AIQYN газеті биылдан бастап «Мәжіліс мінбері» айдарын назарларыңызға ұсынғалы отыр.
Жемқорлықты қоғамдық сана арқылы жеңу нәтижелірек
166
оқылды

Мұнда біз Мәжіліс депуттаттарымен бірде сұхбат, бірде авторлық материал, бірде талдау түрінде заң жобаларын, депутаттық сауалдарды немесе сол кезеңдегі қоғамдық маңызды тақырыптарды екшеп береміз. Бүгін біз Мәжілісте қаралған заң жобаларының бірі – жемқорлық мәселесі туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарымнан сұраған едік.

Революциялық өзгерістер қабылданып жатыр

Соңғы өткен Жалпы отырыс­тың күн тәртібінде көңіліміз құла­ған бір мәселе «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бой­ынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» және «Қазақ­стан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» қос заң жобасы бол­ды. Бұл туралы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов баяндама жасады. Айтуынша, заң жобалары 3 кодекс (Қылмыстық кодекс, Қылмыс­тық-процестік кодекс, Еңбек кодексі) пен 5 заңға түзетулер және Әкім­шілік құқық бұзушы­лық туралы кодекске өзгерістер енгізбек.

Соның ішінде бір-екеуіне қыс­­қаша тоқтала кетсек. Ең басты жаңалық – көптен бері айтылып келгендей, заң қабылданғаннан кейін сыбайлас жемқорлардың тізімі жария болатыны. Профил­ак­тикалық құрал ретінде қолға алынғалы отырған бұл қадамның басты мақсаты – қоғам тарапынан мін тағу арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік сезімін қалып­тастыру. Келесі бір жаңа­шыл­дық – сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауап­кер­шілігін күшейту. Қазір ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша заңды тұл­ғалардың шенеуніктерге сый­ақы бергені үшін 750 айлық есеп­тік көрсеткіш айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарас­тырылған. Заң қабылданғаннан кейін бұл көрсеткіш Қылмыстық кодекстегідей 30-дан 60 еселен­генге дейін көбеймек. Сонда сый­а­қы көлеміне қарай айыппұл мөл­шері бұрынғы 2 миллион 949 000 теңгеден бастап 2 триллион 359 миллион 200 000 теңгеге дейін көтерілмек.

«Бұл шаралардың барлығын біз тек қазір ғана қабылданып жат­­қан дүние деп есептемеуіміз керек. Бұл мемлекетте жасалып жатқан негізгі үлкен жұмыстар­дың бір бөлігі ғана. Мәселен, дек­лара­ция тапсыру, заңсыз ак­тив­терді қайтару, ФАТФ ұйымы­на, басқа да халықаралық ұйым­дарға мүше­лік – бұлардың бар­лығы біздің VIII шақырылым­ның соңына дей­ін тиянағын табуы тиіс дүние­лер. Ал бүгінгі заң жобасының ішінен мен көп өзгерістерді баса атап өткім келеді. Соның ішінде пара беруге ниеттенуді кримин­али­зациялау, мүдделер қақтығысы мен дек­лара­циясы және тағы бас­қалар. Бұлар Қазақстан үшін рево­лю­циялық норма деп айтуға болды. Әлем, Еуропа елдеріндегі осын­дай өзгерістер біздің Қыл­мыс­тық кодекстің де концепция­сына еніп отырған жаңашылдық­тар. Бұл – жаңа құқықтық мә­­ден­иетті, жаңа жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін аса қажетті дүние. Бұл тәсіл Үкіметтің қоры­тындысынан да қолдау тауып бізге келіп отыр»,  – дейді қосым­ша баяндамашы, осы заң жоба­ларын қараған жұмыс тобының мүшесі, Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік комит­етінің хатшысы, Мәжіліс депут­аты Айдос Сарым.

Ниетің үшін де айыптысың

Әрине, жемқорлық – қоғам­ның қай тобын болмасын бейжай қалдырмайтын құбылыс. Сон­дықтан аталған заң жобаларын даярлау барысы үлкен текетірес­пен, мықты тайталаспен өткен болар деген ой келген. Өйткені заң жобаларын жан-жақты қарау мақсатында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің ұйғарымымен жұмыс тобы құрылып, оның құрамына барлық мемлекеттік органдар­дың, кәсіп­керлік және ғылыми қоғамдас­тықтың, коммерциялық емес және құқық қорғау ұйым­дарының өкілдері енген. Заң жоба­ларының таныстырыл­ым­дары өтіп, жұмыс тобының 20-дан астам отырысы өткізілген. Бұдан бөлек, жеке­леген нормалар бойынша сарап­шылар­мен кон­сультациялар жүр­гізілген. Мәжіл­істің жанын­дағы Қоғамдық пала­таның отыр­ыс­ында бөлек те қаралған, әр бағыт бойынша жа­бық сипатта, үлкенді-кішілі қос­ым­ша семинар­лар өт­кізілген. Тұ­тастай алғанда, қарал­ып отыр­ған заң жобалары бой­ын­­ша тұ­жыр­­ымдамалық және редакция­лық сипаттағы 90-нан астам түзе­тулер мен ұсыныстар келіп түскен екен.

