Кванттық есептеулер саласындағы жаңа зерттеулер бұл технологияны кез келген пайдаланушы үшін қолжетімді ете алады. Зерттеушілердің айтуынша, биылғы басты технологиялық тренд – кванттық криптография. Бұл кванттық физика принциптеріне негізделген коммуникацияларды қорғау әдісі.
Энергияны тимді есептейтін жабдық жасамақ
Оксфорд университетінің ғалымдары жасаған жаңалықтың арқасында миллиондаған адамдар мен компаниялар жақын арада кванттық есептеулердің барлық күшін қауіпсіз пайдалана алады. Ғалымдар көзсіз кванттық есептеулер әдісін енгізуде, бұл әдіс екі жеке кванттық есептеу құрылғысын (мысалы, үйде немесе кеңсесінде отырған адам мен бұлтты серверді) қауіпсіз қосуға мүмкіндік береді. Мұндай есептеулерді пайдалану арқылы тұтынушылар құпия деректерді өңдеу үшін қашықтағы кванттық компьютерлерге қол жеткізеді, ал жеке мәліметтер қорғауда болады.
Жасанды интеллект сияқты технологиялардың дамуы энергияны көп тұтынуға «мәжбүрлеп» жатыр, бұл қоршаған ортаға көмірқышқыл газының шығарындыларын көбейтуде. Зерттеушілер осы себептен энергияны тиімді есептеу технологияларын да биылғы тренд болады деп сенеді. Gartner компаниясы алдағы 5-10 жылда нейроморфты және кванттық есептеулер негізінде энергияны тиімді есептейтін жабдық жасау мүмкін болатынын айтады.
Биыл сондай-ақ көпфункционалды роботтар, биотехнологиялық жетістіктер мен гибридті есептеулер жаңалық жасауын жалғастыра бермек. Бүгінде өнеркәсіптік компанияларда шамамен төрт миллион көпқызметті робот жұмыс істейді. Олар тапсырысты жинау, орау және тауарды қойма ішінде тасымалдау жұмысын сәтті атқаруда. Бұл адамның жарақат алу қаупін азайтып, оларды маңыздырақ міндеттерге босатады. Ал Dilectus сияқты қойма роботының прототипі бір ғана тапсырманы орындап қана қоймай, тұтас циклды автономды түрде жүзеге асыра алады. Physical Intelligence компаниясының роботы көптеген тұрмыстық тапсырманы орындауды үйреніп алған: ол киімдерді кептіріп, бүктейді, үстелдің үстін жинап, қоқыстарды сорттап береді. Сондай-ақ CRISPR әдісімен гендерді өңдеу сияқты биотехнологиялық жетістіктер көбірек қолданыс табады. Зерттеушілер бұлшықет дистрофиясы, муковисцидоз, серповидті жасушалық анемия сияқты генетикалық ауруларды емдеудің жаңа мүмкіндіктері жайлы көп айтып жүр. Сонымен қатар қатерлі ісікті емдеудің жаңа әдістері пайда болуы мүмкін, оның жанама әсері төмен болмақ. Мәселен, шведтік стартап DeepTrait жасанды интеллектіні аурулардың генетикалық маркерлерін анықтау үшін пайдаланады. Нейрондық желілер деректерді талдап, патология белгілерінің генетикалық механизмдерін түсінуге көмектеседі. Осыған ұқсас стартаптар өсімдіктер мен жануарларды сұрыптау, жаңа дәрі-дәрмек әзірлеу және диагностика салаларында қолданылмақ.
Гаджеттер көшбасшысы – AR технологиясы
Технологиялық прогресс жалпы ғаламның бетбұрысын айқындап қана қоймай, биыл жеке адамның өмір сүруін жеңілдететін түрлі жаңалық жасайды. Техносарапшылар биылғы трендтің үштігін, бестігін, ондығын болжап әлек. Apple, Samsung, Хіomi компаниялары биыл ұсынатын ақылды гаджеттері көбіне көп қолданыстағысын әбден жетілдірген. Биылғы трендтегі гаджеттердің көшбасшысы – AR технологиясы бар ақылды көзілдіріктер.
