жарыстар мен жаттығулардың орталығына айналатынына сенемін», – деді Бегзат Болатбеков.
Жаңа кешен екі негізгі бөліктен тұрады. Бірінші қабатта футбол манежі, спортзал және ауыр атлетикаға арналған зал орналасқан. Екінші қабатта бокс және күрес залдары бар. Сондай-ақ кешенде киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, жаттықтырушылардың кабинеттері және медициналық көмек көрсету орындары қарастырылған.
«Бұл ауыл балаларына спортпен айналысу үшін керемет мүмкіндік береді. Сонымен қатар көрші ауылдың балалары да осы кешенге келіп, өз денсаулығын нығайта алады. Мұнда түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Мұндай бастама ауылдың спорттық өмірін жандандырып, жас буынның денсаулығын жақсартуға зор үлес қосады», – деді ауыл тұрғыны Азамат Бекбосынов.
Айта кету керек, Жамбыл облысында былтыр «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 5 спорт кешені мен 103 спорт алаңы ел игілігіне тапсырылды. Сонымен қатар 34 спорт секциясы ашылды. Ал биыл бес спорт нысанының құрылысы басталып, 27 спорт секциясы мен 4 балалар мен жасөспірімдер денешынықтыру клубы ашылмақ.
Ә.САМАТҰЛЫ