«Заң жобаларын дайындау барысында қиындықтардан бұр­ын түсініспеушіліктер болды. Өйт­кені жұмыс тобы құжатта пара беру­ге ниет етудің өзін қылмысқа жат­қызуды ұсынған еді. Талқы­лаулар кезінде көп депутат «бұл заң қарапайым азаматтарға қарсы тоқпаққа айналып кетпей ме?» деген алаңдаушылық білдірді. Мәселен, бір әріптесіміз: «Айна­лайын, құлың боп өтейін, мына мәселемді шешіп берші! Жақсы­лығың қайтады ғой, бірдеңе қыл­ам ғой» деп біреу айтып қалуы мүмкін, ешқандай ақша бермей, ауызша өтініш жасаса да оны күдікті ретінде жауапқа тарту ке­рек пе?» деп сұрады. «Бұл жерде ниет бар ма, жоқ па? Оны қалай анықтаймыз?» деген сауал қойды. Міне, бұл мәселені біз әзірге басы ашық қалдырдық, әлі де болса талқылаудамыз», – дейді ол.

Депутат: «мысалы, банк тонаушы­лар бірден баса-көктеп кіріп барып, банк тонамайды ғой. Ол оның сызбасын, картасын, ақша­лар қайда жатқанын, кассаның, сейфтердің орналасуы, қызмет­керлердің келіп-кететін уақытын, күзетшілердің ауысымын зерттей­ді ғой. Міне, осы дайындықтың өзі ниетке, қылмысқа жатады» деп уәж айтады.

«Сондықтан болашақта біздің Қазақстанда пара ұсынуға талап ету әрекеттері пара берумен бір­дей қылмысқа жататын болады. Бәл­кім, жазасы жеңіл болу керек шы­ғар, біз оны талқылап жатыр­мыз, екінші оқылымға дейін пыс­ық­­таймыз немесе екіге бөлеміз. Бас­тапқыда Қылмыстық кодекске параға келісім бергені, пара сұра­ғаны және талап еткені үшін жаңа 366-1-бапты енгізу, сондай-ақ па­раны уәде еткені және ұсынға­ны үшін жаңа 367-1-бапты енгізу ұсынылған болатын. Олар қыл­мыс­­тық теріс қылықтарға және ауырлығы төмен қылмыстарға жат­қызылуы туралы мәселе қой­ыл­ды. Ұзақ пысықтау процесінде және халықаралық озық тәжіри­бені ескере отырып, жұмыс тобы параны талап етуді, уәде етуді және ұсынуды жаңа қылмысқа жатқызу қажет деген қорытын­ды­ға келді және оларды тиісінше Қыл­­мыстық кодекстің 366-ба­бын­да (пара беру) және 367-ба­бын­да (пара алу) көзделген қыл­мыстар құрамында қарастыру керек деп ұйғарды. Енді баяғыдай сенің қалтаңа келіп конверттің түскені шарт емес, біреуге «маған осынша ақша әкеліп бер» деп SMS немесе қағаздың шетіне жаз­ып берген болсаңыз, сол айғақ болып сана­ла­ды да, ол әрекет қыл­мысқа жатады», – дейді депут­ат.

Оның айтуынша, құқықтық жүйеде «аяқталған қылмыс» және «аяқталмаған қылмыс» деген ұғым бар екен. Егер пара алып тұрып зат­тай айғақтармен құзірет­ті ор­гандарға ұсталсаң, ол – аяқ­талған қылмыс. Ал сол параны алуға дай­ын­далып, жоспар құрған кезде, түрлі схемаларды ойлас­тырған кезде, әшкере болып қал­ып ұс­талсаңыз, ол да қылмыс емес пе? Сондықтан да қалай бол­ғанда да ниеттің өзі қылмыс категориясына жатқызылуы керек.