Бүгінде мұндай құрылғылар нарықта бар, бірақ 2025 жылы қарай олар айтарлықтай жақсарады. AR көзілдіріктері пайдаланушыға виртуалды объектілерді шынайы әлемге енгізуге және смартфон немесе планшет экранына қарамай-ақ ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл көзілдіріктердің дизайны жеңіл әрі стильді болып, функционалдығы артатын болады. AR технологиялары навигация, медицина, білім беру және ойын-сауық сынды өмірдің әртүрлі салаларында кеңінен қолданыла бастайды. Мысалы, ғалымдар мен инженерлер AR көмегімен виртуалды модельдер жасай алады, ал саяхатшылар әлемнің көрнекті жерлерін шынайы уақыт режимінде таба алады. 2025 жылдың үшінші маусымында Samsung Smart Glasses ақылды көзілдірігі 500 данамен сатылымға шығады. Салмағы 50 грамм болатын құрылғы Qualcomm AR1 чипсетін алады, ал батареясының сыйымдылығы 155 мАч болмақ. Гаджет Sony IMX681 12 МП камерасымен жабдықталады әрі Gemini-дің жасанды интеллект боты қолдау көрсететін болады. Сонымен қатар Apple Vision Pro 2 көзілдірігі сатыла бастады. Сарапшылар бұл құрылғының бірінші нұсқасын айтарлықтай сәтті шықпады десе де компания өкілдері биылғы жаңалығын заман сұранысына сай деп жариялады.
Сондай-ақ биыл иілгіш және бүктелетін экраны бар гаджеттер тартымдылығын жоғалтпайды. Қазір иілгіш экрандары бар гаджеттер, оның ішінде смартфондар, планшеттер және тіпті теледидарлар пайда бола бастады, бірақ болашақта олардың мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейеді. Иілгіш экрандар құрылғылардың пішінін және өлшемін өзгертіп, пайдаланушының қажеттілігіне бейімделуіне мүмкіндік береді. Бұл игілікті алғаш Samsung ұсынған еді. Аталмыш компания биыл тағы бір төңкеріс жасамақ, ол – Samsung Rollable Phone. NotebookCheck сайтының мәліметінше, Samsung компаниясы 2025 жылы 12,4 дюймдік экранға ие және дисплейі бұралатын смартфон шығаруды жоспарлап отыр. Камералары (бәлкім бір камера) экранның астында орналасатын болады. Егер бұл ақпарат шындыққа сай болса, бұралатын экранды Samsung смартфоны тұтынушылық нарыққа шығатын алғашқы құрылғы болады.
2025 жылы денсаулыққа көңіл бөлу басты басымдықтардың біріне айналады, ал киілетін құрылғылар осы бағытта маңызды рөл атқарады. Қазір жүрек соғысын, белсенділікті және ұйқы сапасын бақылайтын смарт сағаттар мен білезіктер бар, ал болашақта мұндай құрылғылар әлдеқайда жетілдіріліп, көп параметрлерді бақылауға мүмкіндік береді. Биылғы құрылғылар стресстің деңгейін, ми белсенділігін немесе тіпті қанның химиялық құрамы сияқты күрделі көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл құрылғылар пайдаланушының денсаулығына қауіп төнген жағдайда ескерту жасап, медициналық жүйелерге хабар беріп, дұрыс диагностика жасауға көмектеседі. Бұл орайда сарапшылар Samsung Galaxy Ring 2 сақинасына оң баға беріп отыр.
Биыл жасанды интеллект септесетін құрылғылар күнделікті өмірімізге әлдеқайда тереңірек енеді. Қазірдің өзінде ЖИ көмегімен жұмыс істейтін ақылды дауыс күшейткіштер мен смартфондар бар, бірақ болашақта олар дамып, жеке көмекшілерге айналады. ЖИ-көмекшілер тек дауыс пәрмендеріне жауап беріп қоймай, пайдаланушының әдеттеріне қарап, оның қажеттіліктерін болжай алатын болады. Сондай-ақ 2025 жылы ақылды үй технологиялары айтарлықтай дамып, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады. Мысалы, жылыту жүйесі үйде кім бар екенін анықтап, температураны автоматты түрде реттейді, ал жарықтандыру жүйесі күннің уақыты мен тұрғындардың көңіл-күйіне қарай жарық пен түсті өзгерте алады. Ақылды үйлер жасанды интеллектпен біріктіріліп, тұрғындардың мінез-құлқын талдай отырып, олардың әдеттеріне бейімделіп, өмір сүру жайлылығын арттырады.
Асыл ТҰМАР