Әсіресе, қыстың көзі қырауда қарлы боран, сондай-ақ көктайғақ мұз кезінде соғылып жатқан көліктерден көз сүрінеді. Мұндай кезде күрежолдардың өзі жабылып, қауіпсіздік шарасын барлық шұғыл қызмет түрі ескертіп жатса да, елең қылмайтындардың салдарынан мыңдаған көліктің кептелісте қалатыны да қалыпты жағдайға айналған. Қалың қардың құрсауында қалғандар құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың көмегіне де жиі жүгініп жатады.
Ақмола облысында да жыл басында ірі жол апаттары болуы үйреншікті құбылысқа айналғандай. Полиция мен төтенше жағдай қызметінің ескертулеріне қарамастан жүргізушілердің жауапкершілігі мен мәдениеті төмендеп бара ма деген қауіп басым. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар жол қауіпсіздігіне ықпал ететін бұл факторлардың автокөлік жүргізушілердің көпшілігінің қаперіне де кірмейтініне қынжылыстарын жасырмайды. Полиция әсіресе жол сапасы жақсы ақылы жолдарда жол апаттарының негізінен жылдамдық режимін сақтамаудың салдарынан болатынын жеткізді. Естеріңізге салсақ, 3 қаңтарда өңірде аса ірі жол апаты болды. Полиция 95 көлік соқтығысқан Астана–Петропавл тасжолындағы ірі жол апатына байланысты Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
– Осы жылдың үшінші қаңтарында Астана–Петропавл тасжолының Жаңаталап ауылының жанында 95 автокөлік соқтығысқан аса ірі жол апаты жүргізушілердің арақашықтықты және жылдамдық режимін сақтамауының салдарынан болды. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-тармағы «Жол қозғалысы қатысушыларымен абайсызда жол ережесінің бұзылуынан денсаулыққа орташа залал келтіру» және Қылмыстық кодекстің 353-бабының 1-тармағы «Көліктегі жол ережелерінің бұзылуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тергеу шеңберінде жол-көлік оқиғасының барлық себеп-салдары анықталатын болды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр, – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Жаппай көліктер соқтығысқан бұл апатта жиырмаға тарта адам түрлі деңгейдегі жарақат алып зардап шеккен. Апат орнында жұмыс істеген төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар зардап шеккендерді эвакуациялап, Алтынды ауылының орта мектебі мен Жаңаталап бастауыш мектебіне жылытуға жеткізді.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар Қоғам және Макинка орта мектептерінде ыстық тамақпен қамтамасыз етті.
Облыстық Полиция департаменті тек жыл басынан бері ғана тәртіп сақшыларының 4 мыңнан астам көлікті діттеген жерге бірге алып жүргенін жеткізді.
«Екі тәулік бойы жолда үзіліссіз жұмыс істедік. Әріптестер бір-бірін алмастырып отырды. Бірақ әрине аса ауыр. Әсіресе, қарлы боран кезінде қиын. Колоннаны алып жүрген кезде көліктердің бағытын бақылап, колоннаның аман-сау жетуін қадағалау қажет болады. Мұндай жылдамдық кезінде әр сәт шешуші болмақ, – дейді полиция полковнигі Асан Байқанов.
Әрине, құзырлы жергілікті атқарушы органдар мен полицияның және төтенше жағдайлар қызметінің апатқа ұшырап жапа шеккен жандарға жасалған мұндай көмегінің маңызы зор болғанымен, жол апаттарының осылай жиілеуіне кінәлілердің жазасыз қалуы әлі талай «құрбандықтың» болатынын көрсететіні ащы да болса шындық.
Желілерде тұрғындар жол апаттарының басты себептерінің бірі ретінде сапасы жақсы ақылы автобан жолдардың өзінде қызмет көрсетудің төмендігі мен талапқа сай келмейтінін сын садағына алды. Олардың айтуынша, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жолдардың тазалығын қадағаламаудың салдарынан да ірі жол апаттары жиі болады. Желідегі жұртшылық жол апаттары жолдағы жалтыраған көктайғақ мұз мен қалың қардың уақытылы тазаланбауының салдарынан жиі болатынын айтып шырылдайды. Олар, әсіресе ақылы жолдардың өзінде оның талапқа сай болмай, қар аршылмай, көктайғақ мұзға құм да себілмей қалатынын айтады.