Мүдделер қақтығысы  – қылмыстық бап 

Қазіргі уақытта мүдделер қақ­тығысын анықтау мен реттеуді рег­ламенттеуге, жеке мүдделерді декларациялауға, сондай-ақ сы­байлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің тәуелсіз­дігін қамтамасыз етуді регламент­теуге байланысты заң жобасының норма­ларын пысықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Оның талаптары бойынша бір мемлекеттік сатып алу немесе тендер бойынша топта бұрын бірге қызметтес болған немесе туыстық қатынасы бар тұлғалар болатын болса, олар бірден дек­ларация жасап, мұндағы жұмыс­тарға қа­тысудан бас тартуға тиіс. Болмаған жағдайда мәміле жасал­ып, жоба жүзеге асып кет­кеннен кейін де ол сот шешімімен бұзыл­уы мүмкін. Жұмыс тобы мұндағы «ескіру мерзімі» 1 жыл болса, соны 3 жыл­ға дейін созуды ұсы­нып отыр. Бұ­лардың барлығы ал­да­ғы уақыт ен­шісіндегі шар­уалар.

«Екінші оқылымға дайындық басталып кетті. Бізде «мүдделер қақ­тығысы» дейтін үлкен тарау бар. Соны Үкіметтің қарауына жібердік. Содан жауап күтіп отырмыз. Сол келген бойдан, егер дұрыс деп бекітетін болса, онда заң жобаларын екінші оқылымға қабылдаймыз. Менің жобалауым бойынша, наурыз айына дейін қабылданып қалуы мүмкін. Одан кейін ол Сенатқа, одан соң Пре­зи­дентке кетеді, сонда биыл жыл ортасында бұл жаңашылдықтар күшіне еніп қалуы мүмкін. Өйт­кені өзгерістер мен түзетулердің ішінде жекеменшік компаниялар бар, квазимемлекеттік сектор бар, солардың барлығын қамтитын дүние болғаннан кейін ұзақтау уақыт керек болады. Бұған қоса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланыс­ты ілеспе заң жобасын да пысық­тап жатырмыз. Ал мемлекеттік органдарға, мемлекеттік қызмет­ке қатысты тұстардың барлығын басын ашып, талқылап, бірінші оқылымда өткізіп алдық», – дейді Айдос Сарым.

Тұрмыстық жемқорлық назардан тыс қалмауға тиіс  

Мәжіліс депутаты жемқор­лықты заңнан бұрын қоғамдық сана арқылы жеңу әлдеқайда нәти­желірек екенін айтады. Өйткені жазаны қатаңдатқаннан мәселе шешіле қалмайды. Аза­маттар өздері белсенділік таны­тып, жемқорлыққа қарсы күреске азаматтық борыш ретінде қарап, осындағы құқықбұзу­шы­лықтар мен қылмыстарды анық­тауға қатысуы керек. Мәселен, қазір елімізде Anticor-Volonter деген қозғалыс бар. Әр өңірде мем­лекеттік сатып алу сайтына кіріп, онда шектен тыс белгіленген бағаларды анықтап, тиісті орган­дарға хабарлап отыратын қара­пай­ым азаматтар бар. Бұл өте дұрыс! Қоғам ортақ – жауапкер­шілік ор­тақ. Осы сияқты қазақ­стандық­тардың өздері де осындай санат­тағы қылмысқа саналы түрде бармауы керек.

«Бұл құжаттың жалпы идео­логиясы былай болды. Мәселен, Қазақстанда жемқорлықты шен­еу­нік­тердің жасаған қылмысы деп қарайды. Сонда жеке секторда жасалатын осындай қылмыстар қайда қалады? Солардың барлығы осы заң жобаларында қамтылуы керек деген мақсат тұрды. Айта­лық, «тұрмыстық коррупция» деген ұғым бар. Қарапайым аза­мат­тардың дәрігерге, мұғалімге, тәртіп сақшыларына, банк менед­ж­еріне, тағы да басқаға шаруасын шешу үшін немесе шешкені үшін беретін сый-құрметі. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Кеше Агент­тік Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов та өз баяндама­сын­да айтып кетті. 2023 жылы Сы­байлас жемқорлыққа қар­сы қыз­меттің call-орталығына 27 мыңнан астам қоңырау түскен екен. Оның 2 мыңға жуығы – eGov мәселелері мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қыз­мет­­керлері­не шағымдар, 1,5 мың өтініш медициналық қызмет көр­сету, 940 қоңырау – білім беру сала­сындағы шағымдар. Сондық­тан да жем­қорлықпен күресті әркім өзінен бастау керек», – дейді ол.

Нұрлан ҚОСАЙ