«Келешек» – Қазақстан балаларына мемлекеттік білім беру гранттарын (мемлекеттік грант) бөлумен қатар, олар 18 жасқа толғанға дейін қаржылық ресурстарды тұрақты түрде жинақтауды қолдауға арналған мемлекеттің қосымша тетігі.
«Келешекке» қаржы жинағандарға жеңілдік жасалады
405
оқылды

Сәтбаев университеті – Мемлекет басшысының «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі бастамасын қолдап, осы бағдарламаға қатысушыларға елеулі жеңілдіктер беріп отырған еліміздегі алғашқы жоғары оқу орны. «Қаржы орталығы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Асқар Ізімбайұлы бұл бастама туралы айтып берді.

– Осы меморандумға қол қою арқылы біз жастардың білім алуы мен дамуына қолайлы орта қалыптастыру жолында алға қарай тағы да бір қадам жасап отырмыз. Жоғары білім алу – келешек мамандыққа деген жол ғана емес, сондай-ақ әрбір адам өз бойындағы әлеуеті мен қабілетін іске асыруына, сөйтіп еліміздің дамуына өз үлесін қосуға деген тамаша мүмкіндік, - деді ол.

Биылғы 20 қаңтарда Сәтбаев университеті мен мемлекеттік білім беруге жинақтау жүйесі саласының операторы – «Қаржы орталығы» АҚ арасында жасалған меморандумға қол қою рәсімі өтті. Осы меморандум аясында университет «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысушыларға оқу ақысына 20%-дан 50%-ға дейінгі көлемде жеңілдіктер ұсынады.

Осыған орай «Келешек» жүйесіне қатысушылар, оның ішінде мынадай талапкерлер: 

Жетім немесе ата-анасының қамқорынсыз қалған талапкерлерге оқу ақысының жалпы сомасынан 50% жеңілдік беріледі;

Көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлерге 30%-ға дейін;

Тұрмыс жағдайы толық қамтылмаған отбасынан шыққан талапкерлерге 25%-ға дейінгі көлемде;

Басқа санаттағы талапкерлердің барлығына 20% көлемінде жеңілдік беріледі.

Осыған сәйкес келісімге Басқарма төрағасы – университет ректоры Мейрам Мұхаметрахымұлы мен «Қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Ізімбайұлы қол қойды.

Осылайша, мемлекеттік білім беру грантына ие бола алмаған, алайда «Келешек» бағдарламасы бойынша жалпы оқу құнының жартысын жинақтай алған талапкер Сәтбаев университетіне оқуға түскен кезде жоғарыда аталған жеңілдіктерді пайдалана алады.

– «Келешек» бағдарламасына қолдау көрсету – Мемлекет басшысының бастамасын қолдау ғана емес, бұл ең алдымен біздің негізгі мақсат-мүддемізді іске асыру болып табылады, – деді ректор Мейрам Бегентаев өз сөзінде. – Біз техникалық білім беруді сапалы және бәріне қолжетімді етіп, еліміздің өмірін жақсартатын жаңа инновациялар жасауға тырысамыз. Сондықтан да бағдарламаға қатысушылар тек қаржылық жеңілдіктер ғана емес, сонымен қатар Сәтбаев университетіндегі мықты білім беру және ғылыми қауымдастықтың бір бөлшегі болуға да мүмкіндік алады.  

Аталған ынтымақтастық келісім аясында екі жақ тараптар да дарынды студенттерге қолдау көрсете отырып, оларды қаржылық қолжетімділікпен қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмыстарды күшейтуге, сондай-ақ жаңа білім беру бастамаларын енгізуге ниет білдіріп отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді.

«Келешек» – Қазақстан балаларына мемлекеттік білім беру гранттарын (мемлекеттік грант) бөлумен қатар, олар 18 жасқа толғанға дейін қаржылық ресурстарды тұрақты түрде жинақтауды қолдауға арналған мемлекеттің қосымша тетігі. Оның мақсаты – жастардың елде және шетелде білім алу қызметтері үшін, оның ішінде жоғары білім, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім алу қызметтері үшін ақы төлеу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

«Келешек» жүйесіне қатысу үшін ата-аналар банктен депозит ашуы немесе Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МБЖЖ) мүшелері болып табылатын өмірді сақтандыру компанияларымен (ӨСК) келісімшарт жасауы тиіс. Бала 5 жасқа толған кезде мемлекет 60 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын бөледі (2025 жылы бұл көрсеткіш 235 920 теңге), ал жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге), сондай-ақ жыл сайын 5–7% көлемінде мемлекеттік сыйақы және де қатысушы банктің сыйақысы немесе өмірді сақтандыру компаниясы шартынан бөлінетін инвестициялық кіріс төленеді.

«Келешек» жүйесінің шарты – ата-аналардың 12 немесе 24 АЕК-тен кем емес мөлшерде енгізетін жыл сайынғы міндетті жарнасы болып табылады. Ал жетім балалар үшін жыл сайынғы жарна талап етілмейді.

Бұл есепшоттар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен, ал сақтандыру төлемдерінің сомасы – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен сақтандырылатын болады. Сонымен қатар бұл депозиттерге бұғаттау, тыйым салу секілді басқа да шектеулер қойылмайды.

Егер де білім алушы мемлекеттік грантқа ие болса, бұл қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға жұмсауға болады. Сонымен қатар жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға – ҚР-ның «Келешек» бағдарламасына қатысатын азаматтарына беруге болады. Сондай-ақ білім туралы құжатты ұсынған жағдайда салымшы барлық жинақталған қаражатты қатысушы банктің капиталдандырылған сыйақысымен қоса, мемлекеттен бөлінген сыйлықақылармен және бастапқы білім беру капиталымен қоса ала алады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.