«Жолды уақытында тазалау керек. Оның үстіне, жол апаттары ақылы жолдарда болып жатыр. Көбірек техника мен қызметкерлер тартып, жылытулар жасау керек. Автокөліктерін несиеге алған қарапайым адамдар қайтеді? Меніңше, апаттар «Қазавтожолдың» кінәсінен болғандықтан толығымен шығындарды өтеуге тиіс», «Басқа елдерде мұндай ауа райында жолдарды жаппай керісінше тазалап, құм мен ұсақ тас төсейді. Ал бізде жел соқса болды ештеңе істеместен жолды жаба салады. Сонда біз не үшін төлейміз?», «80 пайыз жол тазалау қызметі кінәлі. Жолға мүлде ұсақ тас төгілмеген. Қары аршылмаған тұстар көп болды», – деп жазды ашынған тұрғындар.
Дегенмен «Қазавтожол» компаниясының айтар өз уәжі бар. Біз құзырлы органға арнайы хат жолдап, ресми жауабын алдық. Жолға қызмет көрсетуді мойнына алған компания ірі жол апатына өздерін кінәлі санамайтындықтарын ашық жеткізді әрі жол-көлік оқиғаларына жүргізушілердің өздері кінәлі екенін мәлімдеді.
– Осы жылдың үшінші қаңтарында Астана–Щучинск ақылы тасжолының 214 шақырымында ауа райының нашарлауынан көлік түрлерінің барлық түрінің қозғалысына шектеу енгізілген. Бұл жолда тек Жаңаталап кентінің маңында ауа райы қолайсыз болғанын атап өткен жөн. Шектеу енгізу Ақмола облысы Полиция департаментімен келісілді. Күндізгі 12-де ауа райы жақсарып, жолдағы қар тазартылғаннан кейін шектеулер алынып тасталған. Көліктер жол полициясының сүйемелдеуімен жүрсе де жылдамдық режимін сақтамай, салдарынан 13:15-те 95 автокөлік соқтығысқан ірі жол апаты болды. Жол апатынан 10 минут бұрын ғана екі бірдей арнайы техника көктайғаққа қарсы материалдары шашқан. Мұны Елтай кентінің жанындағы 143 шақырымындағы камералар түсірген бейнелер де растайды, – деді «Қазавтожол» ұлттық компаниясынан.
Ұлтық компания жолдардың ақылы не ақылы еместігіне қарамастан жыл бойы күту жұмыстары жүргізілетінін алға тартады. Сондай-ақ жол тазалау техникасының да жеткіліктілігін жеткізді. Алайда компания техникаларға отыратын механизатор мамандарының тапшылығын растады.
– Жол тазалайтын арнайы техника жеткілікті. Жетпеген жерлерге техника жалға алынып толықтырылған. Бұдан басқа жыл сайын мамандандырылған техника паркін жаңарту жүргізілуде. 2023 жылдан бастап «Өнеркәсіпті дамыту қоры» шеңберінде 245 арнайы техника сатып алынып толықтай жұмыс істеп жүр. Ақылы жолдарда арнайы техника толық жеткілікті. Алайда арнайы техникаға мінетін механизатор кадрлардың тапшылығын атап өткен жөн. Биылғы қыс мезгіліне көктайғаққа қарсы материалдар толық дайындалған және уақтылы себіледі. Қатты желдің болуына байланысты көктайғаққа қарсы материалдар тиісті нәтиже бермейтін жағдайлар да болады. Жолдарды жабу қолайсыз ауа райы кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында жүргізіледі. Автожолдардың ашылуы мен жабылуы туралы ақпарат Қоғамның ресми интернет-ресурсында, Telegram-арнада, Sapar мобильді қосымшасында уақтылы жарияланады, сондай-ақ колл-орталық арқылы 1403 нөмірі бойынша беріледі. Бұдан басқа жұмыс тиімділігін және облыстық филиалдардың өзара іс-қимылын арттыру мақсатында жол қызметтерінің күштері мен құралдарын жедел басқару және жол жағдайының күрделі кезінде өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар министрлігі жанында диспетчерлік қызмет құрылды. Бұл жол пайдаланушыларынан келіп түскен шағымдар мен ұсыныстарды Жол пайдалану учаскелерінің жауапты кезекшілерімен және облыстық филиалдардың операторларымен бірлесіп жедел пысықтауға көмектеседі, –делінген «Қазавтожол» ұлттық компаниясының ресми жауабында.
P.S.
Қалай десек те, қара жолдың бойында жан түршіктіретін апаттардың, әсіресе жаппай көліктер соқтығысқан ірі жол апаттарының алдын алатын амалдың табылмай жатқаны өкінішті. Бұл орайда жол үстіндегі қауіпсіздіктің ең бірінші кезекте әр адамның өз қолында екені де даусыз. Дегенмен құзырлы органдар да, жолаушылар мен жүргізушілер де тұтас қауымға ежелден таныс қарапайым қағидалар мен жауапкершілік жүгін қаперінен шығармаса ажалына асыққандар да азаяр ма еді деген ой келеді...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы